Zhas Project жобасы Үкіметтің биылға арналған іс-қимыл бағдарламасы шеңберінде Алматы, Жетісу, Қарағанды, Ұлытау, Маңғыстау және Түркістан облыстарында қанатқақты режімде іске асырылып жатыр. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жастар және отбасы істері жөніндегі комитеттің төрағасы Қайрат Баймолдиновтың айтуынша, жоба әлеуметтік жағдайы төмен жастардың бастамаларын қолдауға және жастарды әлеуметтік-экономикалық өмірге тартуға бағытталған. Осылайша, жастарды қолдап, қоғамдағы орнын табуына, пайдалы қызметтерге тарту арқылы жұмыссыз жастардың санын азайтуды көздейді. Гранттық бағдарламаға 14 пен 29 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Жұмыс істемейтін, оқу оқымайтын және жұмыс істейтін табысы төмен адамдарға басымдық беріледі. Осы жылы 250 жоба қолдау таппақ. Гранттарды Алматы және Жетісу облыстарында «Тамшыбұлақ» қоғамдық бірлестігі, Қарағанды және Ұлытау облыстарында «Жас Ұлан» ұйымы, Маңғыстау облысында «Түпқараған жастары» ұйымы, Түркістан облысында Қазақстан жастарының конгресі үйлестіреді. Өтінім қабылдау 10 тамызға дейін жалғасады. Іріктеуден өткен үздік әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға қайтарымсыз 1 млн теңге беріледі. Байқаудың биылғы ерекшелігі грантты жеңімпаздың қолына қаржылай бермейміз. Себебі қаржыны басқа мақсатқа жұмсап жіберуі мүмкін деген қауіп бар. Біз үшін гранттың өз мақсатына жұмсалғаны маңызды. Өткен тәжірибелерге қарап, осындай шешімге келдік. Қазір әрбір адамның басында несие бар, грантты ұтып алғандар осындай несиелерін жауып, ұялы телефон сатып алып, грант қаржысын тиімсіз жұмсағандары кездесті. Сондықтан жобаға қажетті техника, құрал-жабдықтар сатып алатын болса, қаржы тікелей қызмет көрсетуші мекемеге аударылады», деді «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» ЗТБ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ғалым Құрман Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте.
Қатысушылардың жобалары 16 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Қаржылық қолдаудан бөлек, жоба «Менторлық қолдауға» ие болады. «Менторлар жоба бойы қатысушыларға идеяларын қалай жүзеге асыру, құжаттарын әзірлеу секілді қызметтердің қыр-сырын үйретеді. Яғни қатысушылар жобаларды басқару бойынша тренингтерден өтеді», деді ұйымдастырушылар.
Қазіргі таңда Zhas Project жобасының грантына үміткерлерден 24 өтінім келіп түскен. Алматы облысы бойынша 9, Түркістан облысы 7, Маңғыстау облысы 6 және Қарағанды облысынан 2 өтінім қабылданған.
«Түркістан облысындағы жастар саны басқа облыстарға қарағанда ең көп – 500 мыңға жуық. Әрине, олардың өз мәселелері бар. Жастармен кездесіп, бірлесе жұмыс істеуге шақырдық. Жобаға қатысу үшін жастар www.zhasproject-turkestan.kz сайтында тіркелуге тиіс. Тіркеу бірнеше сатыдан тұрады. Ол үшін жеке телефон номерін көрсетіп, жеке куәлігін және осы облыста тіркелгенін дәлелдейтін egov-тан скринді жүктейді. Сондай-ақ тіркелуші қандай да бір осал топқа жататынын көрсететін анықтаманы жүктеуі керек», деді «Қазақстан жастары конгресі» қауымдастығы ЗТБ атқарушы директоры Тоқтар Болысов.
Негізі Түркістан облысы бойынша Zhas Project жобасымен үш республикалық ұйым – Қазақстан жастарының конгресі, Ұлттық волонтерлік желі, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының республикалық штабы айналысқан. Жобаны іске асырудың бүкіл кезеңінде 9 796 жас қатысып, 2 908 жобаға қолдау көрсетілген.
Қарағанды және Ұлытау облыстарындағы халықтың бестен бір бөлігін жастар құрайды. «Сондықтан бұл жоба жастар үшін керемет мүмкіндік болып отыр», дейді өңірлердегі үйлестірушілер. «Қарағанды мен Ұлытау өңірлерінде, басқа облыстардағыдай, сомасы 1 миллион теңгеге дейінгі 63 жобаға қолдау көрсетіледі. Сондықтан жастарды конкурсқа қатысуға шақырамыз. Арнайы оқыту да қарастырылған, онда қатысушыларға кәсіпкерлік негіздері, жеке кәсіпкерлікті қалай тіркеу, жобалық менеджмент дағдылары түсіндіріледі. Қарағанды қаласында фронт-офис ашылды, колл-орталық жұмыс істейді. Сондай-ақ Қарағанды және Ұлытау облыстарының әр ауданында жоба үйлестірушілері бар. Олардың тізімі zhasproject-karaganda.kz сайтында жарияланған. Өтінімдер осы сайт арқылы да қабылданады. Айта кететіні, қараша айында Қарағанды қаласында Үздік тәжірибелер форумын өткізу жоспарланып отыр, оған өз жобаларын табысты іске асырған жеңімпаздар шақырылады. Форумға әлеуетті инвесторлар, бизнесмендер, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері де қатысады», деді «Жас ұлан» Бірыңғай балалар-жастар ұйымы» РҚБ төрайымы Динара Сәдуақасова.
Осы уақытқа дейін аталған жобаға 10 мыңға жуық жас қатысқан. 4 жыл ішінде екі мыңнан аса әлеуметтік жоба жүзеге асырылған. Атап өткеніміздей, байқау өтінімдері жергілікті халыққа көмегін тигізетін әлеуметтік жобаға бағытталуы шарт. «Қазақстан жастары конгресі» қауымдастығы ЗТБ атқарушы директоры Тоқтар Болысовтың айтуынша, республика бойынша осы күнге дейін қолдау тапқан әлеуметтік жобалардың 60-65 пайызы қазір жұмыс істеп тұр. Мәселен, ауылдық жерлерде тілдік курстар, компьютерлік клубтар ашылып, ет және сүт өндірісі, тамақ өнеркәсібі құрылған, сұлулық, тігін салондары іске қосылған.
Сондай-ақ спорт залдары мен жылыжайлар, мал шаруашылығын қолға алған жастар әлі күнге кәсібін табысты жалғастырып отыр. Жоба аясында, сонымен қатар Ақтөбеде аяқкиім өндіретін цех, Алматы облысында фото-видео студиясы, Жамбыл облысында қымыз орталығы ашылған. Кентау қаласында грант иеленген жобалардың басым бөлігі медициналық массаж және тренажер залы, құс фермасы, кондитерлік, мал шаруашылығы, ағылшын тілі клубы, шаштараз, тігін шеберханасы, ұлттық нақыштағы сөмке тігу мен брайн кітабын шығару сынды идеяларға құралған. Zhas Project жобасы кәсіпкерлік ашуды міндеттемесе де, жастардың талаптарына байланысты қолға алған ісін болашақта табыс көзіне айналдырып, жеке кәсіпкер ретінде алға бастайтын қозғаушы күш болып қала бермек.