Қоғам • 11 Тамыз, 2022

Ұлттық қор – ұрпақ игілігі десек...

1464 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, өткен ғасырдың тоқса­нын­шы жылдарындағы өтпелі кезеңде тап болған экономикалық қиын­дықтарды еңсерген тұста – 2000 жылы болашақ ұрпақ игілігіне арналған Ұлттық қор құрыл­ғаны мәлім. Қор 2008 жылы басталған дүниежүзілік қаржы дағдарысы кезінде және коронавирус пандемиясы қай мем­лекеттің болсын экономикасына ауыр соққы болып тиген кейінгі жылдары егемен еліміздің қуат­ты қаржылық тірегіне айналды.

Ұлттық қор – ұрпақ игілігі десек...

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өр­кендеуінің берік негізі» Жол­дауын­да: «Соңғы кезде бюджеттің шығыс бөлігіндегі міндеттемелерді орындау үшін бюджет тапшылығы ұлғайып, Ұлттық қордан алынатын трансферттер көбеюде. Үнемі осылай «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүре алмаймыз. Біздегі қаржылық орнықтылықтың қоры соншалықты шексіз емес. Бюджеттің кірісін арттыру үшін шаралар қабылдау қажет екені сөзсіз. Бірінші кезекте, мемлекеттік шығыстардың ауқымын және оның тиімді жұмсалуын бақылауда ұстау керек», деп Ұлттық қорды ортайтпаудың маңыздылығын атап айтты.

Ұлттық қордан тек кейінгі үш жыл ішінде 12 триллион теңге, яғни 30 миллиард долларға жуық қаржы алынып, әртүрлі мақсаттарға, соның ішінде коронавирус пандемиясының зардаптарын еңсеруге жұмсалды. Осыншама қаражаттың қалай игерілгеніне биыл Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті арнайы аудит жүргізіп, елеулі кемшіліктерге жол берілгенін анықтады.

Мәселен, еліміздің даму бағдар­ла­малары республикалық және жер­гі­лікті бюджеттердің, сондай-ақ жеке инвестициялардың есебінен қоса қар­жы­ландыру жағдайында жүзе­ге асырылады. Ұлттық қордың қаражатын осылай шашырата пайдалану оның тиім­ділігін бағалауға мүмкіндік бер­мей­ді. Тек 2021 жылы ғана нысаналы трансферт арқылы жалпы сомасы 787 млрд теңгені құраған (1 жобаға орта есеппен 450 млн теңге) 1750-ге жуық инвестициялық жоба қаржыландырылып, олардағы Ұлттық қордың үлесі 13,3 пайыздан 100 пайызға дейін болған. Осы жобалардың 86,5 пайызы инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа тие­сілі, ал жаңа өндіріс ашуға небәрі 7 жоба бағытталған (0,7 пайыз). Олар – Солтүстік Қазақстан облысындағы «ПТФ» Жаңа құс» ЖШС құс фабрикасы, «Зеленый Север» және, Green Smart Farm жылыжай кешендері, Zha-Group LTD және «Алисарай» сүт-тауарлы фермалары, Қарағанды облысының Саран қаласындағы шиналар өндірісі және Қостанай облысындағы жүк авто­мобиль­дерінің жетекші белдеме­ле­рінің басты берілістерінің редукторларын шығаратын зауыт.

Ұлттық қордан бөлінген қаржыны өз мақсатына пайдаланбау фактілері де бар. Мысалы, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігі 5 жыл ішінде 2 миллиард ағаш отырғызу, балық өнімдерін өндіру мен экспорттау көлемін ұлғайту үшін 2021 жылы алған қаражаттың 700 миллион теңгесін ведомстволық ба­ғы­ныс­ты кәсіпорындарына автокө­ліктер, жаб­дықтар мен ноутбуктер сатып алуға жұм­саған.

Ол ол ма, аудит барысында 2015-2021 жылдары пайдаланылмаған және Ұлттық қорға қайтарылмаған қаражат сомасы 72,3 миллиард теңге екені анық­талған. Соның ішінде 2021 жылға тиесілі 60 миллиард теңге қаржы Ұлт­тық қорға қайтарылған. Өңірлік бюджеттерде игерілмей текке жатқан осыншама қаржыға ондаған мектеп пен аурухана салуға, немесе ел тұрғындары жанайқайлары шыға айтып жүрген басқа да талай өзекті мәселенің түйінін тарқатуға әбден болар еді.

Есеп комитеті Ұлттық қор қаражаты есебінен инвестициялық жобаларды іске асыруда орталық және жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қи­мы­лы нашар, мұның өзі олардың тиім­сіз жоспарлануына және пайдала­ны­луына әкеліп соғып отыр деген қоры­тын­дыға келген. «Қойшы көп болса, қой арам өледі» демекші, осындай жүйелі кемшіліктерге жол берілуінің негізгі себебінің бірі – Ұлттық қорға жүктелген міндеттердің орындалуы­на үш мемлекеттік орган мен екі кон­­сультативтік-кеңесші орган жа­уап береді. Нақты айтсақ, жоспарлау – Ұлт­тық экономика министрлігіне, кіріс­тер­ді есепке алу – Қаржы министр­лі­гіне, активтерді басқару – Ұлттық банкке, жалпы үйлестіру – Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңеске, бақылау Ұлттық қордан бөлінген қара­жаттың жұмсалуын бақылау жөнін­де­гі комиссияға жүктелген. Ал көп елде мұндай қордың қызметін бір-ақ мемлекеттік орган, әдетте Қаржы ми­нис­­тр­лігі немесе Орталық банк рет­тейді.

Тағы бір назар аударарлығы – Ұлттық қор есебінен қаржыландырылатын жобалардың түпкі нәтижесі туралы бірыңғай ақпаратты ешкім жинақтап, талдамаған. Сондай-ақ есептік ақпарат беруде ашықтық жетіспейді. Ал дүниежүзілік тәжірибеге сүйенсек, біздегі сияқты әл-ауқат қорлары бар басқа елдерде барлық процесс жет­кілікті түрде жария жүргізіледі. Олар­дың бәрінде дерлік арнайы веб-сайт­тар бар (www.nbim.no – Норвегия мұнай қоры, www.adia.ae – Біріккен Араб Әмірліктері, www.oilfund.az – Әзербайжан). Осындай сайттарда ұлттық қорлардың негізгі қағидаттары, қаржылық ақпараты, жауапты тұлға­лары, құқықтық режімі, миссиясы мен стратегиясы барынша анық көрсетілген. Мамандардың айтуынша, біздегідей Ұлттық қордың функцияларын межелеп бөлу ортақ көзқарас қалыптастыруға және экономикалық тұрғыдан негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік бермейді. Бұған қоса, Ұлттық қорды пайдаланушылар мен уәкілетті органдардың осы қор қаржысын жұмсау туралы шынайы емес ақпарат беру тәуекелі де жоғары.

Есеп комитеті жүргізген аудит нәти­жесінде анықталған бұзушы­лық­тар­дың жалпы сомасы – 20,5 миллиард теңге, соның ішінде қаржылық бұзушылықтар – 7,9 миллиард теңге, тиімсіз пайдаланылған бюджет қара­жа­ты мен мемлекет активтері – 8,7 миллиард теңге, тиімсіз жоспарланған қаржы – 4 миллиард теңге. 13 факті бо­йынша материалдар әкімшілік іс қозғау үшін уәкілетті органдарға жіберілген. Ал Karabatan Utility Solutions ЖШС қолданыстағы құрылыс және бюджет заңнамасын өрескел бұза отырып, ведомстводан тыс сараптаманы қайта жүргізбей, «Атырау облысында «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылым объек­ті­лерін салу (Қарабатан және Теңіз учас­ке­лері)». Су дайындау және ағындарды тазарту қондырғысы. 1-кезек» жобасы бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы негізсіз түзетіп, құрылыс-монтаж жұмыстарына нормативтік құжаттарда көзделмеген түзету коэф­фи­циентін қолдану арқылы жоба құнының сомасын 3 626,2 миллион теңгеге ұлғайтқанына байланысты тиісті мемлекеттік аудит материалда­рын процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберу ұйғарылған. Осындай шара Нұр-Сұлтан қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бас­қар­масының тапсырысына сәйкес «А91 көшесінен Астана-Қарағанды трассасына дейінгі учаскеде А105 көшесін инженерлік желілермен салу» жобасын іске асыру кезінде жол белгілерінің құнын 172,7 миллион теңгеге, яғни нарықтық бағадан 5 есе артық қымбаттату фактісі бойынша да қолданылатын болып отыр. Мұның бәрі – рәсуа болып жатқан Ұлттық қордың қаражаты.

Түйіндей айтсақ, Ұлттық қор қара­жатын қазіргі алмағайып кезеңде ел эко­номикасын тұрақтандыру мақса­тында пайдалану барысында жол берілген өрескел кемшіліктер мен қол­даныстағы заңнаманы белден басу­шылықтар аз емес. Сондықтан да Ұлттық қор туралы арнайы заң қабылдап, болашақ ұрпақ игілігіне арналған қаражаттың жинақталуы мен жұмсалуында ашықтық пен темірдей тәртіп орнату үшін қатаң шаралар белгілейтін кез жеткені анық.