Аймақтар • 07 Тамыз, 2022

Жалған құжатпен қоғамдық көлікті басқарған жүргізуші ұсталды

198 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда жалған құжатпен қоғамдық көлікті басқарған жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Жалған құжатпен қоғамдық көлікті басқарған жүргізуші ұсталды

Департамент мәліметінше, қоғамдық көліктің жүргізушісі жалған жүргізуші куәлігімен ұсталған. Белгілі болғандай ер адам 2021 жылы көлік құралын басқару құқығынан айырылған.

«Алайда С. есімді азамат жалған жүргізуші куәлігін жасап, заңды айналып өтпекші болды. Құқық бұзушы № 85-бағыттағы қоғамдық көлікті басқарып келе жатып, автовокзал маңындағы аялдамада ұсталды. Оның жеке басын тексеру кезінде жалған құжат пайдаланғаны анықталды, сонымен қатар оған жолаушыларды тасымалдауға мүмкіндік беретін санаттар шеберлігі қосылған. Көлікті тоқтатқан сәтте ішінде 40-тан астам жолаушы болды. Аудандық Полиция басқармасында жалған құжат жасау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», деді Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Дәулет Сейітқұлов.

Полиция өкілінің айтуынша, жүргізушіге және оның құжаттарын дұрыс қадағаламаған автопарк басшылығына қатысты әкімшілік шара қолданылды. Қоғамдық көлік мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды.