Жаңа Зеландияның премьер-министрі Джасинда Ардерн басқаратын Лейбористік партиясы 2020 жылы 49,1 пайыз дауыс жинап, парламентте 64 мандат иеленген еді. Жеңіліс тапқан екінші партия – Ұлттық партияның (NAT) жетекшісі Джудит Коллинз Ардернді құттықтап, оның партиясы елеулі өзгерістер әкеледі деген сенімін жеткізіп, «үш жыл тез өте шығады. Үш жылдан кейін тағы да сайлау. Біз әлі ораламыз», деген болатын. Межелі мерзім жақындап келеді. Сарапшылар Джасинда Ардерннің қайта сайлану мүмкіндігі әлдеқайда төмен екенін айтады. Өйткені кейінгі сауалдамалар Жаңа Зеландияның оңшыл коалициясы жеткілікті қолдауға ие екенін көрсетіп отыр. Орталық-оңшыл ұлттық партиясын халықтың 37 пайызы қолдайды. Ал Ардерн басқаратын лейбористер партиясы халықтың 33 пайызының қолдауына ие.
Осы орайда лейбористер партиясы 9 пайыздық үлесі бар жасылдардың дәстүрлі серіктестерімен одақтасса да, үкімет құруға қажет 50 пайыздық межеге жетпейді. Kantar poll сауалдамасының бұл нәтижелері лейбористердің беделі айтарлықтай құлдырағанын көрсетеді.
Келесі сайлауға әлі бір жылдан астам уақыт бар. Сарапшылар бұл Ардерн үкіметіне беделін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік береді деп есептейді. Бірақ ай сайынғы сауалдама көрсеткіші көңіл көншітпей тұр. Қазіргі билікке деген елдің сенімі күн өткен сайын төмендеп барады. Өйткені елде өмір сүру құны шарықтап, жаңазеландиялықтардың көңіл күйі мәз емес.
Ардерн TVNZ телеарнасына берген сұхбатында қазір экономикалық тұрақсыздық тек Жаңа Зеландияда емес, өзге шетелдерде де орын алып жатқанын алға тартады. «Экономикалық қиындықтарға қарамастан Жаңа Зеландияның артықшылығы бар. Мәселен, жұмыссыздық деңгейінің, қарыздың төмендігін айта аламын. Туризм қайта жанданып келеді. Бұл көрсеткіштер болашаққа серпін береді. Мен еліміздің дамуына оптимизммен қараймын», деді ол.
The Guardian басылымының хабарлауынша, қазіргі үкімет беделінің түсуі экономикалық себептерге байланысты. Kantar poll сауалдамасы жаңазеландиялықтар экономикаға жалпы пессимистік көзқараспен қарайтынын көрсетті. Оған қатысқандардың 49 пайызы алдағы 12 айда экономикалық жағдай нашарлайды деген ойда, ал 26 пайызы жағдай жақсарады деп есептесе, 25 пайызы өзгеріссіз қалады деп санайды.
Жаңа Зеландияда қазір инфляция деңгейі 7,3 пайызды құрайды. Бұл соңғы 32 жылдағы ең жоғары көрсеткіш деп санайды қаржыгерлер. Елде соңғы жылдары үй бағасының құны төмендеп, кейбір үй иелеріне зиянын тигізген. Бірақ ипотека бойынша пайыздық мөлшерлемелердің өсуі және құрылыс материалдарының қымбаттығы тұрғындардың көңілінен шықпай отыр. Пәтер жалдау ақысы да өскен. Халықтың жұмыссыздық деңгейі төмен болса да, тұрғындардың басым көпшілігі бағаның шарықтап бара жатқанын айтады. Сонымен қатар сарапшылар Жаңа Зеландияның салық реформасы да баяу жүзеге асып жатқанына алаңдаулы.
Джасинда Ардерн – кейінгі 150 жылда Жаңа Зеландияны басқарған ең жас көшбасшы. Ол отыз жеті жасында премьер-министр қызметін атқарып, әлемдегі ең жас көшбасшыға айналды. Джасинда ханым өзінің басым бағыты ретінде кедейшілік пен әлеуметтік әділетсіздікке қарсы күресті. Әсіресе әйелдердің құқықтарын қорғауды мақсат етті. Ардерн жақтастары оны жаңазеландиялықтар үшін саясаттағы адамгершілікті бейнелейтін тұлға, биліктегі шынайы және қамқор феминистің үлгісі ретінде көретінін айтады.
Ардерннің алғашқы премьер-министрлік қызметі қиын сынақтармен басталды. Билікке келген жылы Крайстчерч қаласында екі лаңкестік әрекет жасалды. Алдымен лаңкестер Риккартон маңындағы мешітке келушілерге оқ атып, содан кейін Линвуд ислам орталығында лаңкестердің қолынан 49 адам қаза тауып, тағы 51 адам жарақат алды. Сол кезде Ардерн Крайстчерчке ұшып келіп, мұсылмандардың алдына шығып Жаңа Зеландияда бүкіл дін мен кез келген ұлт өкіліне орын бар екенін айтып, сөз сөйледі, қолдау білдірді. Ардерн үшін тағы бір сынақ Уайт-Айленд туристік аралында жанартаудың атқылауы болды. Жиырма адам қаза тауып, аман қалғандардың барлығы шұғыл эвакуацияланды. Джасинда Ардерн ауруханада зардап шеккендермен және дәрігерлермен кездесіп, олардың отбасыларымен сөйлесті, аман қалғандарға қолдау білдірді. Сарапшылардың айтуынша, саясаткердің осындай игі істерін халық әлі де ұмыта қойған жоқ.