Әлем • 03 Тамыз, 2022

Испанияда аптап ыстықтан 2 мыңнан астам адам қайтыс болды

200 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Карлос III денсаулық институты Испанияда ауа температурасының шамадан тыс жоғарылауынан 2176 адам көз жұмғанын хабарлады. Ресми мәліметке сәйкес, бұл - 2015 жылдан бері болған өлім-жітімнің ең жоғары көрсеткіші, деп хабарлайды Egemen.kz Euronews-ке сілтеме жасап.

Испанияда аптап ыстықтан 2 мыңнан астам адам қайтыс болды

Испанияның отбасылық және жалпы тәжірибелік дәрігерлер қоғамының өкілі Лоренцо Арментерос адамдардың басым көпшілігі жылу стресінен қайтыс болып жатқанын айтады.

«Өлім-жітімнің көбіне жылу стресі себеп болған. Ол бірден бірнеше мүшеге кері әсерін тигізіп, көптеген мүшелер қызметінің істен шығуына және соның салдарынан өлімге әкелуі мүмкін», деді Лоренцо Арментерос.

Айта кетсек, 11-17 шілде аралығындағы аптада Испания жалпы Еуропада өлім көрсеткіші ең жоғары ел болды. Зерттеушілер бұған себеп ретінде аптап ыстық, коронавирус індетінің өршуі мен марқұмдардың егде жасын атайды. Қайтыс болғандардың көпшілігі – 85 жастан асқандар.

Елдің басым бөлігінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды. Испания биыл екі рет аптап ыстықты бастан өткерді, ондағы ауа температурасы бірнеше күн қатарынан Цельсий бойынша 40 градустан асып кеткен.