Білім • 11 Тамыз, 2022

15 мыңға жуық оқушы жаңа мектепке барады

388 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы қаласының әкімдігі биыл үш ауысымды мектептер мәселесін толығымен жойып, балалардың заманауи мектептерде білім алуына жағдай жасап отыр. Осы орайда алдағы жылдың соңына дейін 14 245 оқушы орнына есептелген 22 мектеп пайдалануға берілетін болады.

15 мыңға жуық оқушы жаңа мектепке барады

Бұл жайында биылға арнал­ған жергілікті бюджетті нақ­тылау бойынша өткен қала мәс­ли­ха­ты­ның XVI сессиясында қала әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді. Мегаполис басшысының айтуынша, білім беру саласына 275,2 млрд теңге қарастырылған (жергілікті бюджеттен – 196,2 млрд, республикалық бюджеттен – 79 млрд). Бюджетті нақтылау аясында қосымша 9,4 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.

Соңғы жылдары қала тұрғын­дарын мегаполис аумағының ұлғаюына байланысты мектептер мен балабақшалар жетіспеушілігі толғандыруда. Осы орайда оқу­шы орнының тапшылығын азайту мақсатында 46 мектептің құ­ры­лысы жалғасып, Бостандық, Әуезов, Алмалы, Жетісу аудан­да­рындағы мектептерге жапсарлас 5 ғимараттың құрылысын аяқ­тауға қосымша 1,8 млрд теңге қа­растырылып отыр.

Бүгінде Бостандық ауданында мектептер мен балабақшалардың құрылысы қарқын алып келеді. Өңір­лік коммуникациялар қызме­тінде аудан әкімінің орынбасары Ренат Сейдраманов мектептердің құ­ры­лысы мен кеңейту жұмыс­та­ры­ның үздіксіз жүріп жат­қа­нын жеткізді. Қазірдің өзінде
1 625 орындық №38, 60, 199 мек­тептерге жапсарлас құры­лыс­тар пайдалануға беріліп, 300 оқушыға арналған №191 мектеп маңындағы құрылыс аяқ­талып қалды. Әлеуметтік жауап­кершілік аясында №146 лицей ғимаратына қосымша 300 орынға арналған құрылыс жұ­мыстары аяқталды. Алдағы уақытта Bazis-А компаниясы №65 жалпы білім беретін мектепке қосымша 300 орынға арналған құрылыс жұмыстарын бастайтын болады. Сонымен қатар №81 мектеп-гимназиясы мен № 40, 45 жалпы білім беретін мектепке сейсмикалық күшейту, Орбита-3 шағын ауданындағы № 145 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Қалада жекеменшік мектеп­тер­дің ашылуы орын тап­шы­лы­ғын азайтуға ықпал етуде. Был­тыр ауданда 705 орындық 6 мектеп ашылған. RAMS City тұрғын үй кешенін салу барысында 1 100 орындық мектеп пен екі балабақша салу қа­рас­тырылса, № 21 гимназия аумағындағы 120 орынды жаңа балабақша құрылысы аяқ­талды. Сондай-ақ  №71 бала­бақша ғимаратын күрделі жөн­деу­мен қатар сейс­ми­калық жа­ғы­нан күшейту жұ­мыс­тары да аяқ­талды. Науаи кө­ше­сінде орна­лас­қан, ашылуы биыл 1 қыркүйекте жоспарланып отырған № 113 балабақша ғи­ма­ра­тына күрделі жөндеу жұ­мыс­тары жүргізілуде. Ауданда сонымен қатар денсаулық сақтау нысандарының құрылысын ны­ғай­ту да басымдыққа ие. Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, «Балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығының» опе­рациялық блогы бар қабыл­дау бөлімшесі корпусының құ­ры­лысы жалғасуда. Ғимаратты ке­ле­сі жылдың сәуір айында аяқтау жоспарда тұр.

Ал Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғай атап өткен деректерге тоқталсақ, ауданда халық саны артып келеді. Осыған орай әлеуметтік нысандарға да сұраныс артып отыр. Бүгін­де шағын ауданда тұрғын үй құ­ры­лысы қарқынды бой көте­ріп, оқушы орындарының тап­шы­лығы мәселесін шешу бағы­тын­да­ғы жұмыстар жүйелі іске асуда. 2 700 орынды үш мектептің құрылысы қарқынды жүруде. Оның қатарында «Қалқаман» шағын ауданындағы 1 500 орынды және «Шұғыла» шағын ауданында орналасқан әрқайсысы 1 200 орынды екі мектеп бар.

Биыл «Қалқаман» шағын ауда­нында 1 800 орынды мектеп және «Ақжар» мен «Тау­са­­малы» шағын аудандарын­да әрқайсысы 120 орынды 2 ба­ла­бақ­ша пайдалануға беріледі. Ал «Ақжар» және «Рахат» шағын аудандарында 2 жекеменшік мек­теп ашылды. Заманауи жаб­­­­дық­тар­мен жабдықталған «Заман» жекеменшік мектебінің құ­­ры­лысы аяқталды. Санжар То­ғай атап өткендей, бүгінде аудан­да 100 жекеменшік бала­бақ­ша мен 5 мемлекеттік бала­бақ­ша жұмыс істейді. Алайда бұл ны­сан­дардағы орын да жет­кі­ліксіз болып отыр. Сондықтан Құ­рамыс және Шұғыла шағын аудандарында екі мемлекеттік балабақшаның құрылысын бас­тау жоспарланды.

 

АЛМАТЫ