Медицина • 08 Тамыз, 2022

Оңалту орталығына оң көзқарас қажет

205 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Әлем» балаларды оңалту орта­лы­ғы жергілікті шенеу­нік­­тер­дің бюрократтық бөге­ті­нен біраз уақытқа жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Қаржылық қиын­дықтарды бастан кешірген емдеу меке­ме­сі церебралды сал ауруына шалдыққан және тірек-қимыл жүйесі бұзылған жасөс­пі­рім­дер­ді қабылдап, оларға ем-дом шараларын жасайды. Кәсі­би орталықта соңғы 23 жыл ішінде мыңға жуық бала көмек алған. Алайда соңғы уақытта ұйым әлеуметтік тап­сырыс шеңберінде кедер­гі­лерге кездесуде.

Оңалту орталығына оң көзқарас қажет

Оңалту орталығы 1 тамыз күні аяқ астынан жабылып қалды. Ме­кеме директоры, аймаққа қайы­рым­дылық шараларымен танымал Шаттық Сүйінішова мұндай қадамға жергілікті мемлекеттік меке­мелермен әлеуметтік тапсырыс бойынша келісімге қол жетпегені себепті мәжбүрлі түр­де барып отырғанын хабарлады. Орталықта соңғы уақытта қар­жы­лық қиындықтар туындап, мұнда ем алатын әрбір балаға қа­зы­надан бөлінетін қаражат өте аз көлемде төленіп келген. Ұйым басшылығы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына т­а­риф­ті көтеру жөнінде бірнеше мәрте шыққанымен, нәтижеге қол жеткізе алмапты. Бұл мәселе балалары дертке шалдыққан жергілікті ата-аналардың наразылығын тудырып, келеңсіз жайт облыс билігінің құлағына жетті.

Мәселенің ізімен «Әлемге» хабарласып, мән-жайды сұрадық. Шаттық Ешмұратқызы жол жүріп кеткені себепті, болып жатқан жайсыз жағдайдың себеп-салдарын директордың орынбасары Хилуа Қалымова түсіндіріп берді.

– Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы соңғы екі жылда әлеу­меттік тапсырыс шеңберінде там-тұмдап қаражат бөліп, бізге ем іздеп келетін жеткіншектердің санын көбейтуге мүмкіндік алдық. Сізге шындығын айтайын, 2000 жылы ашылған мекеме былтырға дейін тек қайырымдылық қаражатына жұмыс істеп келді. Шаттық Сүйінішова үнемі ұйымдағы әлеуметтік қызмет­керлердің еңбекақысын, мекеменің жалға алу төлемін, тағысын-тағы шығындарды көтерді. Осы үшін талай мәрте республика тарапы­нан сыйлыққа ұсынылған. 2019 жылы «Халық сүйіктісі» атан­ды. Дегенмен оның да өз отбасы бар. Соңғы уақытта барлық шығынды жабуға қалтасы көтере бермеді. Осы қиындық жомарт жанды ты­ғырыққа тіреді. Әрі бізге әлеу­мет­тік тапсырыс береміз деген соң балалардың санын көбейтіп, кеңеюді жоспарлаған едік. Жалға алған ғимарат жанынан үлкен бассейн саламыз деген жобамыз дайын тұр. Алайда мемлекеттік тапсырыс бала басына бір айға 4 997 теңгеден бөлінеді. Әлеуметтік тапсырысты көбейтуді, оны тым болмағанда 6 600 теңге етіп белгілеуді сұра­ғаны­мызбен, өтінішіміз қана­ғат­тандырылмады. Әлгі қара­жат ештеңеге жетпейді. Сәуір айында орталық үшін бюджеттен 34 млн теңге бөлініп, жоғарыдағы тариф бойынша сәуірден шілде айына дейінгі аралықта аталған соманың небары 12 млн теңгесін игере алдық. Балалар болса бізге ағылып келіп жатыр. Көбінің бюджет ақша бөліпті дегенді естігені де бар. Бүгінде алпысқа жуық жеткіншекті күнделікті әкеледі. Бірақ олардың тең жартысы әлеу­меттік тапсырысқа іліге алмады. Себебі кейбір жеткіншектерде қояншық ауруының (судорожный синдром) белгілері болуына байланысты дәрігерлік рұқсат қағазы берілмейді. Ал балаға шұғыл түрде ем-дом қабылдау керек. Шат­тық Ешмұратқызы бізге баласын әкелген ата-аналардың бетін қайтармауды үнемі ескертіп отырады. Басшының айтқанын екі еткен емеспіз. Осыған орай, мемлекеттен бөлінетін қаражат аз болып шықты. Алдағы 4 ай ішінде мұндай екпінмен қалған 22 млн теңгені игере алмайтынымызды, тарифті көтеруді сұраған едік, басқарма бірден бас тартты. Сосын директорымыз әлгіндей шешімге баруға мәжбүр болды, – деп түсіндірді мән-жайды Хилуа Қалымова.

Орталыққа церебралды сал ауруына шалдыққан және тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар келеді. Өздігінен жүре алмайтын жеткіншектер орталықта түрлі жаттығулар жасап, массаж қабылдайды. Мамандар бұл­шықеттерін созып, жүруге талпын­дырады. Сөйлеу жүйесі бұзыл­ғандарға логопед маман көмек­теседі.

Бүгінде Екібастұз қаласы бо­йынша әлгіндей диагноз қойыл­ған 247 бала болса, соның 130-ы – орталықтың тұрақты ем­де­лу­­шілері. «Әлемге» тек Ертіс-Баян өңірінен ғана емес, Абай облы­сынан, Алматы, Талдықорған қала­ларынан, көрші Ресейден де мүмкіндігі шектеулі балалар келіп емделеді. Шеттен ем іздеп келгендерге мұнда қайырымдылық аясында тегін ем-дом көрсетіледі.

«Бізге көбіне жағдайы жоқ отбасылар, жалғызбасты аналар хабарласып, ауруға шалдыққан балаларын әкелейікші деп өтінеді. Жуықта Ресейдің Удмуртия же­рінен бір бала ем қабылдады. Еш­бірінің өтінішін жерге тастаған емеспіз. Бірақ соңғы уақытта қызметкерлеріміз тұрақтамайды. Себебі еңбекақы аз, қолға алатын жалақының көлемі 90 мың теңге болды. Жуықта оны шама-шарқымызша көтеріп, 105 мың теңгеге жеткіздік. Жұмыс іздеп келетіндер бұл соманы да аз дейді», деп мұңын шақты директордың орынбасары.

Қуанышымызға орай, өткен аптаның соңында Екібастұз қала­сының әкімі Ардақ Қаңтарбаев «Әлемнің» жабылуына жол бер­мей­тінін, бұл мәселе облыс бас­шы­лығының назарында екенін жеткізді. Әлеуметтік желідегі ресми парақшасында: «2021 жылдан бастап алғаш рет мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жартылай стационар жағдайында тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арнайы-әлеуметтік қыз­мет­тер көрсетілуде. Ағымдағы жылы «Әлем» БОО-мен шарт жасалды, қаржыландыру орындалған жұмыстардың ұсынылған акті­леріне сәйкес уақтылы, ай сайын жүргізіледі. Әрине біз орталықтың одан әрі жұмыс істей беруін қа­лаймыз.

Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов облыстың жұмыспен қамтуды үйлес­тіру және әлеуметтік бағдар­ла­малар басқармасы, Екібастұз қала­сының әкімдігі және жұрт­шылық өкілдерінен тұратын жұмыс тобын құруды тапсырды. Жұмыс тобы «Әлем» балаларды оңалту орталығының өкілдерімен бірлесіп тиісті талдау жүргізді, мәселені оң шешудің бірнеше нұсқасын ұсынды.

Жиналыстың қорытындысы бойынша, 2022 жылдың 8 тамызынан бастап «Әлем» балаларды оңалту орталығының қызметі қайта басталатыны туралы шешім қабылданды», деп жазды ол.

Осы жаңалықтың нәтижесін білмек болып Хилуа Шакарқызына тағы хабарластық. Ол оң шешімнің шыққанын растады. Айтуынша, басқармадан өкілдер келіп, ба­ла басына ай сайын төленетін әлеуметтік тапсырыстың көлемін 8 мың теңге етіп белгіленетінін жеткізген. Ал келесі жылы бұл сома одан әрі өседі деп уәде етіпті. Сондықтан 22 млн теңгені жылдың соңына дейін игеріп шығуға сенім зор.

Осы уақытқа дейін «Әлемде» 880 бала ем қабылдаған. Баласы ауыр дертке шалдыққан ата-аналар бір-бірінен естіп, орталыққа келушілер саны бүгінде еселене түспесе, азайған емес. Келер жылы қазіргіден де көп болады деп болжануда. Жауапты бас­қарма осы жағдайды ескеріп әрі жоғарыдағыдай келеңсіздік қайталанбас үшін 2023 жылдың әлеуметтік тапсырысына қомақты сома белгілегені абзал болар. Бұл – екібастұздық ата-аналардың өтініші. Жыл санап қаржылық жағдайы қиындай түскен «Әлемді» сақтап қалу керек. Себебі мұндай орталық Екібастұзда біреу ғана.

 

Мұрат ҚАПАНҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы