Әрине, біздің пікірге қосылу, қосылмауыңыз өз құзырыңызда… Тек біз мысалға алған картинаға қарап, сол ойға байланарыңызға сенімдіміз. Суреткердің сезімін әлдилеген, көңілін толқытқан түстердің таңғажайып қосындысы. Бұл қылқалам шебері Камила Жапалованың «Махаббат әуені» картинасы. Майлы бояумен жазылған махаббат хикаясы.
Композицияда отағасы мен оның бәйбішесі бейнеленген. Қазақы киімде, болмыс-бітімі ұлттың салт-дәстүрінен таған тартып тұр. Қара жерге құрақ көрпе жайып, қос ғашық қобыз үнімен қуат алуда. Қымыз ұсынған қыздың киіміне назар салыңызшы. Ескі дәуірдің келбетін көз алдыңызға әкеледі. Мұнда ибалылық, мейірімділік, тазалық, тектілік бар. Жігіттің де өн бойынан соны көреміз.
Айнала түгелдей сағымға ұласқандай, тіршілік толқындай тербеліп тұр. Құдды қос ғашыққа қосылып табиғат ән айтып тұрғандай. Қазақы ою өрнектер майда желдей бұрала орналасқан. Әйелдің қолындағы тостағаннан бөлек тағы екі тостаған берілген. Қонақ келсе, құшағы ашық қазақтың пейілін елестетеді. Бір-біріне тақала жайғасқан екеудің қобыз үніне балқып отырғаны анық.
Автор картинаны «Махаббат әуені» деп атауы бекер емес. Кенеп бетінде шынымен музыка бар. Оны ойлы оқырман бірден байқайды. Қоңыр даланың құшағында қоңыр әуенге теңіздей тербелген ер мен арудың бір-біріне деген сүйіспеншілігі көзге оттай басылады. Солармен бірге барлық әлем тербеліп тұрғандай. Сүйгендердің қашанда өз әні, өз тағдыр-тәлейі болуы заңдылық.