Саясат • 08 Тамыз, 2022

Азаматтардың мүдделерін қорғау қажет

133 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Amanat Төрағасы Ерлан Қошанов партия активімен жиын өткізді. Жиынды ашқан ол бүгінде еліміз бойынша аманаттықтар азаматтардың мүдделерін қорғауға қатысты жұмысқа баса назар аударуы керек екенін атап өтті.

Азаматтардың мүдделерін қорғау қажет

– Үкіметтің соңғы кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы қоғамды толғандырып отырған бірқатар нақты әлеуметтік-эко­номикалық проблеманы атап өтті. Олардың ішінде бағаның өсуі, жекелеген тауар түрлерін жет­кізудегі іркілістер, азық-тү­лік қауіп­сіздігі мәселелері, ха­лықтың нақты табысының төмендеуі сияқты мәселелер бар. Партия бұл жұмысқа белсенді араласуы керек. Жергілікті жер­лердегі ахуалдың тиімді мони­торингін қамтамасыз ету ма­ңызды. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы ерекше назарда болуға тиіс. Жүйелі проблемаларды жедел анықтап, олар бойынша өз шешімдерін ұсыну қажет, – деді Е.Қошанов.

Партия Төрағасы бұл үшін аманаттықтардың барлық қа­жетті ресурстары бар екенін атап өтті. Олар: кең филиалдық желі, азаматтар көмек пен қолдау үшін келетін қоғамдық қабылдау бөл­мелері, сарапшылар мен бел­сен­ді азаматтық ұстанымы бар адам­дар­ды біріктіретін қоғамдық кеңестер.

– Осы қолда бар ресурстардың бәрін қазір алыпсатарлықтың кез келген түрлерімен күресуге бағыттау керек. Партия мүшелері аса маңызды өнімдер бағасын негізсіз көтеруге жол бермей және адал кәсіпкерлердің мүд­десін қорғай отырып, тауарды жет­кізушілерден дүкен сөре­леріне дейінгі барлық жеткізу тізбегін қада­ғалап отыруға тиіс, – деп атап өтті Е.Қошанов.

Кеңес барысында партия Төрағасына Amanat қазір жү­­­зеге асырып жатқан әлеу­мет­тік маңызды жобаларға қа­тыс­ты жұмыстар туралы баян­дал­ды. «Жер аманаты» жобасы ая­сында азаматтар үшін ауыл шаруашылығы жерлерінің қол­же­тімділігін арттыру бойынша жұ­мыстар жүргізіліп жатыр. Оның басты мақсаты – пайдаланылмай жатқан, оның ішінде заңсыз жеке меншікке өткен жерлерді мемлекет меншігіне қайтару және оларды ауыл тұр­ғындарына ұсыну. Партия мүшелерінің арқасында 267 мың гектар жер мемлекет мен­шігіне қайтарылды. Жұмыс елі­міздің барлық өңірінде жалғаса береді.

«Ауыл аманаты» жобасы аясында Үкіметпен бірлесіп ауыл тұрғындарының табысын арттыру және ауылдық округ әкімдерін өндірістік дағдыларға үйрету бо­йынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, жақын арада арнайы марафон барысында аманаттықтар 179 аудандағы 394 елді мекенге баруды жос­парлап отыр. Бұл 250 мыңнан астам қазақстандықты «Ауыл ама­наты» жобасы туралы хабар­дар етуге мүмкіндік береді. Қа­зіргі уақытта жоба бойынша 2,3 мыңнан астам ауылдық округ әкімдері оқытылды.

Ірі бастауыш партия ұйым­да­рының базасында бүкіл еліміз бойынша 286 қоғамдық қа­был­дау бөлмесі ашылды, оған 1 200-ден астам өтініш келіп түсті. Тұрғындар көтерген мә­селелерді шешу үшін жүйелі жұ­мыс атқарылды. Атап айт­қанда, қазақ­стандықтардың өті­ніштерін қа­рау нәтижелері бойынша Батыс Қазақстан облысының Ұялы ауы­лында электр желілері үшін жа­ңа бағаналар орнатылды. Ба­тыс Қазақстан облысының Жұл­­дыз ауы­лындағы мектепті сал­ған құрыл­ысшыларға жала­қы бо­йын­ша қарыздар тө­ленді. Та­раз қаласындағы құры­лыс­шылардың да осыған ұқсас мә­селесі шешілді. Тек партия мүшелерінің араласуы­нан кейін ғана Ақмола облы­сы­ның Крас­ный яр ауылындағы жол­­дарды жөндеуге қаражат бө­лінді.

Партия әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне баға мониторингі бойынша 216 топ құрды. Бір аптаға жетпейтін уақыт ішінде бүкіл еліміз бойын­ша 1 045 сауда нысанында 700-ден астам рейд жүргізілді. Анықталған фактілердің ішінде ең маңыздысы – белгілі бір тауар­лардың жетіспеушілігі, баға­сының көрсетілмеуі, бел­гіленген шекті бағадан асып кету. Әрбір анықталған проблема бойынша жағдайды түзету үшін жедел шаралар қабылданады.

Кеңес қорытындысы бойын­ша Amanat Төрағасы Ер­лан Қошанов партияның Ор­талық аппараты мен өңірлік филиал­дарының алдына жұмысты кү­шейту бойынша бірқатар нақты міндет қойды.