Қоғам • 10 Тамыз, 2022

Ауылдағы ағайынның әлеуетін тиімді қолданбай жүрміз

493 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда өзін өзі жұмыспен қам­тып, ешкімге телмірмей, тіршілігінің арбасын өлермендікпен сүйреп жүрген отандастарымыздың басым бөлігі ауыл­дық жерлерде тұрады. Жұрттың бәріне табысы әжептәуір жұмыс табыла бермейтін бүгінгі заманда олардың еңбегін бағалау әрі қолдау мәселесіне назар аудару қажет-ақ.

Ауылдағы ағайынның әлеуетін тиімді қолданбай жүрміз

Біз жоғарыда айтып өткен ауыл адамдары малын бағып, шөбін жинап, бақшасын күтіп, тағы басқа да шаруасын күйттеп таң­ат­­қаннан қара кешке дейін бір тыным тап­пайды. Бұған қарап, «е-е, істесе өзі үшін ғой» деп қоя салуға болады. Бірақ олардың еш­­кімнен жұмыс сұрамай, жәрдемақы алмай, нақ­тылай айтқанда, мемлекетке иек артпай-ақ өз тіршілігін қамдап жүргенін ескеруіміз керек. Бұл – түсінгенге мемлекетке үлкен көмек. Сондықтан оларды қоғамымыздағы қол­дау күтетін бір әлеуметтік топ ретінде қа­растыру сұранып тұрғандай.

Өзін өзі жұмыспен қамтып, өзінің жеке шаруашылығын жүргізу, үй іргелік жерінің өнімі арқылы әлеуметтік мәселесін шешіп жүрген азаматтардың қалай дегенде де қолы қысқа. «Шықпа жаным, шықпамен» күн өткізіп, аяғын алшаң басуға мұршасы бола қоймайды. Осы жағдаят оларды шыдамның де шегі бар демекші, өз ауылдарын тастап, «жайлы мекен іздеп» кетулеріне мәжбүр етеді.

Бұл топтағы азаматтар көбіне облыс, аудан орталықтарынан шалғай жатқан, маңайында өндіріс орындары жоқ елді мекендерде өте көп. Сондықтан, өзінің жеке шаруашылығы арқылы күнін көріп отырған баршаға мемлекет тарапынан оң көзқарас, кең қолдау қажет.

Осы орайда аталған топтағылардың қо­лын­­дағы кез келген өнімді пұлға айнал­ды­руларына оңтайлы жол ашқан жөн. Әрине, бұл істе оларды делдалдарға жем қылмай, өнімдерін нарықтық бағамен сатып алу мә­селесін ұйымдастыру өте өзекті. Осы жұ­­мысты мемлекет жергілікті басқару ор­ган­дары арқылы қолға алып, оны тиімді жүргізе білсе, ауылдағы ағайынның жеке шаруашылығы өндіріс ошағына, бақшалық жері қазына көзіне айналып шыға келер еді. Сондай-ақ өзінің жеке шаруашылығы арқылы күнкөрісін қамдап отырған ағайынды түрлі жолмен қаржылай қолдап, осылайша, оларды ынталандыру ісін қолға алу маңызды. Ет-сүт өнімдерінен бастап, жұмыртқа, жүн-жұрқа, тері-терсекке дейін нарық бағасына сатып, ақшаға айналдырған, сонымен қатар мемлекеттен қаржылай қолдау көрген ағайын ештеңеге алаңдамай, жұмыстарын қарқынды жүргізе берер еді.

Бұл жерде бірінші кезекте мемлекеттің, содан кейін ауылдағы ағайынның берекесі артады деп ойлаймыз. Тарата айтар болсақ, тұрғындар еліміздің ауыл шаруашылығын өркендетуге үлесін қосуға үлкен мүмкіндік алады әрі тұрмысын жақсартады, ал мемлекет баянсыз бағдарламаларға сеніп уақыт өлтірмей, аталған саланы дамытуға серпін беретін отандық, бұрыннан ескерусіз жатқан зор күшті іске қосар еді. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарын жаппай экономикалық белсенді, әлеуетті күшке айналдырады.

Бүгінде ауылдан қалаға келіп жатқан жұрт аз емес. Олар қалаларға көбіне табыс табу мақсатында келеді. Бұл үрдіс қала­лар­да түрлі әлеуметтік мәселенің туын­­дауына әкелетіні айтпаса да түсінікті. Тір­­шілігіне ауыл шаруашылығын өзек етуге тиіс еліміз қазірден бастап ауылдағы аға­йынды өз орындарынан қозғамауды ой­ла­ғаны жөн. Сол үшін бірінші кезекте, жоғарыда айтып өткеніміздей, ауылдарда жеке шаруашылығын күнкөрістің көзі еткен отандастарымызға ерекше көзқарас керек.

Біз қалай болғанда да ауыл шаруашы­лығына иек артпай өркеніміз өспесін қазірден біліп отырған елміз. Олай болса, күні ертең қаладағы тас тамға қамалып, сонда тұрып үйреніп қалған кешегі ауыл­дықтарды, олардың ұрпағын еліміздің ауыл шаруашылығын дамыту ісіне қайта тарту қиын болады. Бұл қазақтың кең-байтақ даласын келешекте сырт елдің жұмыс іздеп келген азаматтары толтырады деген сөз.

Қорыта айтқанда, біз басқа емес, өзіміз­дің әлеуетімізді тиімді пайдалануға бет бұруымыз керек. Осы орайда «отандық қандай тетіктерді іске қоссақ өркеніміз өседі, тұрмысымыз түзеледі?» деген сауалға ыждағаттылықпен жауап іздегеніміз дұрыс. Бұл сұрақтың бір жауабы – ауылдағы еңбекқор ағайынның өндірген дүниесі табыстың қайнары екеніне көзін жеткізу, сондай-ақ қызығушылығын оята отырып, оларды экономикалық белсенді азаматтардың қатарына қосу.