Елдегі газ өндірісіне жауапты «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жәркешовтің айтуынша, жағдай мәз емес. Бізге жаңғыртылған ұзақ мерзімді стратегия қажет, онсыз Орталық Азия газ хабында Қазақстанның геосаяси позициясын күшейту мүмкін емес.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы елде тауарлық газ тапшылығы орнауы мүмкін екенін, осы бағытта шаралар қабылдау қажеттігін тапсырған еді. Шындығына келгенде, біздің елдің газ қоры 100 жылға жеткілікті. Жер қыртыстарында 3,8 трлн текше метр газ бар. Алайда соншама отынды өңдеу қуаттылығы төмен. Соншама газды жер бетіне алып шығу – орасан шығын.
Қазіргі кезде елімізде үш газ өңдеу зауыты – Теңіз, Жаңажол және Жаңаөзен зауыттары бар. Енді солардың қатарына Қашағандағы зауыт қосылмақ. Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, жаңадан тұрғызылып жатқан зауыттың қуаттылығы – жылына 1 млрд текше метр. 1 400-ден астам жұмыс орнын құрады деп жоспарлануда. Құрылысы былтыр басталған зауыт 2024 жылы пайдалануға берілмек.
Дегенмен компания ішкі нарық үшін тауарлық газдың қосымша көлемін қалыптастыру нәтижесінде тапшылықты 2023-тен 2024 жылға жылжыта алған.
«Біз бір жылды ұттық, бірақ тауарлық газ тапшылығы әлі толық шешілген жоқ» дейді кәсіпорын.
Көмірден газға ауысуына байланысты келесі жылы тауарлық газ тұтынатын кәсіпорындар мен газ-химиялық жобалар көбейе түспек. Сондықтан келесі жылдан бастап-ақ сұраныстан ұсыныстың басым түсетіні аңдалады. Бұл, әрине, отандық газ өндірісі саласындағы үлкен тәуекелге айналмақ.
«Мемлекет газды жер қойнауын пайдаланушылардан өзіндік құнынан төмен бағада сатып алады. Әр текше үшін QazaqGaz 10 теңге жоғалтып отыр. Болжам бойынша 2022 жылдың өзінде компания 180 млрд теңге жоғалтады. Баға саясаты мен тарифті қайта қарамаса алдағы 2-3 жылда QazaqGaz трлн теңге шығынға батады. Бұл ретте компания баға реттеуге араласпайды. Газ саласындағы баға мәселесін мемлекеттік органдар қадағалайды», дейді С.Жаркешов.
Бас энергетик Болат Ақшолақов газ өндірушілерін ынталандыру мақсатында бірқатар нақты қадам жасалатынын мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, Ұлттық экономика министрлігімен жаңа газ жобалары үшін фискалды преференциялар ұсыну келісілген. Бұл жеңілдіктер – өндіріс басталғаннан кейін 10 жылға дейін ұжымдық табыс салығын алмау, өндіріс басталғаннан кейін 10 жылға дейін экспорттық баж салығын алмау және сондай-ақ жер қойнауын пайдаланғаны үшін балама салық бойынша жеңілдік режімін қолдану құқығы. Министрдің айтуынша, мұндай жеңілдіктер 2030 жылға таман тауарлық газ өндірісін 42,1 млрд текше метрге дейін жеткізуге мүмкіндік береді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша елде 29,4 млрд текше метр тауарлық газ өндірілген. Нақтырақ айтқанда, 2030 жылға таман елдегі шикі газ өндірісінің көлемі 87 млрд текше метрге жетеді деп жоспарланып отыр. Алайда соның тек 42,1 млрд-ы ғана тауарлық газға айналдырылып, қалғаны жеке мақсаттарға пайдаланылады немесе жер қыртысына қайта айдалады (жаңа өндіріс үшін).
Жалпы, газ саласында 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Олар газ тасымалдау жүйесін жаңғыртуға, жылу электр стансалары мен елді мекендерді газбен қамтамасыз етуге, сондай-ақ тауарлық газдың ресурстық базасын ұлғайтуға бағытталған. 10 жобаның екеуі биыл аяқталса, алтауы жүзеге асыру кезеңінде тұр, тағы 2 жоба бойынша жұмыс 2023 жылы басталмақ.
Қазақстан газ қоры бойынша әлемде 22-орын алады және ТМД елдері ішінде Ресей мен Түрікменстаннан кейінгі үшінші позицияда. Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2017-2021 жылдар аралығында елімізде газ тұтыну көлемі 4,8 млрд текше метрге (13,8-ден 18,6 млрд текше метрге) артқан.