Мәдениет саласындағы мұң-мұқтажға дер кезінде назар аударылмайтыны, жалақысының аздығы бұрыннан белгілі жайт, бірақ Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жастар театрында, Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде, Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі ғимаратында өткен мәдениет саласы мамандарының пленарлық мәжілістері бұл саладағы кемшіліктің тереңдеп кеткенін көрсетті. Көпшілік көңіл жадыратар концерттер мен рухани өрісі кең кештерді қол соғып тамашалағанына риза, ал сахна сыртындағы жылдар бойы үсті-үстіне жамалып келе жатқан келеңсіздіктен көпшілігі бейхабар.
Аймақтардағы жергілікті мәдениет саласының көшін сүйреп келе жатқан тәжірибелі мамандар мәселені ішінен білетіндіктен шындықты бүркемелеп әуреге түспеді. Қарағанды қаласы Кеншілер мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі Саят Әбдіғалидің айтуынша, Мәдениет үйлері мен Мәдениет сарайларында сала жұмысын реттейтін бірқатар құжат отыз жылдан бері өзгермеген. Мәдениет үйлерінде ансамбль, әншілер, бишілер, хор секілді көркемөнерпаздар ұжымы қамтылатыны белгілі. Бірақ осы мәдениет мекемелерінде, көркемөнерпаздар ұжымында, шығармашылық орталықтарда штаттық кесте бойынша қанша адам болуы керек деген сұрақ нормативті құжатпен бекітілмеген. Ендеше, ала-құлалығы басым бұл ұжымдардың кейбірі құжатсыз жұмыс істеп келе жатыр дегенді білдірмек. Бір ауданның шығармашылық ұжымында екі адам жұмыс істесе, басқа аудандағы тап осындай ұжымда жиырма адам жұмыс істеуі мүмкін. Тап осы Қарағанды қаласындағы Е.Рахмадиев атын иеленген академиялық симфониялық оркестрінің атынан келген өкіл де жалақының мардымсыздығынан маман тапшылығы өткір сезілетінін айтты. Музыканттар тұрақтамайды. «Мамандарды ұстап қалу үшін оқу орнын бітіргеннен кейін қолына жолдама беріп, барған жерінде үш жылға дейін тұрақты жұмыс істеуді міндеттейтін бұрынғы тәртіпті қайта жаңғырту керек болар» деген ұсыныс айтылды. Сондай-ақ «академиялық» деген мәртебе үшін министрлік тарапынан беріліп, кейін тоқтатылған қосымша 20 пайыз үстемеақыны да қайта жаңғыртса, келген маманды ынталандыруға игі ықпалы болар ма» деген ұсыныс та мәдениет қызметкерлерінің көңілінен шықты. Бұл жанайқайын өңірге келген Президенттің кеңесшісіне де, бұрынғы Мәдениет министрлеріне де жеткізген. Бірақ ешкім естімейді.
Аудандық, ауылдық жердегі Мәдениет үйлерінің жұмысын бір ізге түсіруді өтінген тек Қарағанды қаласынан келген қызметкер емес, Түркістан облысындағы 250-ге жуық Мәдениет үйінің кейбірінің басындағы ахуал да Қарағандыға қарайлас. Мұнда да ансамбль, оркестр, би ұжымдарының штаттық кестесі қарастырылмаған. Жиырма жыл бұрын Шардара аудандық Мәдениет үйінде спектакль қойылып, оны бүгінгі М.Әуезов атындағы Ұлттық театрдың директоры, сол жылдары жаңадан танылып келе жатқан өнер зерттеушісі Еркін Жуасбек барып көріп, кәсіби сын айтып, қойылымға жан-жақты баға берген жақсы кезең болған. Ал қазір халық театрларының репертуарына зер салып, олардың әр жаңа қойылымын Алматы мен елорданың қай өнер сыншысы арнайы барып тамашалап, пікір білдіріп жатыр? Халық
театрлары болса, кәсіби сын мен қолдауға зәру. Тап қазір сусап отыр. Кез келген ауылдың әлеуеті мен мәдениеті әкімдігінен емес, тап осы Мәдениет үйінен басталады. «Халық» деген мәртебе иеленіп отырған осы ауылдардағы халық театрлары, халыққа маңызды, мазмұнды кеш ұйымдастырумен айналысатын Мәдениет үйлерінің рөлі мен жауапкершілігі кеңестік кезеңдегіден кем болмауға тиіс. Өзге өңірлерде сахнаны 70-80 өнерпаз дүбірлетіп отырғанда, Павлодар қаласындағы халық аспаптар оркестрі 30 адамды қанағат тұтуға мәжбүр. Аз. Алайда бұдан артық ауқымды жергілікті бюджет көтере алмайтын көрінеді. Бұл саладағы жағдай осыдан он, жиырма жыл бұрын қалай болса, әлі күнге ілгерілеудің, дамудың ізі байқалмайды. Айтпақшы, мұндағы облыстық симфониялық оркестр мүшелерінің саны да отыз.
Аймақ болған соң ахуалы осылай болар дейміз, қалада, Алматының төрінде қазақ өнерінің алтын қазығы болып отырған Абай атындағы Ұлттық опера және балет театры да қиындықтан ада емес. Әріптестерімен бірге сөз алған театрдың бас дирижері Ерболат Ахмедияров қынжыла тұрып жеткізген бір шындық – аспаптың жетіспеушілігінен Абай атындағы Ұлттық опера театрының музыканттары жеке өз аспабымен ойнауға мәжбүр. Мысалы, шет мемлекеттерде музыкант театр сахнасында өткен спектакль, концерттерде өз аспабымен шығып ойнаса, ол үшін өтемақы төленеді. Мекеменің меншігінде тұрған аспаптар уақыт өте келе тозады. Театр көрерменге аптасына екі опера, екі балет ұсынады, төрт спектакльдің күндіз репетициясы, кешке сахналық қойылымында дамылсыз ойналатын музыкалық аспаптар тез ескіреді, әрі олардың бағасы да арзан тұрмайды.
Ал опера театрының оркестрде ойнайтын музыканттары отыз жылдан бері киім ауыстырмаған десе, кім сенеді? Ұлттық статус алдық деп бөркін аспанға атып қуанып жүрген әртістер әлі күнге 1980 жылдары тігілген костюммен сахнаға шығады. Рас, әйелдердің киімі 2000 жылдары жаңартылды, бірақ ер адамдардың иініндегі костюмдер ескі. Осы отыз жылда бұл театрда бірнеше директор ауысты, жаңа басшылар келді. Бірақ костюм жаңармады, аспап ауыстырылмады. Уақыт болса өтіп жатыр, музыканттар айтқан өтінішті құлықсыз тыңдап, орындауға құрғақ уәде беріп құтылатын басшылар жылы орын тауып, жылыстап кете барады. Мұқтаж музыкант мұңына сүйеніп қала береді. Ал білген адамға Қазақстанның нағыз ұлттық бренді – Абай атындағы Ұлттық опера және балет театры, ол – ұлттық мәдениеттің мақтанышы ғана емес, мемлекетіміздің бет-бейнесі. Ар-ождан, айбыны. Ұлт өнерін таныстыру үшін шетел көрерменінің алдына шығатын музыканттарымызды ескі костюммен сүмірейтіп шығарғанның орнына ине-жіптің көзінен жаңа шыққандай жұтындырып қойған әлдеқайда жарасымды емес пе?
Биылғы 2022 жылға Мәдениет және спорт министрлігіне ел бюджетінен 46,6 млрд теңге бөлінген. Соның өзінде мәдениетіміздің беделін көтеретін ең сәтті жобалар жеке тұлғалардың демеушілік қаржысымен жүзеге асырылып жататыны өтірік емес. Тіпті ауылды жердің мәдениет қызметкерлері шағын мерекелік мәдени іс-шараны ұйымдастыру үшін жергілікті кәсіпкерлердің көмегіне жүгінеді. Мәдениет форумында сала министрі Дәурен Абаев «аспандағы айды» әпере алмайтынын, тек нақты қолынан келетін шаруаны шешуге уәде ететінін айтқан болатын және қордаланған мәдениет мәселелері форумда емес, нақ осы «Қазіргі заманауи жағдайда музыканттың жеке бренді» деген тақырыпта өткен панельдік жиындарда айтылған-ды. Осының бәрін мұқият тыңдап, қойындәптеріне түртіп алған орынбасарлары министрге айна-қатесіз жеткізіп, ендігі шешу жолдарын қарастырып жатқанына еш күмән тудырғымыз келмейді.
Қазақстан ұлттық мәдениеті әлемдік пандемия әлегінің салдарынан, тіпті одан бұрын да иектеген көңілсіз кезеңінен арыла алмай келеді. Халықтың бірлігі мен мәдени құндылықтың құрдымға кетуіне дейін апаратын мұндай қолайсыз бағыттың салдары ауыр болмақ. Әр адам өз есімін өзі қалыптастыратын еңбек нарығында, бәсекелестік дәуірінде жеке брендке айналу маңызды болар. Бірақ бренд қатардағы қызметкердің қарапайым мәселесінің шешім табуынан басталады. Бренд деген киімдегі жарқын стиль немесе әлеуметтік желідегі жеке қолтаңба емес. Өзегінде, ең алдымен, кәсібилік, танымалдылық, бедел деген сипаттары жатуға тиіс брендке айналу үшін оны өмір бойы табыстарға жетелейтін ерекше кәсіби формулалары болуы маңызды. Сондықтан мемлекет қолдап отырған мәдени саясаттың жүйелі жұмыс істеуінің бір тетігі өңірлерде өз қазанында қайнап жатқан мәдени ошақтардың белсенділігіне тікелей байланысты екенін жадыдан шығармаған жөн болар.
АЛМАТЫ