Әлем • 04 Тамыз, 2022

Иран ядролық келісімі қайта басталады

343 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Иран ядролық келісімді қайта жандандыруға келісіп отыр. Ол үшін АҚШ осы келісімнің барлық экономикалық ережесін орындауға кепілдік беруі қажет. Сол кезде ғана Иран Бірлескен жан-жақты ядролық іс-қимыл жоспарындағы (JCPOA) өз міндеттемелерін толық орындауға қайта оралмақ.

Иран ядролық келісімі қайта басталады

Нью-Йоркта Ядролық қаруды таратпау туралы келісімнің Х конференциясы өтіп жатыр. Жиын барысын­да сөз алған Иран Республикасы­ның өкілі 2021 жылдың сәуір айынан бастап Иран кепілгер елдердің бәрімен ядролық келісімді қалпына келтіру туралы келіссөздер жүргізіп жатқанын, бірақ АҚШ әлі күнге дейін келісімде көрсетілген экономикалық мәселелерге қатысты Иранға кепілдік беру туралы шешім қабылдай алмай отырғанын алға тартты. Вашингтон «дұрыс шешім» қабылдаған жағдайда ғана Иран ядролық келісім бойынша міндеттемелерін толық орындауға қайта оралатынын мәлімдеді.

Еске салсақ, 2015 жылдың шілде­сінде Венада Иран, АҚШ, Қытай, Ресей, Германия, Ұлыбритания және Франция «Бірлескен іс-қимыл жос­парына» қол қойған еді. Келісім бойынша Иран тарапы уранды ба­йыту бағдарламасын төмендетуге, ал халықаралық қоғамдастық Тегеранға салынған санкцияларды жұмсартуға міндеттеме алған еді. Бірақ АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп 2018 жылы Иран ядролық келісімінен шығу туралы шешім қабылдап, тіпті Иранға экономикалық тұрғыда санкция салады. Одан қалды, Парсы шы­ғанағындағы Пентагон әскерінің санын арттырды.

Мәселен, өткен жылы АҚШ әске­ри­лері Ирандағы беделді генерал Кассем Сулейманиді дрон арқылы атып өлтірген. Иран бұған жауап ретінде АҚШ-тың Ирактағы базасын атқылады. Осы жағдайлардың бәрі Вашингтон мен Тегеран арасындағы жағдайды одан әрі ушықтырып, екі ел ядролық келісімді «ұмытып» кеткен еді. Дегенмен АҚШ басшылығы­на Джо Байден келгеннен кейін Иранмен арадағы келісімді қайта жан­дандыруға талпыныс жасады. Сөйтіп, келіссөздер қайта басталды.

Иранның уран өндірісіне келер болсақ, осы уақытқа дейін ел 20 пайызға дейін байытылған шамамен 470 кг уран өндірді, деп хабарлады сәрсенбі күні елдің Атом Қуаты Ұйымының (AEOI) баспасөз хатшысы Бехруз Камалванди. Оның айтуынша, бұл Иран парламентінің «Стратегиялық әрекеттер туралы» заңы санкцияларды алып тастау және елдің мүдделерін қорғау үшін рұқсат етілген 20 пайыз уранның ең аз мөлшері. Өткен жылдың қаңтарында Иран парламенті уран өндірісіне қатысты заң қабылдап, оны байыту деңгейін 20 пайызға дейін жеткізуге келісті. Ал 2015 жылы қабылданған келісім бойынша өндірілетін уран көлемі 3,67 пайыздан және елде сақталатын уранның көлемі 300 килодан аспауға тиіс болатын. Иранның МАГАТЭ-дегі өкілі өндіріс көлемі 40 пайызға артқанын хабарлаған.

Иран, Ұлыбритания, Германия, Қытай, Франция және Ресей Венада өтетін ядролық келісімді қалпына келтіру үшін келіссөздердің бірнеше кезеңін өткізді. Америка Құрама Штаттар келіссөздерге тікелей қатыс­пады. Кездесудің соңғы туры наурыз айында үзіліп, әлі жалғасын тапқан жоқ. Дегенмен үміт бар.

«Біз логикалық және ақылға қо­нымды нәтижеге қол жеткізуге мүм­кіндік беретін келіссөздерге дайынбыз», деп хабарлады Иран сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Насер Канани. Ол жақын арада Венада келіссөздердің жаңа раунды өтетінін жоққа шығармады.

Бұқаралық ақпарат құралдары таратқан мәліметке сүйенсек, Иранда техникалық тұрғыдан алғанда ядро­лық қару жасауға қажеттінің бәрі бар, бірақ ел оны жасауды жоспарлап отырған жоқ.

«Егер техникалық аспектілерге келсек, Иранда ядролық қару әзір­леуге қажетті мүмкіндіктің бәрі бар, бірақ біз мұндай қару-жарақ шыға­руды көздеп отырған жоқпыз», деп мәлімдеді Иранның Атом энер­­гиясы ұйымының басшысы Мохаммад Эслами.

Иранның ядролық келісімді қайта жандандыруға ынта білдіргеннен кейін бірқатар мемлекет пікір білдірді.

Бұған дейін АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Виктория Нуланд Иранның ядролық келісімге оралуы Тегеранға өз мұнайын әлем­дік нарыққа қайта шығарып, санкцияларды жеңілдетуге мүмкіндік бере­тінін айтқан болатын. Еуропалық одақ­тың сыртқы істер және саяси қауіп­сіздік жөніндегі комиссары Джозеф Боррель де келіссөздерге қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Вена­дағы 15 айлық қарқынды, сындарлы келіссөздерден кейін уақыт тығыз болып отыр.

Politico сайтының хабарлауынша, келіссөздер алдағы сәрсенбіде жал­ғасуы мүмкін. Бұл туралы оқиғаның басы-қасында жүрген ресми өкілдер хабарлаған. Қазіргі таңда Бірлескен жан-жақты ядролық іс-қимыл жоспарына қатысатын мемлекеттердің делегациясы Венаға жинала бастаған көрінеді.

«Жоғары лауазымды шенеуніктер қаншалықты жиналатыны және келіс­сөздердің қанша уақытқа созылатыны әзірге белгісіз. Бұған дейінгі кездесулер секілді келіссөздер Венаның тарихи бірінші ауданында орналасқан сәнді Palais Coburg қонақүйінде өтеді. Сондай-ақ қонақүй сыртындағы ме­диа шатырды қайта орнатуға дайын­дық басталып кетті», деп жазады Politico.

Келіссөздердің ұзаққа созылып, тараптардың бір шешімге келе ал­ма­ғанын сарапшылар АҚШ-тың Иран­ға салған санкцияларын лезде әрі мүлдем алып тастай ала алмайтынымен түсіндіреді. Мәселен, Иран 2016 жылдан бері салынған бүкіл санкция­ны алып тастауды сұрайды. Алайда АҚШ-тың алдағы жоспары мәлім емес. Ал оны Джо Байден бір мезгілде алып тастай алмайтыны белгілі. Ендеше, бұл келісім келесі аптада біржақты шешіледі деп айтуға әлі ерте.