Қоғам • 08 Тамыз, 2022

Есірткі саудасы өршіп, пәтер тонау азайды

442 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Құқық қорғау қызметкерлері елімізде жекелеген құқықбұзушылық, қылмыс санының азая бастағанын айтады. Алайда Ішкі істер министрлігінің апталық есебіне қарасақ, елдегі криминогендік жағдай әлі де алаңдатарлық жағдайда. Бір апта ішінде 3 400-ге жуық қылмыс жасалған.

Есірткі саудасы өршіп, пәтер тонау азайды

Бір аптада орын алған 3 397 қылмыстың 1 986-ның ізі суымай ашылған.  Полиция қызметкерлері 7 кісі өлтірген қаскөйлерді, 1 кісі өліміне әкелген денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірген, 1 қарақшылық жасаған, 34 тонау және 539 бөтен мүлікті ұрлаған күдіктілерді бірден құрықтаған.

ІІМ Криминалдық поли­ция де­партаменті үшінші басқар­ма­сының аға жедел уәкілі Сағындық Жантеміровтің айтуынша, Қазақ­станда соңғы алты жылда интернет­алаяқтықтың саны айтарлықтай артқан (21 мыңға дейін). Жыл басынан бері 11 763 оқиға тіркеліп, алаяқтардың кесірінен 7 млрд теңге шығын келтірілген. 571 қылмыскер, 17 ұйымдасқан қыл­мыстық топ мүшелері ұсталған. Бүгінде алаяқтар абоненттік нө­мір­лерді ауыстыру бойынша сер­­вистерді, ұялы телефондарға қа­шықтан қол жеткізу үшін арнайы қосымшаларды пайдаланады. Сондай-ақ олардың арасында шетелден әрекет ететіндер де бар. Осы орайда қазақстандық байланыс операторлары ауыстырылған абоненттік нөмірлерді бұғаттау жүйесін енгізіп жатыр, бұл телефон арқылы жасалатын алаяқтық фактілерін азайтады, деді ІІМ-нің өкілі.

Елде өршіп тұрған қылмыстың бірі – есірткі саудасы. Мәселен, Жамбыл облысының жергілікті тұрғындары есірткі таратумен жылдар бойы айналысқан. Екі күдіктіні тінту кезінде олардан таратуға дайындалған, 15 пакетке салынған синтетикалық мефедрон есірткісі табылған. Олар­дың әлеуметтік желілердегі хат-хабарларын зерттеу барысында  күдіктілердің есірткілерді жасырын орындарға қойғандары белгілі болды. «Клиенттермен» хат алмасуда көрсетілген орын­дар бойынша полиция қызметкер­лері Таразда және оның маңында жасырылған есірткілердің көзін жойды. Нәтижесінде, мефедрон жасырылған 29 орын анықталған.

Сондай-ақ Өскеменде бейне­бақылау жүйелерінің көмегімен есірткі сатушы ұсталып, жасырын зертхана жойылған. Облыстық есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімшесінің қызметкерлері қа­ла орталығындағы үйлердің бірін­­де басқа қаладан келген жі­гіт тұ­­ратыны және оның пә­тер­ден кеш­ке қарай шығып ке­тетіні туралы ақпарат алады. Ба­қы­лау ба­рысында жас жігіттің күн сайын пә­терден кешке қарай рюк­зактар­мен шығып, ауданды айналып өтіп, түнде үйге орала­тыны анықталған. Осылайша, оның есірткі жасырумен айналысат­ыны белгілі болды. Ұстау кезінде күдіктіден «альфа-pvp» синтетикалық есірткісі тәр­кіленді. Жауап алу барысында күдіктінің бұрын Қарағандыда тұрғаны, ал Өскеменге ақша табу мақсатында есірткі өндіру және өткізу үшін келгені белгілі болды. Жалдамалы үйді тінту барысында полицейлер сатуға дайындалған тағы 600 грамм синтетикалық есірткіні анықтаған.

Ал елде пәтер ұрлығы азая бастаған. Бұл қылмыс тү­ріне 3 жыл бұрын жазаның ауыр­лағаны ықпал еткен болуы керек. С.Жантеміровтің айтуынша, ұры­лардың пәтер иелерімен ымы­раға келуі оңай екені ескеріліп, 2018-2019 жылдары қолданыс­та­ғы Қылмыстық кодекске бірқатар өзгеріс енгізілген еді. Бүгінде бірнеше рет пәтер тонап, үй-жай­ларға заңсыз кіргендер аса ауыр қылмысқа жол бергендердің санатына жатады. Оларды 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондай-ақ бар мүлкі тәркіленеді. Сондай-ақ ұрыларға тосқауыл болатын тұрғын үйлердің аулаларында 68 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Жалпы, соңғы уақытта қабылданған шаралардың нәтижесінде 5 жылда пәтер тонау саны 33,4%-ға төмендеген. «Мәселен, 2017 жылы 37 893 ұр­лық тіркелсе, 2018 жылы – 34 623, 2019 жылы – 31 153, ал 2020 жылы – 14 532, 2021 жылы 12 655 пәтер ұрлығы анықталған. Пәтер тонауға қатысты 2017 жылы 37 мыңнан астам қылмыс тіркелген болса, 2021 жылы олардың саны 12 мың­нан аспайды. Алайда қазіргі пәтер тонаушылар ұрлық тактикасын, пәтерлерге ену әдістері мен дағдыларын үнемі жетілдіріп отырады. Олар заманауи технологияларды, ұялы байланыстарды пайдаланады. Пәтер ұрлығы негізінен күндізгі уақытта, атап айтқанда, барлығы жұмыста немесе мектепте болғанда жасалады», деді С.Жантеміров.