Қоғам • 08 Тамыз, 2022

Балалар бәсекелестігіне байыппен қарасақ...

1646 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстандық балалар тек телеви­зия­лық ән байқауларынан ғана емес, халық­аралық өнер жобалары мен шоу концерт­терден де бой көрсетіп жүр. Телефо­ны­мыз­ға «немерем байқауға қаты­сып жатыр еді, мына сілтемеге өтіп, дауыс бер­сеңіз, бағы жанғалы тұр» деген сарын­да­ғы смс-өтініш хабарламалар жиі түсіп жатады.

Балалар бәсекелестігіне байыппен қарасақ...

Баланың тағдыры тап сенің дауысыңа тіреліп тұрғандай, жылдар бойы жүздеспеген танысыңның бейтаныс баласына бас бар­ма­ғыңды аямай басып, тілеулес боласың. Кейін оның жүлдегер болғанын естігенде, бір жұлдызды өз қолыңмен жаққандай, қа­зақ өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқандай марқаятыныңды қайтерсің.

Әртіс балалардың тұтас толқыны қалып­тасуына жан аямай жұмыс істеп жатқан осы байқаулардың мұраты не? Мұның сыртында ақшасы қалтасына сыймаған немесе баласының өнері арқылы табыс табуды көздеген ата-ана тұр ма әлде нағыз таланттың өзі жасырулы ма? Ата-аналар баласын жастайынан бәрінен де мықты болуға үйретеді. Бұл түсінікті. Ұлы Моцартты да әкесі күйсандыққа мәжбүрлеп отырғызған. Бірақ бұл балақайлардың ол Моцартта бәсі болғанымен, бақ-жұлдызы бірдей бола алмайтынын бала білмесе де, анасы ескерсе керек-ті.

Қазір балалар шоу-бизнесінде бәсекелес­тік өте күшті. Арманшыл бозбала мен бой­жет­кен­нің көпшілігі 15-16 жасқа келгенде ғана саналы түрде әнші болуды қаласа, бұл жастағы кейбір «балалардың» сахна өнерінде он жылдан артық тәжірибесі бар болып шығатыны қалыпты жағдайға айналды. Баласының болашақтағы «бақытын» қазірден болжап, аспан астынан ақшасы көп жұмыс тауып, ел алдында абырой-атағы асқақ болуы үшін жас­тайынан байқаудан байқауға қуалап, бір конкурстан келесі конкурсқа үдере көшіп жүретін балалардың ата-аналары бұл бәсекенің қауіпті салдарын тұспалдап жатпайды. Орын алудың мүмкіндігі болмаса, опынып, өкініп, ауыр қабылдайтын бала емес, ең алдымен, ата-анасы. Баласын бақытқа жеткізгісі келетін ата-ана мен бойда жасырылған қабілетті ашудың шекарасы сонда қай жерден белгіленуге тиіс?

Кез келген қала, аудан орталықтарында не көп, балалар өнерін дамытумен айналысатын орталықтар көп. Көркемсөзге, вокалға, сахнаға, жарыққа шығаруға дайындайтын орталықтар қазір тіпті онлайн байқау ұйымдастырудың да шебері болып алды. Оларға Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығымен ғана бекітілетін мемлекеттік байқаулардан гөрі жеке байқауларды ұйымдастыра салу оңайырақ. Бұл байқауға балалар тегін қатыса алмайды, ұйымдастырушыларға жарнасын төлегеннен кейін ғана жарқылдаған сахнада өнер көрсетуге жолдама алады. Соңынан «балалардың сағын сындырып алмайық» деген желеумен жүлдені шүлен таратқандай асқан жомарттықпен оңды-солды тарата беру бұларға түк емес. Ақшасы төленген соң бәріне бірдей бас жүлде, қос-қостан бірінші, екінші, үшінші орын белгіленіп жатады. Рас, талантты балалар көп болуы мүмкін, бірақ Гран-при – біреу ғана. Байқау ережесін белден басып, Қазақстандағы балалар шоу-бизнесін майшелпекке айналдырып, күреп табыс тауып жүргендер бұл жағынан ендігі шетелдің өзін шаң қаптырып кетті-ау, шамасы. Мұндай бәсеке-жарысқа қатысар алдында деңгей деген дүниенің болатынын қатысушы тарап бір уақ қаперіне де алмайды. Деңгейі төмен бәйге үшін жанын сала дайындалып, жүлдеге таласып, дипломды қорабымен жинағанның пайдасыз екенін түсінбейді. Жеңіс иеленіп, орын алған баланың ата-анасы мәз, «балам лауреат болды» деп, дипломын әкеліп, тіпті аудан, облыс әкімінің қабылдауын қалайтындардың да кездесетінін қайтерсіз. Өнердің биігін аласартып бара жатқан өресіздікке күйінгенімен, коммерциялық бағыттағы толып кеткен жеке байқауларды тоқтату туралы ешкім тіс жармайды. Тікелей ата-анасының қаражатымен алған бір бет қағаз бен лауреаттық атақтың баланың өнерін дамытуға қалай айтсақ та қауқары жетпейді. Балалар үшін жеке коммерциялық бағыттағы байқауларды ұйымдастыру тоқтатылуға тиіс. Ал арнайы қаулымен мәдениет мекемелері ұйымдастыратын мемлекеттік байқаулардың соңында сұрауы бар, ол туралы сөз басқа.

Бала бәсекелестірудегі қауіпті салдардың зиянын қоғамнан бұрын үрей мен уайым жетегінде әлді мен әділетсіздіктің қайшы­лы­ғымен сәт сайын кездескен жас өскін тартады. Бәсекелестік деген ең алдымен, өз қабілетін жүзеге асыру, мақсатқа жету жо­лын­дағы жеке бас кемшілігін жою жеңісі екенін балдырғандарымыз түсінсе игі. Бала тәр­биесіне байыппен қарайтын елдерде ұр­па­ғының рухани интеллектісі биік болуына мән береді. Музыканы түсінсе, сурет, театр өнерінен хабары болса, елге сапалы азамат қосылды деп қуанады. Сол себепті ата-ананың ақшасы сансыз дипломдар мен алғыс хаттарға емес, бала интеллектісінің дамуына жұмсалса ғана ақталатыны анық.