Ердоған жұма күні түстен кейін Путинмен келіссөздер жүргізу үшін Сочиге арнайы ұшып барды. Президенттің жанында Түркияның сыртқы істер және қорғаныс министрлері, сондай-ақ түрік ұлттық барлау басқармасының басшысы болды. Келіссөздер «Русь» демалыс орнында жабық есік жағдайында өткен.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін мемлекеттер басшылары соңғы рет 19 шілдеде Иранның астанасы – Тегеранда кездескен. Тараптар Тегеранда Сириядағы азаматтық соғысты тоқтату үшін құрылған Астана процесі отырысына қатысып, Сирия мен Украинадағы оқиғаларды талқылаған. Сочиде кездесу өткізу идеясы сол кезде-ақ жоспарланған.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков кездесуден бір күн бұрын Путин мен Ердоғанның басқосуда баспасөз мәслихатын өткізу жоспарланбағанын ескерткен. Оның орнына бірлескен жазбаша мәлімдеме жарияланды. Айта кетейік, Путин мен Ердоған халықаралық дипломатияда бір-бірімен ең көп сөйлескен лидерлер ретінде белгілі. Екі елдің президенттері бұған дейін де, 2021 жылы 29 қыркүйекте Сочиде кездесіп, шамамен үш сағатқа созылған кездесуден кейін баспасөз мәлімдемесін жасамауды жөн көрген еді.
Бұл жолғы төрт сағатқа созылған кездесуде тоқталған тақырыптарға көз жүгіртсек. Ең алдымен, тараптар Ливия мен Сирияның саяси бірлігі мен аумақтық тұтастығын қорғау қажетін атап өтті. Екі ел басшылары аталған аймақтарда бірге әрекет етуді қолдайтынын білдірді. Ердоған мен Путин Ливияның егемендігіне, аумақтық тұтастығына және ұлттық бірлігіне баса назар аударды. Сонымен қатар Ливияда еркін, әділ және сенімді сайлау өткізудің маңызын тілге тиек етті.
Кездесуден кейін ресейлік БАҚ жариялаған ақпаратқа сүйенсек, Түркия Ресейден сатып алатын газ үшін Ресей рублімен төлем жасауға келіскен. РИА Новости агенттігінің хабарлауынша, Ресей премьер-министрінің орынбасары Александр Новак екі елдің өз валюталарымен сауда жасауға келіскенін және бұдан кейін Түркияның газ төлемін рубльмен төлей бастайтынын жеткізген. «Бұл – екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңі. Бұл қаржылық және валюталық қарым-қатынасымызды жақсартуға деген жаңа мүмкіндік», деді ол.
Ердоған мен Путин талқылаған тақырыптарының арасында Ресейдің 24 ақпанда Украинаға басып кіру әрекеті мен оның жаһандық және аймақтық салдары да қамтылды. Осының негізінде украиналық өнімдерді тасымалдау және экспортты жалғастыру туралы егжей-тегжейлі талқыланды. Естеріңізде болса, Ыстанбұлда Украина, Ресей және Түркия мен Біріккен Ұлттар Ұйымы келісімге қол қойып, Украина астығын әлемдік нарыққа тасымалдауға келіскен еді. Осы келісім аясында алғашқы кеме 3 тамыз күні Ливанға қарай жол тартқан.
Бұл келісіммен қатар Ресей БҰҰ-мен тағы да екіжақты өзара келісімге қол қойып, Батыс санкцияларына ұшырамай, өз экспортын, әсіресе тыңайтқыштар мен азық-түлік өнімдерін жүзеге асыру үшін инфрақұрылымның негізін қалыптастырды.
Аталған келісімдердің нәтижесінде Түркия жаһандық азық-түлік дағдарысын шешуге нақты қадамдар жасады. Сондай-ақ Ресей мен Украина арасындағы сенімді нығайтуға себеп болып, болашақта екі ел арасындағы бейбіт келіссөздердің орнауына атсалыспақ. Сол себепті Ердоған Путинмен кездесуінде келісімді бұзбауға және кеме қозғалысына әсер ететін шабуылдардан аулақ болуға шақырды.
Путин Ердоғанға астық тасымалы үшін алғыс айтып, екі жақты кездесу барысында «Аймақтық мәселелерді, әсіресе, Сирия дағдарысын да талқылаймыз. Түркия мен Ресей Сириядағы жағдайдың қалыпқа келуіне елеулі үлес қосып келеді», деді.
Тараптар Сириядағы жағдайға ерекше тоқталды. Ердоған бұл басқосудың Түркия-Ресей қарым-қатынастарында мүлде басқа бағытта екенін атап өтті. «Осы орайда, Сириядағы оқиғаларды талқылауымыз керек деп ойлаймын. Терроризммен күрестегі ынтымақтастығымыз үлкен маңызға ие және осыған байланысты жасайтын қадамдарымыз бен өткізетін кездесулеріміз күшейе түседі деген сенімдемін», деді Түркия президенті.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Түркияның қауіпсіздікке алаңдауы заңды әрі орынды екенін жеткізді. «Бірақ Сириядағы тұрақсыздықты арттыратын және елдің аумақтық тұтастығына нұқсан келтіретін қадамдардың жасалмауы өте маңызды», деді ол. Бұл мәселеде тараптар Сириядағы бүкіл террористік ұйымдарға қарсы күресте ұйымшылдық пен бірлесе әрекет жасауға уағдаласты.
Сондай-ақ келіссөздер барысында екі елдің энергетикалық ынтымақтастығы, оның ішінде, жалғасып жатқан Аққуюдағы атом электр стансасы жобасы да талқыланды.
«Аққуюдағы АЭС-тың белгіленген уақытта аяқталуы өте маңызды. Өйткені Аққую электр стансасы Түркияны энергиямен қамтамасыз етудегі энергетикалық әлеуетінің 10 пайызын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ бұл мәселені егжей-тегжейлі талқылау пайдалы болады деп ойлаймын. Бүгін осыны талқылау мүмкіндігіне ие болғаныма қуанышты екенімді білдіргім келеді», деді Ердоған.
Түркия Президентінің жанындағы Байланыс әкімшілігі таратқан ақпаратқа сәйкес, Путин екі ел арасындағы энергетикалық қарым-қатынасқа тоқталған. «Біраз уақыт бұрын құрылысын аяқтаған «Түрік ағыны» табиғи газ жобасы маңызды желілердің біріне айналды. Ол Ресейдің табиғи газын Еуропаға тасымалдайды. Табиғи газды Түркияға жеткізіп қана қоймайды, сонымен қатар газды Еуропаға және басқа да тұтынушыларға тасымалдайды», деді Кремль басшысы.
Путин Еуропа Ресейден үздіксіз табиғи газ ағыны үшін Түркияға алғыс айтуы керектігін тілге тиек етті. Мәлімдемеде Түркия-Ресей Жоғары деңгейдегі ынтымақтастық кеңесінің келесі отырысы Түркияда өтетіні туралы ақпарат бар.