Таяуда Jastar ғылыми зерттеу орталығы «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасын жариялады. «Тоғызыншы территорияны» мекендеген жастарға қатысты көптеген мағлұмат топтастырылған жинақтың құндылықтарға қатысты тұсы назарымызды аударды.
Жастардың құндылық ұстанымдарын зерттеудің ерекше маңызы бар. Өйткені құндылықтар жеке тұлғаның белсенді позициясын дамытуға, өзін-өзі анықтауға және жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыруға негіз болады. Елдегі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдай жастардың құндылықтары мен мүддесіне байланысты өзгеріп отыратыны белгілі.
Баяндамаға сүйенсек, Мәңгілік елдің оғландары құндылықтарының өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, жастардың басым бөлігі дәстүрлі құндылықтарға, атап айтқанда, отбасына басымдық береді екен. Яғни респонденттердің 82,5 пайызы отбасын алғашқы орынға қойған. Бұдан кейін денсаулық (45,6 пайыз), үшінші орында достық тұр (23,1 пайыз). Әр бесінші жас қазақстандық басты құндылық ретінде материалдық қамсыз өмірді атап өтеді. Сондай-ақ тізімде сенім, дін (16,2 пайыз) секілді басымдықтар бар. Ең қызығы, заманауи Қазақстанның жастары «қоғамның мойындауы, абырой» (1,4 пайыз) және «шығармашылық» (1,5 пайыз) және «билікке ие болу» (2,8 пайыз) секілді мәселелерге мән бермейтін көрінеді.
Зерттеу көрсеткендей, жас қазақстандықтардың негізгі құндылықтары кейінгі 5 жыл бойы тұрақты және өзгеріссіз. Ерекшелігі сол, құндылық бағдарының өзіндік симбиозында дәстүрлі және қазіргі заманғы көзқарастардың қиылысуы, сондай-ақ қабаттасуы байқалады.
Тағы бір айта кетерлік мәселе, жастар арасында қоғамдық пікірге ықпал ететіндерді саусақпен санай аламыз. Жасөспірімдердің үштен бір бөлігі «мен үшін беделді адамдар жоқ» деп жауап беріпті. Дегенмен «билік өкілдері», «блогерлер, вайнерлер, тиктокерлер» белгілі бір деңгейде ықпал ете алатын көрінеді. Осыдан-ақ дәстүрлі және заманауи көзқарастар тоғысқанын көреміз.
Сондай-ақ жастардың неге қызығатыны да маңызға ие. Олар қызығатын трендтер қоғамда болып жатқан әлеуметтік процестермен және жас ұрпақтың құндылық көзқарастарымен тығыз байланыста. Зерттеуге сүйенсек, денсаулық пен саламатты өмір салтын ұстану секілді мәселелер кейінгі кезде жастар арасында кеңінен таралған. Сонымен қатар фрилансқа бет бұру да танымалдыққа ие.
Баяндама авторлары жастарды топ-топқа жіктеп қараған екен. Мәселен, жоғары ұтқырлық және дижиталдану бәріне ортақ. Дегенмен жасөспірімдер үшін (14–18 жас) ең танымал трендтер – саламатты өмір салты (22,6%) және экологияға қамқорлық (16,4%). Орта жастағы топта (19–23 жас) танымал трендтер қатарында өмірдің серпінді қарқыны (21,5%), фриланс (20,3%) және дәстүрлі БАҚ-қа сенбеудің артуы (11,2%) бар.
Жастардың құндылық бағдарларын қалыптастыруға объектив және субъектив факторлар әсер етеді. Ендеше, олар сенімді сезініп, дамуы үшін не қажет? Жастардың пікірінше, оны дамытуға қажет үш басты шарт – дәстүрлі материалистік құндылықтар: тұрақты жұмыс (52,8 пайыз), жеке тұрғын үй (40,9 пайыз) және лайық табыс деңгейі (39,9 пайыз). Зерттеу авторлары қоғамда осындай құндылықтар басым болғанда, оның мәдениеті халықтың физикалық күнкөрісін қамтамасыз етуді ғана мақсат ететінін айтады. Күнкөріс қамтамасыз етілгеннен кейін ғана қоғамның мәдениеті оның мүшелерінің субъектив әл-ауқатын арттыруға бейімделе бастайды.
Дамуға қажет жағдайларды бағалау ерекшелігі жасөспірімдерде айқын көрінді. Мәселен, жастардың осы тобы үшін қолжетімді және сапалы білім берудің (32,3 пайыз) және таңдау құқығының (24,3 пайыз) маңызы зор. Қорыта айтқанда, «тоғызыншы территорияның» жастары заманауи көзқарас ұстанатыны, өмірлік құндылықтары аға буын өкілдерінен мүлдем басқа екені анық аңғарылады.