«Super Bol» жас футболшылар жобасын Президент жанындағы «Dara» дарындыларды қолдау қоры және Freedom Broker инвестициялық компаниясы қолға алған. Футболға бейім өрендерді іріктеу жобасы Семей қаласынан бастау алып, Павлодар, Ақтөбе, Ақтау, Тараз, Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында жалғасын тапты. Бірегей жоба 16 мен 25 жас аралығындағы жас футболшылар үшін өз шеберлігін шыңдаудың таптырмас алаңына айналғанын айта кету керек. Еліміздің әр өңірінен іріктеліп, жүзден жүйрік шыққан 50 өрен болашақта кәсіби командалар сапында ойнауға жолдама алған еді.
Соңғы бір ай бойы Талғардағы ұлттық құраманың базасында дайындық жасаған жастар әр апта сайын азулы командалармен жолдастық кездесулер өткізіп тұрды. Дей тұрғанмен, олар үшін бір кездері өздері үлгі тұтқан Қазақстан құрамасының өкілдерімен бір алаңда доп тебу айтулы оқиға болды.
Қазақстанның ардагерлер құрамасында алаңға Самат Смақов, Давид Лория, Нұрбол Жұмасқалиев, Андрей Карпович, ағайынды Азовскийлер, Фархадбек Ирисметов, Дмитрий Бяков, Александр Кучма, Максим Жалмағамбетов, Қайрат Әшірбеков, Данияр Мұқанов, Сергей Бойченко, Юрий Новиков, Игорь Солошенко, Руслан Балтиев, Эдуард Сергиенко секілді уақытында жасыл алаңда жасындай жарқылдаған кіл мықтылар шықты. Сондай-ақ жолдастық кездесуге кезінде Испанияның «Реал Мадрид», Италияның «Интер» клубында доп тепкен Эстебан Камбьяссо арнайы шақырылған. Футбол ардагерлері командасына бұрынғыдай Арно Пайперс жетекшілік етсе, «Super Bol» реалити-шоуының қатысушыларына айтулы футбол маманы Талғат Байсуфинов бапкерлік жасады.
90 минут бойы тартыспен өткен ардагерлер мен жастар бәсекесі көрерменге ерекше әсер сыйлады. Жанкүйерлер әлдеқашан жасыл алаңмен қош айтысқан сүйікті ойыншыларын қайта көргенде қиқулап сала берді. Трибунадан олардың есімдері аталған сайын ыстық ықыласпен демеп отырды. «Super Bol» командасы «ә» дегеннен-ақ ойынды жігермен бастады. Ардагерлер командасының қақпасын қайта-қайта нысанаға алған жас жігіттер аға буынды біраз састырды. Ойынның 10-минутында жастар өкілі Тимур Төлегенов есеп ашса, араға бірер минут салып Эмин Мұсаев есепті еселей түсті. Осы қарқынды жалғастырған Дунайбек Аянхан мен Әлібек Жәрдемов алғашқы таймның соңына дейін қарсыластары қақпасына тағы да екі гол салды. Осылайша, бірінші тайм «Super Bol» командасының пайдасына 4:0 есебімен аяқталды.
Екінші таймда ардагер спортшылар ширығу керек екенін түсінді. Сәт сайын ойыншы алмастырған аға буын алға ұмтылып, жастарға қарсы жігер танытуға тырысып бақты. Екінші кезеңде ұлттық құрама шеберлері Нұрбол Жұмасқалиев, Бауыржан Исламхан, Мұрат Тілешов, Қайрат Әшірбеков төрт голмен жауап қайтарып, таразы басын теңестірді. Осылайша, ойын 4:4 есебімен тең аяқталды. Матчтан кейін футбол жанкүйерлері аяқдоп шеберлерімен естелік суретке түсіп, сүйікті ойыншыларынан автограф алды.
Айта кету керек, Qazsport арнасы арқылы көрерменге тікелей эфирде жол тартқан дода қайырымдылық мақсатқа негізделген. Билеттер сатылымынан түскен қаржы қайырымдылық қорына аударылып, игі мақсатта жұмсалмақ.
АЛМАТЫ