Қаржы • 05 Тамыз, 2022

Қаржы пирамидасы: Көп асқанға – бір тосқан

573 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Соңғы бірер жылда қаржы пирамидасының құрығына түскен қазақстандықтардың қатары күрт артты. Оңай жолмен тезірек байығысы келген кейбір тұрғындар әй-шәйға қарамастан жинап-терген бар ақшасын күмәнді ком­паниялардың шотына салып, кейін бармағын тістеп қалып
жатыр.

Қаржы пирамидасы: Көп асқанға – бір тосқан

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Жалған ұйымның лицензиясы болмайды

Осындай жағдайлар жиілеп кеткеннен кейін мемлекет заңды күшейтті. Енді қаржы пирамидасын құрумен айналысқандар ғана емес, оның жарнамасын жүр­гізгендер де қылмыстық жауап­кершілікке тартылады.

Ішкі істер министрлігінің дерек­­теріне сүйенсек, 2022 жыл­ғы мамырда «Қаржылық (инвес­тициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету» 217-бабы бойынша 163 қылмыс­тық іс тіркелген, бұл биылғы қаңтар айы­мен салыстырғанда екі еседей көп. Енді уәкілетті органдар қар­жы пирамидаларына қатысты жұмыс тәсілдерін жан-жақты қарастырып, жалған компанияларды құрықтау тетіктерін үздіксіз жетілдіріп жатыр.

Қаржылық мониторинг агенттігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қа­зіргі таңда аналитикалық құрал­дар­ды кеңінен қолдану арқылы «жаза­лаушы» постфакторлық әдістен профи­лак­ти­калық әдіске көшу қолға алынған. Яғни қолданыстағы заңнамаға қаржы пи­ра­мидаларын жарнамалағаны үшін қыл­­мыстық жауапкершілік енгізілді. Бұған қоса, пирамидаларды жарнамалай­тын сайттарды бұғаттаудың тетігі де әзір­лен­ді. Қабылданған шаралардың нә­ти­жесінде қазірдің өзінде 3 мыңнан астам осындай сайттар бұғатталуға жібе­рі­ліпті.

«Биыл барлығы 28 қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты Қылмыстық кодекстің 217-бабы бо­йынша 33 қылмыстық іс тіркелген. Сот 7 қылмыстық істі қарады, 11 адам сотталды. Олардың біреуі – шет елдің азаматы. Қылмысқа қатысы бар тұлғалар 3 жылдан 6 жыл 8 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұл ретте 7 адам 5 жылға бас бостандығынан айрылды», дейді ведомство өкілдері.

Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің FinGramota.kz ресур­сы­ның хабарлауынша, қазірдің өзінде Ақтөбеде төрт қаржы пирамидасы – «Еstate Ломбард», «Нұрәлі капитал», «Тиімді қарыз» және «Гарант 24» ісі бойынша ауқымды процесс жүріп жатыр. Қазақстанның барлық өңірінен 17 мыңнан астам адам зардап шеккен. Полицияның дерегінше, келтірілген шығын көлемі 30 млрд теңгеден асады. Зардап шегушілердің көпшілігі тұрып жатқан үйіне дейін сатып, пирамидаға ақша құйған. Жалғыз көлігін салып, жаяу қалғандар да баршылық.

«Қаржы пирамидаларын ұйымдас­ты­рушылар ай сайын 35%-дан жоғары инвестициялық пайызды уәде етеді. Бірақ бұл қомақты ақшаға қаржы пирамидасына қатысушылардың алғашқы легі ғана ілігуі мүмкін. Қалғандары құр уәдені қанағат тұтады, бірақ олар үмітін үзбейді, сөйтіп жүріп уақытын жоғалтып алады», дейді Stop-piramida.kz жобасының өкілі Нұркен Шардарбеков.

Ол қаражатын белгісіз адамдарға бермес бұрын желідегі түрлі инвестициялық онлайн-жобалар туралы ақпараттарды және компанияның бар-жоғын алдымен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтынан бір тексеріп алуға шақырады. Өйткені лицензиясы жоқ ұйымдар агенттік тізімінде тіркелмеген.

2021 жылы қаржы пирамидаларының белгілері бар субъектілерді алдын ала анықтау мақсатында агенттік қаржы пирамидаларының 39 белгісінен тұратын тізбені әзірлеп шыққан. Онда ведомство өкілдері қаржы пирамидасының ең бірінші белгісі – оларда қаржы реттеушісі екенін дәлелдейтін лицензиясы болмайтынын атап өтті. Агенттіктің хабарлауынша, қаржы пирамидалары қаржы ұйымдарына жатпайды және олардың депозиттерді қабылдау, жеке тұл­ғалардың банктік шоттарын ашу және жүргізу, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға құқы жоқ. Қаржы ұйымының лицензиясының бар-жоғын агенттіктің www.gov.kz сайтынан тексеруге болады.

Жалған жарнама жарға жығады

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтында жарияланған «BCC Invest» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Александр Дрониннің мәлімдемесіне сүйенсек, қаржы пирамидалары өздерін кез келген ұйым ретінде көрсетуі мүмкін. Көбінесе олар өздерін инвестициялық ұйым ретінде таныстырады. Жарнамалары да «жарқырап» тұрады. Олар «перспективалы бизнес», «жоғары технологиялық компания», «ин­но­вациялық жоба» деген ұрандарға әуес. Сондай-ақ алаяқтар өздерін басқа­ру­шы компаниялар, тұтыну коопера­тив­тері, букмекерлік кеңселер және т.б. бо­лып көрсетуі мүмкін.

«Әлеуметтік желілер мен мессенджер­лер­де пирамидалардың саны ар­тып келеді. Сондықтан сізді түрлі чат­тарға, әлеуметтік желілердегі жал­пы әңгімеге қосылуға шақыруы мүм­кін. Мұндай желілердің жетегіне еріп кет­пе­ңіз. Бұл – онлайн-пирамида болуы мүм­кін, сақ болыңыз», деп ескер­теді А.Дронин.

«Өте пайдалы да жылдам табыс та­ба­­тын бизнеске» шақырған жарнама­лар әлеуметтік желілерде өріп жүр. Инс­таграм, телеграм, фейсбук желі­ле­рі­не пікір қалдырушылардың арасында міндетті түрде осындай жарнама­лар өріп жүреді. Мамандар мұндай жеңіл табысқа құмартпауды, жеңіл ақ­ша­ның соңы жақсылыққа апармайтынын ес­кер­теді. «Бүгінде криптовалю­талар инвестициясын жарнамалау үрдісі белең алып бара жатқанын байқап жүр­міз. Алаяқтар инвестициялық сайт құрып, криптовалюталармен, шетелдік компаниялардың акция­ларымен, бижутериямен, туристік жолдамалармен немесе басқа да қызметтер мен тауарлармен заңды түрде сауда жасайтынын хабарлап жатады. Бұл да алаяқтықтың бір түрі. Егер сізге аса жоғары пайыздар, кейде тіпті күнделікті табыс және өзіңіздің артынан тағы да адамдар әкел­ге­ніңіз үшін қосымша бонустар уәде етсе, мұны бірден пирамида екенін танып, одан бойды аулақ салғаныңыз жөн. Қаржы пирамидасының айқын белгісі де осы», дейді мамандар.

Онлайн инвестициялық ойындар түріндегі қаржылық пирамидалардың жаңа түрі Қазақстанда аса кең таралма­ға­нын айта кету керек. Ресейдің Орталық банкі 2021 жылғы күзден бастап қауіпті қаржы пирамидаларын белсенді түрде анықтай бастаған және өз тізіміне қаржы нарығында заңсыз қызмет белгілері бар компанияларды енгізіпті. Қазақстанда да осындай жосықсыз қызмет белгілері бар ұйымдардың тізімін жүргізу қолға алынды, оны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жаңартып отырады.

Қазіргі уақытта тізімге қызметі қар­жы­лық лицензиялау мен реттеу өл­шемінен тыс орналасқан және қаржы рет­­­теуішінің интернет-ресурсында және Fingramota.kz оқыту сайтында жария­ланған 154 субъект кіреді, дейді агенттік мамандары.

Қаржы пирамидасының тағы бір белгісі – құпиялылығы, дейді ведомство­ның жариялаған хабарламасында. Ком­пания құрылтайшылары мен басшы­ларының болмауы, не жоба туралы нақ­ты ақ­парат­тың жоқтығы бірден күмән туғы­зуға тиіс.

«Көп жағдайда қаржы пирамидалары өздерінің мұнай өндіру, алтын өндіру, құрылыс, микроқаржылық қызмет, Forex нарығы тәрізді жоғары кіріс әкелетін салаларда қызмет ететіндерін мәлімдейді. Олар компанияға тартылған қаражат пен басқа да есеп-қисап туралы ақпарат ұсына алмайды. Мәселен, компания заңды тұлға түрінде құрылған болса, онда оның сайтында құрылтайшылық құжаттар орналас­тырылуы керек, ал пирами­даларда ондай құжаттар болмайды, мұны да ескерген жөн. Егер сіз қаржы пирамидасына тап болсаңыз, онда «Fingramota Online» мобильді қосымшасы арқылы немесе қалалық телефоннан call-орталығына «1459» нөмірі бойынша қоңырау шалып, қаржы реттеушісіне жүгіне аласыз», дейді FinGramota.kz.

Басты мақсат – қаржы пирамидасының жолын кесу

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы пирамидаларының жо­лын кесу мақсатында алқалы орган құрған. Қаржы пирамидаларын анықтау және олардың қызметін тоқтату бойынша тиімді шаралар әзірлеуге кіріскен органның құрамында аталған агенттіктің, Бас прокуратураның, Ұлт­тық банктің, Ішкі істер министрлігі мен Қаржылық мониторинг агенттігінің және Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрлігінің өкілдері бар.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агент­тігінің қаржы нарығындағы теріс пай­даланушылыққа қарсы іс-қимыл бас­­қармасының бастығы Мақсат Шағ­да­­ровтың айтуынша, агенттік қаржы пирамидасының белгілері анықталған ұйымдар туралы құқық қорғау органдарына үнемі ақпарат беріп отырады. Осылайша, 2022 жылдың басынан бас­тап Қаржылық мониторинг агенттігіне 14 субъект бойынша (2021 жылы – 73) және Ішкі істер министрлігіне 36 субъект­ бо­йынша (2021 жылы – 135) ақпарат, оның ішінде екінші деңгейдегі банктерден алынған ақпарат жолданған.

Ведомство қаржылық пирамидалар белгілерінің тізімін бекіткенін хабарлады. Оған жосықсыз мінез-құлық прак­тик­асының 39 өлшемшарты енгізілген. Бұл жұмыс Қаржылық алаяқтық және қаржы пира­мидаларына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық жұ­мыс тобы­­ның қызметі шеңберінде жүр­гізі­ліп­­ті.

Егер жұмыс тобына алаяқтық әрекет­тері байқалған және алаяқтық әре­кет­тер­дің белгілері анықталған компания­лар туралы ақпарат келіп түссе, онда олармен құқық қорғау органдары айналыса бастайды. Алаяқтық әрекеттері дә­лелденгеннен кейін қылмыстық іс қоз­ға­лып, алаяқтардың бұдан әрі ақшаны заңсыз алу үшін адамдар тарта алмайтындай компанияның веб-сайты бұғатталады.

Қаржы пирамидаларын анықтау бо­­йынша алдын алу шаралары шеңберінде мемлекеттік органдар 2022 жылдың бі­рін­ші жартыжылдығында 3 мыңнан астам сайтты бұғаттап, 44 қылмыстық іс қоз­ғапты. Қызметі күмәнді компания­лар әлі де тексеріліп жатыр. Мамандар ел тұр­ғын­дарын күдікті ұйымдардың құ­ры­ғына ілініп қалмай, тапқан табысын байыппен жұмсауға шақырады.