Энергетика министрлігі жанар-жағармайдың бөлшек саудадағы 6 айға арналған шекті бағасын бекіткеннен бері елдегі бензиннің «қолжетімді құнына» көз салғандар азаймай тұр. Әсіресе көршілес Өзбекстан мен Қырғызстанның саудагерлері тонналап тиеп әкетуге тырысып бағуда. Мәселен, кеше Қаржылық мониторинг агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің өкілдері АИ-95 маркалы бензинді Қазақстан аумағынан заңсыз әкету әрекетінің жолын кесті. Агенттіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, көлемі 280 тонна, құны шамамен 90 млн теңге болатын жанармай құйылған 5 вагон-цистерна ұсталды. Оларды жанармай қоспасы деген желеумен Өзбекстанға алып кетпек болған. Мамандардың қорытындысына сәйкес темір жол цистерналарынан алынған сынамалар К-4 экологиялық класындағы АИ-95 бензині екені анықталған. Тергеу барысында белгілі болғандай, келісімшарт бойынша шетел компаниясының пайдасына елден жалпы сомасы 45 млн долларға 50 мың тонна жанармай экспорттау жоспарланған екен.
Ал Қырғызстан БАҚ-тың хабарлауынша «Қордай» шекаралық бекетіне іргелес елді мекендердің жол жиегінде бензин саудасы «қызып тұр». Ұйымдастырылған сауда орындарында пластикалық ыдысқа құйылған АИ-92 маркалы қазақстандық бензиннің 1 литрі 55 сом және АИ-95 маркалы бензиннің 1 литрі 58 сомға сатылып жатқан көрінеді. Қырғызстанның жанармай құю бекеттерінде бензин құны шамамен 60-63 сомды құрайды. Саудагерлердің сөзінше, жанармайды оларға жергілікті (қырғыз) және қазақстандық жеткізушілер әкеледі. Осылайша, шекара арқылы бензин тасымалдау тұрақты табыс көзіне айналған.
Бір кездері Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы бөлім бастығы Мақсат Мамытқанов Қырғызстан бюджеті жанар-жағармай контрабандасының кесірінен жыл сайын 5 млрд сомнан астам қаржыны жоғалтып отырғанын айтып дабыл қаққан болатын. Мамытқановтың айтуынша, заңды сатушылар мен заңсыз сатушылардың бензин бағасының айырмашылығы 10 сомға дейін жетеді.
Қырғызстанға бензин жеткізушілердің қатарында қазақстандық азаматтар да бар. Сондай-ақ Қаржылық мониторинг агенттігі тарапынан отынның заңсыз айналымымен ірі кәсіпорындардың қызметкерлері де айналысатыны анықталған. Мәселен, құқық қорғау органдарының өкілдері тергеу барысында 15 көтерме жеткізушіден 610 млн теңгеден астам сомаға 3,5 мың тонна АИ-92 маркалы бензин сатып алу фактісін анықтады, ол кейіннен белгісіз тұлғаларға «Унгефуг» ЖШС-дан құжаттарсыз сатылған. Дәл осы ЖШС құжатсыз жалпы сомасы 550 млн теңгеден астам, жалпы көлемі 2,4 мың тонна дизель отынын сатқан. Қазірде сот процесі аяқталып, Ж.Шұғатаев 6 жылға, С.Унгефуг 4 жыл 6 айға, Е.Шамиев 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылып, олардан 3 көлік пен 3 жартылай жүк тіркемелерін тәркілеуге үкім шықты.
Осы жылдың 12 шілдесінен бастап Қазақстан аумағынан автомобиль көлігімен бензин, дизель отынының және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін белгіленген нормадан артық шығаруға тыйым салынған болатын. Осы заңнама мен Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Қаржылық мониторинг органдары мұнай өнімдерін заңсыз экспорттауды ауыздықтау бойынша қатаң шаралар қабылдауда. Алайда әзірге енгізілген шектеулерге қарамастан, Қырғызстанмен, Өзбекстанмен шекаралас аумақтарда қазақстандық бензинді контрабандалық жолмен жеткізу, оны саудалау әрекеттері жалғасуда. Осы орайда Қаржылық мониторинг агенттігі жанар-жағармай материалдарын республикадан тыс жерлерге заңсыз сату немесе әкету фактілері туралы хабардар болған немесе уәкілетті органдар мен ұйымдардың қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану фактілеріне тап болған тұрғындарды, ҚМА немесе аумақтық департаменттерге тәулік бойы қызмет көрсететін сенім телефондарына хабарласуын сұрайды.