Руханият • 03 Тамыз, 2022

Сарайшық кесесінің құпиясы неде?

405 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Алтын Орданың ғана емес, бір кездері Қазақ хандығының астанасы болған Сарайшықта не болмаған? Тарихы мен мәдениетін естіген сайын айналып соғып, қызықтағың келеді де тұрады. Қала орнынан табылған мәдениет қалдықтарының өзі қазақ даласында қандай өркениет қалыптасқанын айғақтамай ма? Иә, өнер тудырған ескерткіштер еліктірмей тұрмайды. Соның бірі – жұрттың бәрі білетін, естіген сайын аузын ашып, көзін жұматын Сарайшықтың көзесі, Сарайшықтан табылған кесе. Жай кесе емес, әсірелеп айтқанда, жаны бар кесе.

Сарайшық кесесінің құпиясы неде?

Сіз ағзаңызға жағатын су немесе сүт сияқты кез келген сусын түрін тұтынасыз, ағзаңыз қалыпты жағдайын сақтап, әрі қарай жұмыс істеп кете бересіз. Бір күндері білмей су орнына у ішсеңіз өңіңіз бірден өзгеріп, тіпті жазатайым кетуіңіз мүмкін. Ағзаға жақпайтын су-суаннан адамның бірден түрі бұзылып шыға келеді. Өзін жайсыз сезінгені өз алдына. Тура осы құбылыс Тәңірі жаратқан кісі бойынан бөлек, кеседен белгі бергенін көрген не естіген жан бей-жай қалмасы анық шығар. Қазіргі «ақылды есіктер мен терезелер» далада қалады бұл әңгіменің қасында. Біз білетін Сарайшықтың орнынан табылған көзенің қасиеті осындай. Адам ойы мен сезімінен өнер болып туып, мәдениет атты үлкен мұхитқа қосылатын тамшының сыры әлі ашылмапты деседі.

«Әуелі құмыра шықты, сонан кейін кесе шықты. Кесеге таңғалғанымыз, балшық, шаң-топырақтың ортасынан шықты. Бірақ түк жұқпаған. Зауыттан шыққандай жалтырап тұр. Қолыма ұстап тұрсам қасымдағы археолог арқамнан қағады. «Бүгін сәтті күн болды, атап өтеміз» деп. Содан шөлмек алдырдық. Шөлмек алдырсақ әлгі археолог қоймайды. «Мен осы табылған кесемен ішемін» деп. Кесені қолына ұстатып едім, Жайыққа шайып әкеліп, арақты құйып келіп жібергенде, кесе қап-қара болып кетті. Өзіміз шошып кеттік. Төгіп тас­тап едік, кесе бастапқы қалпына келді. Су құйдық, ащы айран құйдық, ештеңе болған жоқ. Машинадан бензин алып құйып едік, қайтадан қарайып шыға келді. Яғни ішуге болмайтын затты бірден аңғартады. Өте ­сирек кездесетін ескерткіш ретінде 2000-шы жылы, 12 қыркүйекте астанадағы Тұң­ғыш Президент мұражайына алынды» дейді Сарайшық мұражай-қорығының директоры Молдаш Бердімұрат.

Ерекше қасиеті бар құмыра мен кесе 1999 жылғы қазба жұмыстары кезінде табылғаны айтылады. Құмыра күннің түсуіне қарай түсін өзгертіп тұрады. Бүйірінде «бұған адамның көз жасы құйылмасын» деген арабша жазу бар. Ал біз сөз етіп отырған кесе – дүниежүзінен табылған екінші зат. Біреуі Мысырдан табылған. Бұл туралы ақын Оңайгүл Тұржан бір жазбасында:

«Сол ыдыстың салмағының бір парақ қағаздан да жеңілірек екендігінің өзі адамды таңғалдырмай ма? Сол ғасырда жасалған бұл ыдыстың материалы қандай екен? Ғылымға бейімі бар жастарға осы тақырыпты ұсынса, бәлкім олардың қызығушылығы оянып, зерттеп кетер ме еді? Ал осы ыдысқа у құйса, оның дереу түсін өзгертетіндігі деген ғажап қой! Мұндай ыдыстың табылуы Сарайшық қаласы туралы қандай ақпараттар беріп тұр дейтін болсақ:

Біріншіден: хандардың арасындағы бәсекелестіктің немесе іштен бүлдіруді көздеп жүрген сыртқы жаулардың көп болғандығы. Сыртқы жау қандай жағдайда көп болады? Гүлденген жердің, дамыған елдің жауы көп болады. Бұл ыдыс сол кездегі қорғаныс саясатында керемет жетістіктердің болғандығы туралы ақпарат беріп тұр;

Екіншіден: осындай ыдыс ойлап табу кімнің идеясы? Бұл қай ханның тұсында жасалған ыдыс? Демек сол хан – өте батыл, идеяшыл, жаңашыл тұлға;

Үшіншіден: мұндай ыдысты жасау бір адамның емес, бірнеше ғалымның табысы болуы мүмкін. Демек осы жерде ғылым­ның дамуына жағдай жасалды деген сөз;

Төртіншіден: дәл осындай ыдыстың Египетте де табылғанына назар аударып көрдік пе?

Бесіншіден: дәл осы ыдыстың Бейбарыс сұлтанның Мысырда билік құруымен байланысы бар болуына бұған дейін тарихшылар назар аударды ма екен? Тағы да назар аударып көрелік. Тарихи дерек былай дейді: «Мысырда мемлекет басына мәмлүк (қыпшақ) әулетінің келуімен Алтын Ордамен байланыстың нығаюына орай тарихи әдебиет жедел қарқынмен дамыды. Түркі әулеттері, халықтарының тарихи-географиялық мәліметтерін толық қамтитын энциклопедиялар пайда болды. Мысырда сұлтан Бейбарыстың өмір-дерегіне арнап жазған хатшысы Абд-аз-Захирдің тарихи еңбегі дүниеге келді. Бұл еңбекте Алтын Ордамен қарым-қатынастар туралы мәліметтер, сонымен бірге Қырым­нан Волгаға дейінгі аралықтағы қысқа­­ша ­«жол­сілтеме», Қырымның тұрғылықты хал­­қы туралы діни, этнографиялық мәлі­мет­тер келтіріледі. «...Бейбарыс тек талантты қолбасшы ғана емес, сондай-ақ көре­ген сая­саткер ретінде танылды. Ол сол кез­дің өзін­де көптеген алыс-жақын мемлекет­пен қарым-қатынас орнатты. Сұлтан ­аз-Заһир Бейбарыс сол дәуірдің озық үлгісімен көп­теген зәулім ғи­марат, көрнекті мешіттер, биік қорғандар мен қамалдар салдырды. Олардың бірқатары сақталған. Ол сұлтандық билікке қол жеткізген кезде қыпшақ жерлері моңғол ханы Берке, Құлағу билеп отырған Алтын Орданың иелігінде еді. Бейбарыс бірінші кезекте оларға достық пиғылдағы хат жібер­ді. 1262 жылы сұлтан екі ел арасында достық қарым-қатынас орнату үшін өз елшісін жіберді. Мұнан кейін әскери, сауда, діни, мәдени байланыстар орнатты».

Беркеден кейін Мөңке Темір билік­ке келісімен Шыңғыс империясынан ірге­сін аулақ салып, Алтын Орданы тәуелсіз мемлекетке айналдырды. ...Берке хан сал­ған сара жолды жалғап, Мысыр сұлтаны Бей­барыспен байланысын күшейтті. Мұсыл­мандарға қырғидай тиген Құлағуға қарсы күш біріктірді.

Салмағы бір парақ қағаздан да жеңіл, у құйсаң түсін өзгертетін ыдыстың біреуінің Сарайшықтан, тағы біреуінің Египеттен та­былуы кездейсоқ нәрсе деуге келмейді. ­Берке хан-Бейбарыс байланысы – Сарай­шық – Мысыр байланысының көрінісі. Олай болса, әлгі ыдыстың қандай байланыстар арқылы келгенінің төркіні көрініп тұрған сияқты. Менің ойымша, екеуінің шыққан тегі бір. Оның отаны – осы Сарайшық өңірі болуы мүмкін», дейді Оңайгүл Тұржан. Бұл кісі сөз арасындағы мәліметтердің бәрін нақты дереккөздерден алған.

Жалғыз кесенің сырынан жаһан тарихы өріс алады білгенге. Өнер мен мәдениет жасаған туындының құпия-сырлары жыл өткен сайын жаңғырып, сана мен ойдың жаңа кезеңдеріне жол ашатыны осыдан байқалады.