Өзге этнос өкілі бола тұра өмір танымы дархан қазақтың дәргейіне жығылған, өмірді қазақша танып, қазақша сүйген суреткерлер жетерлік. Соның бірі – Анатолий Мотузко. «Асуда» атты картинасы арқылы байырғы қазақтың болмысын әдептеп, көшпелі дәуірдің көркем келбетін жазған. Даланың мінезі мен бабамның тілегін бір шеңберге сыйғызып, түрлі-түсті әлемнің бір бөлшегіне айналдырған.
Қылқалам шебері аталған картинада қазақ халқының дәстүрлі өмірін бейнелейді. Жасырып-жабатыны жоқ, тарихты қайта ақтаратын болсаңыз, қазақ өмірінің негізі тірегі – көшпелі мал шаруашылығы болды. Қорасы қойға толған қоңыр халықтың алыстан ат терлетіп келген қонақтың еншісі есебінде де малды мақтаныш тұтқан. Қазанында бір асым ет табылмаса ұлтқа сын. Осыны ойлаған халқымыз әдет-ғұрыптан аттамаған.
Суретші таудың кең көлемді әсем көрінісінің фонына қойды айдап бара жатқан шопанның отбасын бейнелеген. Қой отарлары үнсіз алып жардың арасымен бұралаңдаған өзендей болып кетіп барады. Жарлар екі жақтан айбарлы әрі ызғарлы, тіпті тұнжыр күйде асқақтауда. Шатқал түбіне жіңішке ақжолақ тұман түскен. Бәйбішесі артынан еріп келеді. Ақжаулығы ақ тұманның арасында көзге оттай басылып тұр.
Динамикалық картина қиғаш жартастардан және ирелеңдеген өткір бұрышты жолдардан тұрады. Анатолий Мотузко түстік суық гаммаларды пайдалана отырып, жартастардың айбындылығы мен мызғымас беріктігін көрсеткен. Малшы итінің қойды қайырып, иесінің ығына жығылып келе жатқаны анық байқалады. Жайлаудан күзеуге көшкен қазақ отбасы өзінің қарапайымдылығымен далалық өркеөниетті өсиеттейді. Бұл – ескі һәм жаңа дәуірдің қолтаңбасы.