Оқиға • 10 Тамыз, 2022

Алматы облысында әскери қызметкер қаза тапты

361 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5571 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі қайтыс болды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР ҰҰ «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы облысында әскери қызметкер қаза тапты

Жауынгерлік дайындық жоспарына сәйкес 5571 әскери бөлімінің 1 жедел мақсаттағы батальон жеке құрамы 2022 жылдың 8 және 13 тамызы аралығында 5574 әскери бөлімінің оқу орталығында далалық жаттығуда болған.

«2022 жылғы 9 тамызда сағат 20:55 шамасында қатты дауыл көтеріліп, жел салдарынан сарбаздар орналасқан шатыр қалашығы бүліне бастаған. Қатардағы А.Н. Шахимов әріптестерінің қауіпсіз орынға шығуына көмектесіп жүріп шатырдан соңғы болып шыққан кезде, шатырдың темір жақтауы басына тиіп жарақат алған.

Қатардағы А.Н. Шахимовқа жедел медициналық көмек көрсетіліп, санитарлық көлікпен Қонаев қаласындағы қалалық ауруханаға жеткізілген. Қалалық аурухана дәрігерлері сарбаздың қаза болғанын растады. Қатардағы А.Н. Шахимов өзінің жанқиярлық әрекетімен жолдастарын құтқарып, өкінішке қарай, өзі қатты соққыдан қаза болды», делінген хабарламада.

А.Н. Шахимов 2003 жылы туған. Ұлттық ұлан қатарында 2022 жылдың көктемінде Ақмола облысы Көкшетау қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департаментімен шақырылған.

«Дерек туралы кезекші қызмет желісі бойынша тиісті органдарға хабарланды. Оқиғаның мән-жайы анықталып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қызметтік тексеріс тағайындалды.

ҚР Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы мерзімдік қызмет әскери қызметшісі А.Н. Шахимовтың ата-анасы мен жақындарына орны толмас қайғыға ортақтасып, көңіл айтады», делінген хабарламада.