Таным • 03 Тамыз, 2022

Ғабит Мүсіреповтің жазу үстелі

454 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ әдебиетінің классигі Ғ.Мүсіреповтің музей-үйіндегі жұмыс кабинетінде келушілердің назарын өзіне ерекше аударатын бір зат бар, ол – қаламгердің түрегеп тұрып жазуға арналған жазу үстелі. 1980 жылы өзінің арнайы тапсырысымен жасалған. Материалы: ағаш. Өлшемі: ұзындығы – 1 метр, ені – 54 см, биіктігі – 1,5 метр. Бұл экспонатты музейге Энгелина Ғабитқызы табыстаған.

Ғабит Мүсіреповтің жазу үстелі

Көп қаламгерлер әдетте отырып жазуға дағдыланған. Ал Ғабең  жасы ұлғайған шағында үнемі отырып жазудан шаршайтын болғандықтан, түрегеп тұрып оқуға, жазуға ыңғайлы үстел жасатқан. Төрге көрпе төсетіп, өзі етпетінен жатып алып шығармаларын жазуды жөн  көрген жазушы да болған екен. Мәселен, Д.Досжанов солай жазған деседі. Оған қарағанда, түрегеп тұрып жазу әлдеқайда қолайлы сияқты.

Ғ.Мүсіреповтің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі осы үстелдің көшірмесін жасату үшін арнайы тапсырыспен өлшемдерін сұратып алған.

Ғ.Мүсіреповтің прозадағы үлкен көркемдік белесі – «Оянған өлке», «Жат қолында» романдары болып табылады. Екі кітаптан тұратын осынау роман-эпопея­да ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бастапқы мерзіміндегі қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалы, барша тұрмыс-тіршілігі, қоғамдық жағдайы кеңінен қамтылып, жан-жақты терең суреттеледі. 1953 жылы «Оянған өлке» романы жеке кітап болып шығады. Ал романның екінші кітабы  «Жат қолында»  арада отыз бір жыл өткен соң, 1984 жылы жарық көреді. Осы романы жазушының  жұмыс бөлмесіндегі түрегеп тұрып жазуға арналған биік үстелінде  жазылған шығармаларының бірі.  Қазір музей  қорында маржандай тізілген араб әріптерімен жазылған  романның  түпнұсқасы сақталған. Соның бір-екі парағы жазу үстелінің үстінде жатыр. Музейге келушілердің: «Сонда жазушы түрегеп тұрып жазған ба? Араб әріпімен жазған ба? Бұл қай шығармасының қолжазбасы?» – деп жарыса да,  таңырқай да сұрақтарын қойып, қызығушылық білдіріп жатады. 

 

Анар КӨШЕРБАЕВА,

музей қызметкері

 

АЛМАТЫ