Қоғам • 04 Тамыз, 2022

Мекенжай дерегін онлайн өзгертуге болады

447 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұрын мекенжай мен жылжымайтын мүлік мәліметтерін өзгерту үшін тұрғындар біраз әуре-сарсаңға түсетін. Жақында «Ұлттық ақ­параттық технологиялар» АҚ eGov.kz порталында және eGov mobile мобильді қосымшасында жаңа қызмет іске қосылғанын хабарлады. Осы цифрлы жүйенің арқасында жұртшылық енді үйден шықпай-ақ мекенжай туралы деректерді өздері өзгерте алатын болды.

Мекенжай дерегін онлайн өзгертуге болады

Бүгінге дейін көшенің атауы немесе үйлердің нөмірленуі өзгеріп кетсе, тұрғындар да өз құжаттарына өзгерістер енгізуге тура келетін. Өйткені үйдің орналасқан жері туралы деректер ауысса, ондай құжатты банк те, нотариус та қа­былдамайды. Бұған кемінде 10 жұмыс күні қажет болды. Бұрын тіпті жұртшылық алдымен Халық­қа қызмет көрсету орталығынан мекен­жайдың өзгергені туралы анықтама алып, одан кейін мекенжайды анықтату үшін сәулет басқармасына жүгінетін.

Көпшілік мекенжай дерегі өз­гергенде оны дер кезінде ауыстырмай, уақыт созып жүріп алады. Ал бұл құжат жылжымайтын мүлікті сатқан кезде, кепілзатты тіркеу кезінде, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер мамандары мен көші-қон қызметі бөлімдері талап еткенде және аймақтың, облыстың, қаланың атауы өзгерген кезде қажет болады. Енді жаңа қызметтің арқасында тұрғындар мекемелерге барып, уақытын сарп етпейді. Жаңадан іске қосылған мемлекеттік сервисті пайдалана отырып, мүліктің нақты мекенжайын өздігінен растай алады. Айта кету керек, егер жылжымайтын мүлік туралы деректер болмаса, онда сервисте тек мекенжайдың өзгеру тарихы ғана көрсетіледі.

«Мекенжайдың өзгеру дерегі туралы анықтаманы алу – ел тұр­ғындарының арасындағы ең танымал қызмет түрі. Мұндай құжат Халыққа қызмет көрсету орта­лықтары арқылы жылына 3 млн рет берілетін. Әсіресе баспанасын сатуға қойған қазақстандықтар бұл қызметке көбірек жүгінеді. Ал олардың мекенжай немесе жылжымайтын мүлік дерегінде қандай да бір өзгерістер болса, нотариус­тар мен банктер Халыққа қызмет көрсету орталығына жіберуге мәж­бүр. Енді, міне, адамдарға өте қа­жетті құжат екенін ескере отырып, оның цифрлы нұсқасын іске қос­тық», дейді «Ұлттық ақпараттық тех­нологиялар» АҚ басқарма төр­ағасы Ростислав Коняшкин.

Жаңа сервис мекенжайдың тіркеу кодын (МТК) қолдана отырып, нотариустар мен банктерге, басқа да мекемелерге жылжымайтын мүлік мекенжайының өз­гергені туралы мәліметтерді қа­рауға мүмкіндік береді. Бұдан былай олар мұндай құжатты азаматтардан талап ете алмайды.

«МТК бойынша мекенжай­лардың мұрағаттық мәліметтері» сервисін пайдалану үшін eGov.kz порталына кіру қажет. Басты беттегі «Сервистер» бөлімінде «МТК бо­йынша мекенжайлардың мұрағат­тық мәліметтері» деген бөлім бар. Әрі қарай пайдаланушы порталда тіркеуден өтіп, онлайн қызметке тапсырыс береді. Мекенжайдың тіркеу кодын толтырғаннан кейін «тексеру» батырмасын басады.

«Сұратуды сәтті өңдеген кезде EGov.kz порталы экранында ме­кенжайдың өзгеру тарихы туралы мәліметтер көрсетіледі. Ал МТК дұрыс енгізілмеген жағдайда «Енгізілген мекенжай кодын (МТК) тексеруді сұраймыз» деген хабарлама шығады, сондықтан кодты қателеспей, дұрыс енгізу керек», дейді «ҰАО» АҚ баспасөз қызметі.