Қоғам • 07 Тамыз, 2022

Жұрт көңілін аулаған мектеп жәрмеңкесі

603 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осы сенбіде өңірдің аудан-қалаларында мектеп тауарларының жәрмеңкесі өтті. Іс-шара «Мектепке жол» республикалық акциясының аясында ұйымдастырылып, жергілікті тұрғындар мен сырттан келген қонақтар оқу құралдарын, киім-кешектерді арзан бағаға сатып алды.

Жұрт көңілін аулаған мектеп жәрмеңкесі

Павлодар қаласының Ка­таев атын­­дағы оқушылар са­ра­йының ала­ңын­да ұйым­дас­тырылған мектеп жәр­мең­ке­сіне 15 кәсіпкер атсалысып, келу­шілерге мектепке қа­­жет құрал-жаб­дық­тар мен киім-кешектердің мол түрін ұсын­ды.

«Жәрмеңкеде тауарларын сатуға әкелген кәсіп иелерінің басым бөлігі өз ниеттерімен келіп отыр. Біз мұнда сатылатын әр тауар базардағыдан арзан әрі әр сатып алушыға белгілі кө­лем­де жеңілдік бо­лу­ға тиіс екенін алдын ала хабарлағанбыз. Келіскендей, жәрмеңкедегі баға сатып алушылар көңілінен шығуда», деп атап өтті өңір­лік білім бе­ру бас­қармасының бас маманы Жанара Сматаева.

Виктория есімді сатушы келуші­лер­дің дені дәптер, күнделіктер мен қаламсапты көп сатып алып жат­қанын жеткізді. Білім күні жақын­дағанда ата-аналар арнайы құрал­дар­ды, атап айтқанда, транспортер, циркуль, сызғыш сияқты заттарға сұра­нысты жиілете түседі екен. «Бай­қа­ғанымыздай, дәптерді көп сатып алып жатыр. Бір ал­ғанда сырты жұмсақ 20-30 дәптер және кемі 10-15 дана қатты мұқабалы қалың дәптер алады. Биыл кеңсе тауарларының бағасы былтырғымен салыс­тыр­ғанда екі есеге жуық өсті. Бізге кө­тер­ме бағада жеткізуші фир­малар алдағы уақытта мек­теп құралдарының құны тағы да өсуі мүмкін екенін айтты», дейді кәсіпкер.

Жұқа 12 беттік дәптер бү­­гінде жергілікті сауда үй­ле­­рі мен базарларда шамамен 45 теңге, қалам 100-200 теңге тұрса, жәрмеңкеде сәл арзанырақ баға­да сатылды. Ал сөрелерде тұр­ған оқушы киімі мен спорттық киімдердің көбі сапа тұрғысынан көзге түсе қоймады. Кәсіпкерлер бағасы арзан болғаны үшін арзанқол материалдан тігілген киім-кешектерді әкелгенге ұқсайды. Соған орай, мектепке қажет киім-кешек сатып алғандар қарасы көп болмады.

Анар Бейсен есімді ана биыл 3 бала­сын мектепке да­йындап жатыр. Айтуынша, базардағы баға ша­рық­тап тұр. Амалсыздан, қаладағы кеңсе заттарын сататын дү­кен­дерді жағалап, ең арзан деген құрал-жаб­дық­тарды таң­дап жүр. Жәрмеңкеде ке­лу­шілерге ұсынылған кей­бір тауарлар базардың нар­қы­мен бірдей. Алдағы уа­қытта мұндай жәрмеңкелер ұйымдастырылғанда білім басқармасы бағаны әлі де төмендетуге ықпал етсе деген тілегін жеткізді көпбалалы ана.

Жәрмеңке барысында алаңда логопед, психолог және педиатр мамандар жұ­мыс істеп, ата-аналарға тегін ақыл-кеңестер берді.

Биыл дәстүрлі акция «Мек­тепке жол – шекарасыз жақ­сылық» ұранымен өтуде. Мақсат – аз қамтылған, көпба­ла­лы отбасылардан шыққан және жетім балаларға, сонымен қатар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқу­шыларға оқу жылының бас­талуына орай материалдық қолдау көрсету. Өңірлік бі­лім беру басқармасының мә­ліметінше, оқушыларға атал­ған акция шеңберінде мектепке дайындалуға кө­мек ретінде жаппай оқыту қорынан 1,4 млрд теңге қа­ра­жат бөлу қарас­ты­рыл­ған. Ал жылдың алғашқы жартысында 13 мыңнан астам балаға 458,2 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді. Бұл қаражат білім ордаларында балаларды ыстық тамақ, киім-кешек, мектеп құралдарымен қамтуға, курорттық ұйымдарға және демалыс лагерьлеріне жолдама алуға жұмсалған.

Қазір қайырымдылық іс-шарасына жергілікті демеу­ші­лерді, әлеуметтік серік­тес­терді, мемлекеттік ұйым­дар­­ды тарту бойынша жұ­мыс­тар жүргізілуде. Биыл ауыл­дар үшін кәсіп­керлермен бір­лесіп шалғайдағы елді ме­кендерге көшпелі мектеп авто­дүкендерін ұйым­дас­тыру қолға алынды. Мәсе­лен, «Сағымбай» шаруа қожалығы Ертіс ауданындағы Бірлік негізгі мектебінің 6 оқу­шысына кеңсе тауарлары салынған сөмкелер сатып алған. Ертіс ауылының тұрғыны Ж.Мағауова 100 мың теңге сомасына ба­ла­ларға арналған мектеп фор­ма­сының 8 жиынтығын табыс етті. «Incom company» ЖШС директоры С.Починок аз қам­тыл­ған отбасылардан шыққан 50 балаға 115 мың теңге сомасында мектеп және спорт сөмкелерін алып берген.

Облыс орталығындағы №7 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөнін­дегі орынбасары Меңтай Мұхта­ро­­ваның айтуынша, білім ордасына «Мек­тепке жол» акциясы үшін 1,5 млн теңге қаражат бөлінген.

– 58 оқушыны мектепке дайындау жоспарланып отыр. Оларға кеңсе құ­рал­да­ры толығымен таратылды. Алдағы уақытта жылы күр­телер, аяқ­киім­дер сатып алынбақ. Қазіргі таңда демеу­шілерге де хат жолданды. Жауап күтудеміз, – дейді ұстаз.

Осы уақытқа дейін жаңа оқу жылына әзірлік бойынша өңірдегі 300 балаға көмек көрсетілген.

 

Мұрат ҚАПАНҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»

 

Павлодар облысы