Қоғам • 03 Тамыз, 2022

Ауыр техниканы ауырсынбаған арулар

308 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ақ білекті, нәзік жүректі қыз баласының трактор айдап жүргені көп адамның көзіне қораш көрінетіні бар. Расында да, ер-азаматтар үшін қыз баланың ауыр техниканы тізгіндегені біртүрлі әсер ететін шығар. Алайда Әсел Ракаева өзі таңдаған мамандықты жанындай жақсы көреді.

Ауыр техниканы ауырсынбаған арулар

Меркі ауданы Меркі ауылындағы №9 колледжде еңбек ететін Әсел Ракаева ауыр техниканы тізгіндегелі де біраз жыл­дың жүзі өтті. Ел аузында «тракторшы қыз» атанып кеткен Әсел қажет болса ком­байнды да жүргізуден қашпайды. «Тех­никаны мықтап меңгерген адам еш­те­ңеден ұтылмайды», дейді ол.

Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде білім алып жүр­ген кезінде алғаш рет тракторды жүргізіп көрген Әсел кейін шәкірт тәр­бие­леймін деп ойламаған да болар. Өйт­ке­ні ол әуелде Халыққа қызмет көрсету орталығында еңбек еткен. Сол салада жұмысын жемісті атқаруға бел буған.

«2015 жылы тұрмыс құрдым. Арада бірер жыл өткен соң, нақтырақ айтсам 2018 жылы ауыл шаруашылығы бағы­тын­да мамандар даярлайтын Меркідегі №9 колледжге жұмысқа тұрдым. Оқы­ту­­шылық қызметке «Дипломмен – ауыл­ға!» бағдарламасы арқылы келдім. Қа­­рас­­ты­рылған жеңілдіктердің бәрі бе­ріл­ді. Жалпы, дәл осы оқу ордасында еңбек етіп жат­қаныма қуанамын», дейді ол өткен шаққа көз жүгіртіп.

Әлбетте, қыз баласы тұрмысқа шық­қан­нан кейін отағасы оның трактор жүр­гізуіне қарсы болған шығар деп топ­шы­лағанбыз. Расында да, күйеуі басында аздап қарсылық білдірген екен. Алай­да ол уақыт өте келе келіншегінің маман­ды­ғына адалдықпен қарайтынын түсініп, қол­дау көрсетіпті.

«Негізі уақыт өте келе қолдады ғой. Дегенмен басында: «Қайда бара жатыр­сың? Трактор жүргізу деген әйел затына қол ма?» деген сияқты әңгімелер айтылмады емес, айтылды. Бүгінде үш баламыз бар. Бірде жұмыс, бірде декреттік демалыстамыз. Бәріне үлгеріп жүрмін. Трактор мен комбайн секілді ауыр техниканы жеңіл меңгергеніме таңданып, қызығып қарайтындар аз емес. Алайда жұмыстың аты – жұмыс. Ешкімнің сөзіне назар аудармаймын», дейді ол.

№9 колледж директорының орынбасары Асыл Аманжолованың сөзіне сүйенсек, колледжден түлеп ұшқан тракторшы қыздардың қатары артуы мүмкін. Өйткені дәл осы мамандықты бір емес, төрт бірдей қазақ қызы таңдаған. Олар кол­ледждегі оқуын тәмамдаған. Кім біл­сін, болашақта олар да ауыр техни­ка­ның руліне отырып қалар. Болашақта деуіміздің себебі де жоқ емес, өйткені әлгі төрт қыз оқуды осы жылы ғана аяқ­тап­ты.

«Білім ордасында жалпы 136 азамат қыз­мет атқарса, олардың 96-сы – мұғалім. Бүгінді таңда «Ауыл шаруа­­шылығын механикаландыру» маман­дығы бойынша 70 бала білім нәрімен сусындап жатса, олардың 26-сы коллед­жі­мізден түлеп ұшты. Одан бөлек «Тамақ­тандыруды ұйымдастыру» маманды­ғын­да білім алып жатқан студент­тері­міз демонстрациялық емтихан тап­сыр­ды. Оған арнайы келген сарап­шылар ба­ға­сын берді. Студент­тер тамақты мо­дуль бойынша жасады.

Бұл мамандық бойынша бізде қыз­дар­дан бөлек ұлдар да оқып жатыр. Олар аспазшы әрі технолог мамандығын алып шығады. Бізде білім алған студенттер жергілікті жерде жұмысқа орналасады. Оларды жұмыспен қамту министрлік бекіткен талап бойынша жүзеге асуда. Дәнекерлеуші мамандығын мең­гер­ген балаларымыз осы жердегі аза­мат­тардың цехында практикадан өтіп жүр. «Токарлық іс», «Фермер шаруа­шылығы», «Дәнекерлеу ісі», «Ақ­па­­рат­тық жүйелер», «Бағдарламалық қам­­тамасыз ету», «Тамақтандыруды ұйым­­дастыру» секілді мамандықтар бо­йынша бүгінде 566 студент білім нә­рі­мен сусындауда», дейді ол.

Жалпы, колледжге оқуға келгендердің жеті мамандық бойынша білімін жетіл­ді­ру­ге мүмкіндіктері бар. Әрине, әркім өзі таңдаған мамандық негізінде кейіннен жұ­мысқа орналасады. Оған барлық жағ­дай қарастырылған.

Әсел Ракаеваның айтуынша, әкесі дәнекерлеу ісінің шебері болғандықтан, өзі бала кезінен техникаға жақын жүріп­ті.

«Үйде ұл болмағандықтан да шығар, әкемнің қасынан жиі табылатынмын. Бойымда ер-азаматқа тән мінез бала күнім­нен қалыптасты. Кішкентай кезім­нен автокөлікке құмар болдым. Тіпті кәмелет жасына толған кезде жылап жүріп, әкеме жүргізуші куәлігін алуыма көмектесуін өтіндім. Ақыры арманыма жеттім. Трактор, комбайн секіл­ді ауыр техниканы бүгінгі таңда тек сту­дент­т­е­р­іме үйретемін. Практика жүзінде олардың бойына бар білгенімді дарытуға тырысамын. Алайда егістік алқабына шық­паймын. Оған жолдасым рұқсат бер­мейді. Күйеуім де техникаға жақын адам. Сол жағынан келгенде ол маған бар білгенін үйретіп жатады. Ал кейде: «Мынау не? Мұны қалай реттеуге болады?» деп менен де сұрайтыны бар. Бірде: «Трактор, комбайнмен көп ақша табуға болады екен. Егістікке шықсаңшы», деді әзілдеп. Алайда қалжыңдап айтқанымен, жеме-жемге келгенде рұқсат етпейтіні анық», дейді ол.

Білім ордасында тракторшы қыз Әсел Ракаевадан бөлек, дәнекерлеу ісі­нің шебері Жазира Мәдібаева да еңбек етіп жүр. Қыз баласы үшін таңсық ма­ман­­дықты меңгерген Жазира да өз жұ­мы­сын адалынан атқаруда. «Адал еңбек қай кезде де лайықты бағасын алады», дейді ол.

«Бәрі де өмірдің ағымымен болады. Мен әкеме жақын өскен қызбын. 14-15 жасымда осы мамандыққа деген қызығушылық туындады. Жалпы, адам баласы сегіз қырлы, бір сырлы болуы керек. Бұл сөз ерлерге ғана тән емес. Әкем үй шаруасына мықты адам болды. Дәнекерлеу ісін де бір кісідей меңгерген болатын. Бұл жұмыс көңіліме қонады. Тұрмысқа шыққаннан кейін бұл істен бас тартқан кез де болды. Жолдасым да дәнекерлеуші болып еңбек етеді. Осында келген ата-аналар: «Сіз «сварщик» әйел екен­сіз ғой. Балама үйреткен тәсіл­де­рі­ңіз мықты екен. Еңбегіңіз жансын», деп тілектерін білдіріп жатады.

Расын айтайын, бүгінгі таңда бар білгенімді тек оқу процесінде ғана пайдаланамын. Өйткені отбасымызда күйеуім кәсіби дәнекерлеуші екенін білемін. Сондықтан отбасымызда сол кісі ғана тапсырыс алып жұмыс істейді. Қосымша табыс табады. Ал мен бар білгенімді колледждегі студенттеріме үйретемін. Мен үшін шәкірт тәрбиелегеннен асқан ба­қыт жоқ. Олар жаңа дүниені бар ынтасымен үйренуге талпынғанын көрген кезде бойымды қуаныш сезімі кер­ней­ді», дейді Жазира Мәдібаева арулар үшін таңсық мамандық төңірегінде ой өрбітіп.

Мамандығына адалдық танытып жүр­ген Жазира Мәдібаева – отбасында алты бала тәрбиелеп отырған аяулы ана. Оның түсінігінде «нәзік жандылар ғана атқаруға тиіс» деген жұмыс жоқ. Адам баласы жан-жақты болса, одан ешкім ұтылмайтынын біледі.

«Бірде жолдасыма: «Алматыда дәне­кер­леушілер көп табыс табады ғой. Жаз мезгі­лінде өзіңмен алып кетсеңші. Мен де табыс тауып келейін. Қолдан келетін жұмысты атқару керек қой» деп айттым. Алайда ол ойымды құптамады. «Кілең еркектің арасында нең бар?» деп тойтарып тастады», дейді ол сол бір күнді есіне алып.

Өз ісінің шын шеберлері еңбек етіп жүрген №9 колледж осы жылы «Жас маман» жобасы аясында республикадағы үздік жүз колледждің, облыстағы үздік он колледждің қатарына қосылыпты. Агро саладан бөлек еңбек нарығындағы түрлі сала бойынша мамандарға деген сұранысты өтеп келе жатқан білім ордасында 7 мамандық, 11 білік­тілік бойынша студенттер білім алып жүр. Дәл осы колледжде таңсық маман­дық­тарды жатсынбай жүрген қазақ қыз­да­рының еңбек етіп жатқаны бізді де қуантады.

 

Жамбыл облысы,

Меркі ауданы