Абай • 11 Тамыз, 2022

Абай мұрасы асқақтады

343 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздің рухани ордасы Алматыда «Абай күніне» арналған бірқатар шаралар шоғыры өтті. Мегаполис тұрғындарына ерекше көңіл күй сыйлаған мазмұнды жобалар рух мерекесінің маңызын арттыра түскенін айтуға тиіспіз.

Абай мұрасы асқақтады

«Абай күнін» мерекелеу ақын ескерткішінің алдына гүл шоқ­тарын қойып, ұлы тұлғаның рухына тағзым етумен басталды. Іс-шараға қабырғалы қаламгерлер бас­таған зиялы қауым, қала билі­гінің өкілдері мен жас абайтанушылар қатысты. Аға буын жас­тарға тағылымды ой тастап, Абай әле­міне таза көңілмен үңілуге шақырды.

«Алатау» дәстүрлі өнер театры­ның қыз-жігіттері ме­троға түсіп, жолаушыларды Абай ән­дерімен сусындатты. Му­зыкалық аспаптар асынған кә­сіби шеберлер бәзбір тұтас театр метроға көшіп келгендей әсер сыйлады. Осылайша, сұлу сөз бен сырлы саздан қуат алған алма­тылықтар жұмысқа шат көңілмен аттанды. Өнерпаздарға ризашылық көңілін білдірген тұрғындар алғысын айтып, қариялар батасын берді.

«Расында жұмысқа ерекше көңіл күймен бара жатырмыз. Бүгін халқымыздың ұлы ақынының туған күні екенін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Өзім де бұл күн ресми түрде «Абай күні» деп атал­ғанын бүгін біліп отырмын. Бұдан былай жүрген жерімде айта жүремін. Өнерпаздарға көптен-көп рахмет, Абай әндерін бәріміз қосыла шырқадық», дейді қала тұрғыны Бейбіт Есенбаев.

«Абай күнін» айрықша атап өткен «Алатау» театры кешке қарай «Күн артынан күн туар» атты театрландырылған концер­тімен көрерменге әдемі әсер сыйлады. Кеште хакімнің «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем Қалам­қас», «Татьянаның әні», «Қараңғы түнде тау қалғып» секілді танымал әндері орындалды.

Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде «Абай шығармаларына арналған иллюстрациялар» тақырыбында танымдық дәріс өтіп, кемеңгер тұлғаның кенептегі кесек бейнесін паш еткен арнайы көрме ұйымдастырылды. Ұлы тұлғаның образдары мен шығармаларына арналған қыл­қалам шеберлерінің кескіндемелік, графикалық және мүсіндік туындылары атаулы күннің маңызын салмақтай түсті. Өнертанушы Сандуғаш Мырзабекова жүр­гізген дәріс барысында Абай бейнесіне және оның мұрасына суретшілер көзімен қайта қарауға шақыратын пайымды пікірлер айтылды. «Қоғам өзгерді, әлемдік өркениетке еркін араласып, рухани дүниеге жаңаша қараудың үлгісін тани бастадық, жаңа әдістемелер мен технологиялар тасқыны да ағылып келіп жатыр. Суретшілеріміз үшін Абай бейнесі, оның шығармаларындағы образдар тың кейіпте ашыла бастады», дейді өнертанушы.

Шаһардағы тағы бір мәдениет ошағы Мемлекеттік Орталық музейде өткен «Жүректің көзі ашылса» атты әдеби-шығармашылық кеш шымылдығы «Темірен» театр­ы сахналаған моно-драмамен ашылып, ақындар мен әншілердің ән-жыр шашуына ұласты. Жиналғандарды өнер ордасының директоры Рашида Харипова, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып бастаған қонақтар құттықтап, тұтас ел көлемінде аталып өтіп жатқан «Абай күнінің» маңызына тоқталды. Дәстүрлі әнді дәріп­теген Еркін Шүкіманов, Саят Нұрғазиндер Абай әндерін тебірене шырқап, Әлібек Шеге­бай, Әсел Оспан, Айгүл Жұ­маділ қатарлы ақындар ойшылға арнаған өлеңдерін оқыды. Му­зей төрінен орын алған «Ұлы даланың ұлы ақыны» көрмесі Абай бейнесіне тереңнен үңілу­ге шақырады. Топтама музей қорындағы ақын өмірі мен шығар­машылығына қатысты шоқтығы биік шығармаларды қамтыған.

Таным ордасының талай тарихын көздің қарашығындай сақтап отырған Алматы музейі де Абай күнін мерекелеуден қалыс қалған жоқ. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей қорынан арнайы әкелінген экспонаттар келушілер назарына ұсынылды. Музей қонақтары Абай әлеміне қатысты тың дерек­терге қанығып, ақынның ту­ған жері, өскен ортасы туралы әзір­ленген бейнематериалмен та­нысты.

Сондай-ақ бұл күні Ұлттық кітапханасында, жоғары оқу орындарында поэзия кештері өтіп, Абай мұрасы асқақтады. Ұлы ақынның асыл мұрасын насихаттау мен жас ұрпақ бойына сіңіруге бағытталған игі шаралар Алматы қаласында тамыз айының соңына дейін жалғасады.

 

АЛМАТЫ