Экономика • 03 Тамыз, 2022

Экспорттағы есебіміз түгел

243 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлттық экономика ми­нистрлігі жақында жақсы жаңалық жариялады: 2022 жылғы мамырда Қазақ­станнан тауарлар экспорты 7,7 млрд долларды құрапты. Бір айдағы мұндай экспорт көлемі 2014 жылғы ақпан­нан бері болмаған екен. Ол кезде экспорт көлемі 7,9 млрд долларға жеткен. Осы­лайша, еліміз тауарлар­ды экспорттау жағынан осы­дан 8 жыл бұрынғы ме­же­ні бағындырып отыр.

Экспорттағы есебіміз түгел

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Кез келген елге экспорт табыс әкеледі. Сондықтан көптеген мемлекет экспорт пен импорттың ара қатынасын теңестіруге тырысады. Ал импортқа тәуелді Қазақстан үшін экспорттың ұлғаюы – айтарлықтай жетістік. ERI сарапшыларының айтуынша, мұнай, металл және ауыл ша­руашылығы өнімдерінің тұрақты жоғары бағасы Қазақстанға 5 ай ішінде 34,2 млрд доллар экспорттық түсім әкелген. Бұл – өткен жылғы бес айдағы көр­сет­кіштен 59%-ға немесе 12,7 млрд долларға артық.

Қазақстанның экспорты ши­кі­заттық емес тауарлардың сатылымы есебінен өскен. Атап айт­қанда, экспорттың ұлғаюына да мұ­найдың үлес салмағы басым – 91% немесе 9,6 млрд дол­­лар. Одан кейінгі орында ферро­қорытпалар – 61% немесе 529 млн доллар, мыс катодтары – 25% немесе 318 миллион доллар, бидай – 61% немесе 322 млн, уран 2,6 есе көп экспортталған, одан келген пайда 497 млн долларды құраған. Ал күкірттің сыртқы елдерге саты­лымы 3,3 есе көбейіп, 238 млн доллар
болған.

Осы тауардың бәрі ел экс­портының 90%-ға дейін ұлғаюын қамтамасыз етіп, жиын­тығында 11,5 млрд доллар өсімді көр­сет­кен.

Сондай-ақ ұн (+135 млн доллар), күкірт (+238 млн доллар) және сұйытылған газ (+94 млн доллар) экспортының көлемі өскенін де атап өткен жөн.

Экспорттық тауарлар не­гі­зінен Италияға (2,9 млрд доллар), Қытайға (1,5 млрд доллар), Оңтүстік Корея (1,3 млрд доллар) мен Түркияға (1,1 млрд доллар) жөнелтілген.

Экономист-сарапшылардың айтуынша, тауарларды Еуро­па­лық одаққа жеткізу 5,8 млрд дол­ларға және Азия елдеріне 5,2 млрд долларға өскен. Бұл екі бағыт қазақстандық экспорттың 87% өсімін қамтамасыз еткен. Есе­сіне, еліміздің Еуразиялық эко­но­ми­калық одақ елдеріне экспорты қаңтар-мамырда 0,9%-ға төмен­деген.

Ал 2022 жылғы қаңтар-мамыр­да Қазақстанға импорт 14,4%-ға өсіп, 17,1 млрд доллар­ды құраған. Бұрын бізде импорт өсімі аралық тауарлар мен өнді­ріс құралдарының есебінен бол­са, қазір халық тұтынатын тауар­ларды сырттан әкелу басым­дыққа ие болып отыр. Тұтыну тауар­ларының импорты азық-түліктен (үлесі – 28%) және азық-түлікке жатпайтын (үлесі – 72%) өнім­дерден тұратыны белгілі. Қазіргі таңда соңғысының бәсі басым тұр. Ұлттық банктің мәлі­метінше, тек былтырғы 9 ай ішінде азық-түлікке жатпайтын тауарларды жеткізу 2020 жылмен салыстырғанда 25,9%-ға жә­не дағдарысқа дейінгі 2019 жыл­ға қарағанда 30,7%-ға өсіп, 6,3 млрд долларды құраған. Ипорт­тың ең үлкен өсімі Ресей­ден, Өзбекстаннан және Жапо­ния­дан келген. Бұл мемлекеттер­ден негізінен автокөліктер тасы­малданған, оның импорттық кө­лемі 1 млрд долларға жеткен. Одан кейін Қытай тұр, бұл елден аяқкиім көп әкелініпті.

Сондай-ақ биыл автомобиль­дерге арналған шанақтар, өл­ше­ніп сатылатын дәрілік заттар, мыс кендері мен концентраттар, қара металдан жасалған өзге де бұйымдар, әртүрлі бөлшектер сырттан көп тасымалданған. Соның есебінен импорт өсіп отыр.

Елімізде импортқа тәуелділік дең­гейін төмендету бойынша бі­рқатар жұмыс қолға алын­ған. Осы бағытта шет мемлекеттердің озық тәжірибесі де зер­делен­ді. Индустрия және ин­фрақұ­рылымдық даму министрі Қ.Өс­кенбаев Үкімет оты­рысында Импортты алмасты­рудың 2025 жылға дейінгі бағ­дар­ламасы әзірленіп жатқанын айтқан еді. Оның сөзіне қара­ғанда, министр­лік импортты алмас­тыруға баса назар аудара отырып, өңдеу өнер­кәсібін дамыту мүм­кіндік­теріне сараптама жүргіз­ген. Өңір әкімдіктерімен бірлесе жүр­гізген жұмыс нәтиже­сінде дайын өнімді экспорттауға бағытталған инвес­тициялық жо­­балар пулы әзір­леніпті. Ол тізімге 700-ге жуық жоба кірген. Министрдің айтуынша, олардың 286-сы – импортты алмастыратын негізгі жобалар. Биыл 165 жоба іске қосылса, қалған 498 жоба 2023 жылдан бастап 2026 жылға дейін жүзеге асырылмақ.

Министрліктің хабарламасына сенсек, жобаларды іске асы­рудың нәтижесінде барлығы 9,1 млрд доллар көлеміндегі өнім алмастырылады, шикізаттық емес тауар экспортының өсуі 17,2 млрд долларды құрайды. Соны­мен қатар жоспар бойынша ферроқорытпаларды әлем­дік экспортта екінші орынға шығару, болат импортын 75%-ға қысқарту, мақта өңдеуді 100%-ға дейін арттыру, сондай-ақ еден жабындары мен геосинтетика импортын 25%-ға алмастыру көзделіп отыр.