Қоғам • 03 Тамыз, 2022

Жалақылары 50 пайызға өсті

341 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы әлеуметтік салада проактивті қызметтерді белсенді түрде енгізуді жалғастырып отыр. Осының нәтижесінде азаматтар ХҚО-ға бармай-ақ, SMS арқылы бірнеше жәрдемақыны ресімдей алады. Мәселен, биыл бала туу және оның күтімі бойынша төленетін жәрдемақыны SMS арқылы ресімдеушілер екі есе артқан.

Жалақылары 50 пайызға өсті

Сондай-ақ «Азаматтарға ар­налған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарын орындау аясында биыл шілдеден бастап өз қызмет­кер­лерінің жалақысын 25 пайызға арттырды. Бұл – тиімді жұмыс істеу мен корпоративті мәдениет деңгейін арттыру үшін жасалған стратегиялық қадам.

2022 жылдың қаңтарында қызметкерлердің жалақысы 25 пайызға өссе, 1 шілдеден бастап жалақы мөлшері тағы 25 пайызға ұлғайды. Жалпы алғанда, жалақы өсімі 50 пайыз болды.

«Мемлекеттік корпорация «бір терезе», «бір өтініш» үде­ріс­терін барынша оңайлату мен оңтайландыру мақсатында проактив қағидаты бойынша мем­лекеттік қызметтерді жеке және заңды тұлғаларға көрсете отырып, өзін толыққанды бірыңғай провайдер есебінде бекітті. Қызмет­керлердің жалақысын көтеру – мемлекеттік қызметтер жүйесін одан әрі табысты дамытудағы өте маңызды мәселе екені анық. Мемлекеттік корпорация құрыл­ғаннан кейін, өкінішке қарай, біздің қызметкерлеріміз белгілі бір статуссыз қалған болатын. Олар мемлекеттік қызметкерлерге де, мемлекеттік қызметшілерге де жатпайды. Қызметкерлеріміз өте білімді, азаматтар үшін нақты қолайлы жағдай жасай білетін маман­дар, көпшілігі – жастар. Қазір клиент­тер мемлекеттік орган­дар­­дың табалдырығын тоздыр­май, кез келген анықтаманы оңай ала алады, уақытын, қара­жатын айтар­лықтай үнемдейді. Еңбек­ақыны арттырудың нәтижесінде, қызметкерлердің жалақысы 150 мың теңгеге жетті. Мемлекет­тік корпорацияның басшылығы ­бұ­ған ішкі шығындарды оңтайлан­дыру және бизнес-процестерді авто­маттандыру арқылы қол жет­кізді. Инфляция мен үлкен қала­лардағы өмірді ескерсек, жалақы әлдеқайда жоғары болуы керек. Бұл мәселені Парламент депутаттары да көтерді. Жалақыны көтеру және қызметкерлеріміздің мәртебесін айқындау мәселесі Үкімет тарапынан тиісті назар аударуды талап етеді деп ойлай­мын», деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының омбудсмені Майра Айсина.

Бұған дейін мемлекеттік кор­­порация қызметкерлерінің жала­қы­сы 85-115 мың теңге бол­ған, соңғы 5 жылда қызмет­керлердің айлығы айтарлықтай өспеген.

«Азаматтарға арналған үкі­мет» мемлекеттік корпорациясында бүгінде 22 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді. Бұл – 20 филиал, 328 фронт және 442 бэк-офис, 68 мобильдік ХҚО-дан тұратынын айта кеткен жөн.

 

АЛМАТЫ