Әлем • 07 Тамыз, 2022

Кения жастары сайлауға қарсы

331 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Осы аптада Кенияда президенттік сайлау өтеді. Кандидаттар саяси науқанға сақадай сай. Алайда елдің қозғаушы күші жастар дауыс беруге қатыспайтынын айтады. Бүгінде олардың 40 пайызға жуығы ғана дауыс беруге тіркелген.

Кения жастары сайлауға қарсы

Кения халқының 75 пайызын 18 бен 35 жасқа дейінгі жастар құрайды. Бүгінде елдегі 22 миллион адамның ішінен сай­лауға қатысуға тіркелгендердің дені егде тартқан тұрғындар деп алаңдаушылық біл­дірді сайлау комиссиясының өкілдері. Жастардың 40 пайызға жуығы ғана сай­­лауға қатысуға ниетті. Бұл елдегі жас­тардың барлық санына шаққанда әлдеқайда аз. 

«Біз 18 бен 25 жас аралығындағы жаңа сайлаушыларды саяси науқанға қаты­сып, дауыс беруге үгіт-насихат жұмыс­тарын жүргізген кезде олар бірден қарсы­лық білдірді. Көптеген жас дауыс бер­мейтінін айтып, сайлаудың әлде­бір өзгерістерге әкелетініне сенім­сіздік білдірді», дейді Mzalendo Trust пар­ламенттік ұйымының өкілі Лоизе Мвакамба The Guardian басылымына берген сұхбатында.

Сонымен қатар сарапшылар сайлауалды бағдарлама кезінде жастардың теріс реакция білдіргенін айтады. Адамдар неліктен дауыс бермейтіні туралы айтудан бас тартатын көрінеді. «Оларда сайлауға деген немқұрайды көзқарас бар. Бұл алаңдатарлық мәселе. Жастар саяси өзгерістерге, саяси іс-шараларға бел­сенділік танытпаса, елдің болашағы қандай болатынын елестету тіпті қиын», дейді байланыс жөніндегі кеңесші Мумби Канёго. Ал жас буын өкілдері болса билік тұрғындарды қажет болған жағдайда ғана «еске алады» деген пікірде.

«Біз азаматтық қатысу принципі дауыс беру кезінде ғана қажет болған елде өмір сүріп жатырмыз. Саясаткерлер халықпен тек дауыс беру қажет болған кезде ғана диалог құрады», дейді мәдениет теоретигі Кэролайн Мозе. 26 жастағы әлеуметтанушы Ирен Асува «бұл сайлау маусымында сайлаушылардың қатысу көрсеткіші өте төмен әрі пассивті, өйткені сайлауалды бағдарлама халықты сендіре алмады. Үміткерлердің сөздері «Дауыс беріңіздер, бейбітшілік үшін дауыс беріңіздер!» деген ұрандатушы сөздерден әрі асқан жоқ», деп пікірін білдірді.

«Билік жастарды немқұрайды деп санайды, бірақ мен білетін жастардың көпшілігі шынымен саясатпен айналысады және бұл елде саясат қалай жұмыс істейтінінен жақсы хабардар», дейді 30 жастағы қоғам белсендісі Морин Касуку. Оның айтуынша, Кениядағы «өте қымбат» сайлау науқандары көптеген жақсы кандидаттың сайлауға түсуіне кедергі келтіріп, сайлаушылардың таңдауын шектейді. «Бізде әлемдегі ең қымбат сайлаулар өтеді, ал халық одан не ұтады?», деген сауал тастайды Касуку. Мәселен, өткен жылы заң шығарушылар сайлау органының президенттік науқанға жұмсалатын шығындарды 4,4 млрд шиллингтен (30 млн фунт стерлинг) және губернатор, сенат пен парламент кеңселерін 21 млн-нан 123 млн шиллингке дейін шектеу туралы ұсынысын қабылдамаған.

Сайлауды өткізудің қаржылық есебіне сәйкес көптеген саясаткер қаржылық немесе әлеуметтік сый алу мақсатында сайлауға қатысады. «Үстем таптың өз мүдделері бар. Олар бізбен бұл тұрғыда санаспайды да...», дейді наразы жастың бірі Касуку.

Кения жастарын сөзге тартқан The Guardian олардың өз ойын ашық әрі еркін жеткізгендерін айтады. «Біз жалған және жемқор көшбасшылармен сайлауды жалғастыра алмаймыз. Егер олардың сыбайлас жемқорлыққа қатысы барын біле тұра қолдау білдірсек, біз елдің «жойылып» кетуіне себепші боламыз», дейді 39 жастағы кениялық Бонфас Витаба. Ол екі кандидаттың ешқайсысына дауы­с бермейтінін айтып отыр. Дегенмен, сая­саттанушылар қала жастарының арасында біршама ауыс-түйіс қарсылық болғанымен, ауылдық жерлердегі жастардың дауыс беру тәртібіне әсер етуі екіталай деп есептейді. «Егер 18 бен 25 жас аралығындағы тұрғындардың бәрі бір көзқараста болса, сонда ғана олар сайлауға сөзсіз әсер етуі мүмкін», дейді сарапшы Марк Бичачи.

Қарсылықтарға қарамастан қазір де сайлау учаскелері ашылатын күн жа­қындағанда азаматтық қоғам өкілдері жастарды дауыс беруге шақыруды жалғастырып жатыр. «Билік тек президентке тиесілі емес. Парламент депутаттары мен аудандық ассамблеялар секілді басқа да сайланатын өкілдер азаматтардың атынан маңызды рөл атқарады», деп еске салды Mzalendo Trust парламенттік ұйымының өкілі Лоизе Мвакамба.

Кандидаттарға келсек, үміткердің екеуі де оппозиция жетекшісі болған Райла Одинга мен вице-президент Уильям Руто жоғары мемлекеттік қыз­меттерді атқарды. Одинга 2008-2013 жылдар аралығында премьер-министр болды, ал Руто биліктен кеткен үкіметте қызмет атқарды. Елдің қазіргі басшысы Ухуру Кеньятта мен Райла Одинга – бай отбасыдан шыққан саясаткерлер. Олардың дәулетінің көлемі белгісіз. Бірақ Кеньяттаның есімі Пандора құжаттарында кездесті. Оның оффшорлық инвестицияларда, соның ішінде 30 млн долларлық (22 млн фунт стерлинг) акцияларға қатысы бар екені қоғамда қызу талқыға түскен еді. Уильям Руто да бай таптың өкілі, бірақ ол өзін бір кездері жол жиегінде тауық пен жержаңғақ сатқан, кедейлердің жағдайын түсінетін және ел басшысы болып сайланса олардың мүддесін қорғайтын адам ретінде көрсетеді.

Сарапшылар алдағы сайлауда кім жеңсе де, оның саяси өмірі «уайымға толы» болатынын айтады. Өйткені Кенияның экономикалық, әлеуметтік жағдайы мәз емес. Халық тұрмыстың төмендігіне наразы. Мәселен, қазір елдің мемлекеттік қарыз портфелі 54,3 млрд долларға дейін өскен. Дүниежүзілік банк елдің несиені өтеу бойын­ша міндеттемелерін жуық арада орындау қажеттігін ескерткен. Жаңа президент елдің экономикасын қалпына келтіріп, кедейліктің тұрақты жоғары деңгейімен күресуі қажет деп санайды сарапшылар. Сондай-ақ кең таралған жем­қорлық пен әділет жүйесіндегі реформа­лар­ды жойып, халық игілігіне қызмет етуге тиіс.

Кенияның денсаулық сақтау жүйесі де талапқа сай емес. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі өте жоғары болғандықтан, біліктілікті арттыру және техникалық оқыту секілді іс-шаралар қолға алынуы қажет. БАҚ жарияланымдарына сәйкес аталған мәселелердің шешімі Райла Одинганың ғана сайлауалды бағдарламасында айтылған. Ол елдің денсаулық сақтау саласын дамытуда жаңа технологиямен жабдықталған әмбебап денсаулық сақтауды ұсынатын Babacare бағдарламасын қолға алуды жоспарлап отырғанын айтқан. Сонымен қатар елдің сыртқы қарызын қысқа мерзімді коммерциялық несиелерді қайта қарау арқылы мәселені шешуге уәде берген.

Сарапшылар бес жылда бір рет өтетін сайлаудың кезекті кезеңі елдің болашағын айқындайтын немесе оның өткенін көрсететін дәуірлік кезең деп есептеп отыр.