Таным • 04 Тамыз, 2022

Аудан музейі ауыл аралайды

378 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысындағы Шыңғырлау аудандық музейі «Жәдігер-жауһарлар» деген атаумен саяхатқа шықты. Жобаның мақсаты – аудандық музейдің құнды бұйымдарын ауыл тұрғындарына таныстыру.

Аудан музейі ауыл аралайды

Шыңғырлау – тарихы терең өлке. Ресей Феде­рациясының Орынбор облысымен – ежелгі Елек және Тұзтөбе өңірімен шек­тесіп жатыр. Бұл аймақ­та талай-талай тарихи оқиғалар өткен. Ашылғанына ­көп уақыт өтпеген Шыңғырлау аудандық тарихи-өлке­тану музейі осынау асыл мұ­раның бірден-бір жоқшы­сына айналды.

Музей басшысы Тілеген Қалиев осы кезге дейін «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кеткен құнды жәдігерлерді жинастырып, археологиялық қазба жұмыстарын ұйымдастырып, өлкетанушы­лар форумын өткізіп, тыным таппайды. «Жәдігер-жауһарлар» атты жаңа жобаның да мақсаты – өңір­дің өзгеше тарихын ең алдымен өз тұрғындарына таныстыру.

– Біз осы жоба арқылы ауыл аралап, музей қорындағы ерекше жәдігерлерді халыққа таныстырамыз. Туған жердің терең тарихына бойлатып, сол арқылы отаншылдықты күшейтеміз. Елдің шетін, шекара шебін жайлаған ағайын үшін бұл өте қажет шара. Сонымен бірге осы жоба арқылы халықты музей ісімен таныстырып, жеке адамдардың қолындағы құнды жәдігерлермен музей қорын толықтырсақ дейміз, – дейді жоба жетекшісі Тілеген Қалиев.

Шыңғырлау ауданында 8 ауылдық округ бар. Жобаның алғашқы күндерінде музей жәдігерлері Ащысай, Ардақ және Ақбұлақ ауылдық округтерін­де болды. Жаңа жобаға халықтың ықыласы өте жақсы. Ащысай ауылдық округі орталығы Аман­гелді ауылындағы мәдениет үйінде өткен көрмеге немерелерін ертіп арнайы келген көпбалалы ана Айжан Ақаева ерекше әсер алғанын айтады. Ал ағайынды Ақтан мен Жүсіп Лесовтар көрмеге құр қол келмей, музейге жаңа жәдігер сыйға тартты. Көне мылтықтың қанжар қондырғысы енді музей төрінен орын алатын болады.

Ащысай ауылындағы мәдениет үйінде де көрмені тамашалаушылар аз болмады. Тіпті шекара шебін күзетіп жүрген сарбаздар да арнайы келіп, тылсым сырлы тарихи бұйымдарды көріп, музей қызмет­керлерінің тағылымды әңгімесін тыңдауда.

– Жобамызға қолдау білдіріп, жақсы қабылдап, көрмені ұйымдастыруға көмектескен ауыл әкімдеріне алғыс айтамыз, – дейді Т.Қалиев.

 

Батыс Қазақстан облысы