Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауында: «Соңғы кезде бюджеттің шығыс бөлігіндегі міндеттемелерді орындау үшін бюджет тапшылығы ұлғайып, Ұлттық қордан алынатын трансферттер көбеюде. Үнемі осылай «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүре алмаймыз. Біздегі қаржылық орнықтылықтың қоры соншалықты шексіз емес. Бюджеттің кірісін арттыру үшін шаралар қабылдау қажет екені сөзсіз. Бірінші кезекте, мемлекеттік шығыстардың ауқымын және оның тиімді жұмсалуын бақылауда ұстау керек», деп Ұлттық қорды ортайтпаудың маңыздылығын атап айтты.
Ұлттық қордан тек кейінгі үш жыл ішінде 12 триллион теңге, яғни 30 миллиард долларға жуық қаржы алынып, әртүрлі мақсаттарға, соның ішінде коронавирус пандемиясының зардаптарын еңсеруге жұмсалды. Осыншама қаражаттың қалай игерілгеніне биыл Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті арнайы аудит жүргізіп, елеулі кемшіліктерге жол берілгенін анықтады.
Мәселен, еліміздің даму бағдарламалары республикалық және жергілікті бюджеттердің, сондай-ақ жеке инвестициялардың есебінен қоса қаржыландыру жағдайында жүзеге асырылады. Ұлттық қордың қаражатын осылай шашырата пайдалану оның тиімділігін бағалауға мүмкіндік бермейді. Тек 2021 жылы ғана нысаналы трансферт арқылы жалпы сомасы 787 млрд теңгені құраған (1 жобаға орта есеппен 450 млн теңге) 1750-ге жуық инвестициялық жоба қаржыландырылып, олардағы Ұлттық қордың үлесі 13,3 пайыздан 100 пайызға дейін болған. Осы жобалардың 86,5 пайызы инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа тиесілі, ал жаңа өндіріс ашуға небәрі 7 жоба бағытталған (0,7 пайыз). Олар – Солтүстік Қазақстан облысындағы «ПТФ» Жаңа құс» ЖШС құс фабрикасы, «Зеленый Север» және, Green Smart Farm жылыжай кешендері, Zha-Group LTD және «Алисарай» сүт-тауарлы фермалары, Қарағанды облысының Саран қаласындағы шиналар өндірісі және Қостанай облысындағы жүк автомобильдерінің жетекші белдемелерінің басты берілістерінің редукторларын шығаратын зауыт.
Ұлттық қордан бөлінген қаржыны өз мақсатына пайдаланбау фактілері де бар. Мысалы, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 5 жыл ішінде 2 миллиард ағаш отырғызу, балық өнімдерін өндіру мен экспорттау көлемін ұлғайту үшін 2021 жылы алған қаражаттың 700 миллион теңгесін ведомстволық бағынысты кәсіпорындарына автокөліктер, жабдықтар мен ноутбуктер сатып алуға жұмсаған.
Ол ол ма, аудит барысында 2015-2021 жылдары пайдаланылмаған және Ұлттық қорға қайтарылмаған қаражат сомасы 72,3 миллиард теңге екені анықталған. Соның ішінде 2021 жылға тиесілі 60 миллиард теңге қаржы Ұлттық қорға қайтарылған. Өңірлік бюджеттерде игерілмей текке жатқан осыншама қаржыға ондаған мектеп пен аурухана салуға, немесе ел тұрғындары жанайқайлары шыға айтып жүрген басқа да талай өзекті мәселенің түйінін тарқатуға әбден болар еді.
Есеп комитеті Ұлттық қор қаражаты есебінен инвестициялық жобаларды іске асыруда орталық және жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылы нашар, мұның өзі олардың тиімсіз жоспарлануына және пайдаланылуына әкеліп соғып отыр деген қорытындыға келген. «Қойшы көп болса, қой арам өледі» демекші, осындай жүйелі кемшіліктерге жол берілуінің негізгі себебінің бірі – Ұлттық қорға жүктелген міндеттердің орындалуына үш мемлекеттік орган мен екі консультативтік-кеңесші орган жауап береді. Нақты айтсақ, жоспарлау – Ұлттық экономика министрлігіне, кірістерді есепке алу – Қаржы министрлігіне, активтерді басқару – Ұлттық банкке, жалпы үйлестіру – Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңеске, бақылау Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылау жөніндегі комиссияға жүктелген. Ал көп елде мұндай қордың қызметін бір-ақ мемлекеттік орган, әдетте Қаржы министрлігі немесе Орталық банк реттейді.
Тағы бір назар аударарлығы – Ұлттық қор есебінен қаржыландырылатын жобалардың түпкі нәтижесі туралы бірыңғай ақпаратты ешкім жинақтап, талдамаған. Сондай-ақ есептік ақпарат беруде ашықтық жетіспейді. Ал дүниежүзілік тәжірибеге сүйенсек, біздегі сияқты әл-ауқат қорлары бар басқа елдерде барлық процесс жеткілікті түрде жария жүргізіледі. Олардың бәрінде дерлік арнайы веб-сайттар бар (www.nbim.no – Норвегия мұнай қоры, www.adia.ae – Біріккен Араб Әмірліктері, www.oilfund.az – Әзербайжан). Осындай сайттарда ұлттық қорлардың негізгі қағидаттары, қаржылық ақпараты, жауапты тұлғалары, құқықтық режімі, миссиясы мен стратегиясы барынша анық көрсетілген. Мамандардың айтуынша, біздегідей Ұлттық қордың функцияларын межелеп бөлу ортақ көзқарас қалыптастыруға және экономикалық тұрғыдан негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік бермейді. Бұған қоса, Ұлттық қорды пайдаланушылар мен уәкілетті органдардың осы қор қаржысын жұмсау туралы шынайы емес ақпарат беру тәуекелі де жоғары.
Есеп комитеті жүргізген аудит нәтижесінде анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы – 20,5 миллиард теңге, соның ішінде қаржылық бұзушылықтар – 7,9 миллиард теңге, тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты мен мемлекет активтері – 8,7 миллиард теңге, тиімсіз жоспарланған қаржы – 4 миллиард теңге. 13 факті бойынша материалдар әкімшілік іс қозғау үшін уәкілетті органдарға жіберілген. Ал Karabatan Utility Solutions ЖШС қолданыстағы құрылыс және бюджет заңнамасын өрескел бұза отырып, ведомстводан тыс сараптаманы қайта жүргізбей, «Атырау облысында «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылым объектілерін салу (Қарабатан және Теңіз учаскелері)». Су дайындау және ағындарды тазарту қондырғысы. 1-кезек» жобасы бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы негізсіз түзетіп, құрылыс-монтаж жұмыстарына нормативтік құжаттарда көзделмеген түзету коэффициентін қолдану арқылы жоба құнының сомасын 3 626,2 миллион теңгеге ұлғайтқанына байланысты тиісті мемлекеттік аудит материалдарын процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберу ұйғарылған. Осындай шара Нұр-Сұлтан қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының тапсырысына сәйкес «А91 көшесінен Астана-Қарағанды трассасына дейінгі учаскеде А105 көшесін инженерлік желілермен салу» жобасын іске асыру кезінде жол белгілерінің құнын 172,7 миллион теңгеге, яғни нарықтық бағадан 5 есе артық қымбаттату фактісі бойынша да қолданылатын болып отыр. Мұның бәрі – рәсуа болып жатқан Ұлттық қордың қаражаты.
Түйіндей айтсақ, Ұлттық қор қаражатын қазіргі алмағайып кезеңде ел экономикасын тұрақтандыру мақсатында пайдалану барысында жол берілген өрескел кемшіліктер мен қолданыстағы заңнаманы белден басушылықтар аз емес. Сондықтан да Ұлттық қор туралы арнайы заң қабылдап, болашақ ұрпақ игілігіне арналған қаражаттың жинақталуы мен жұмсалуында ашықтық пен темірдей тәртіп орнату үшін қатаң шаралар белгілейтін кез жеткені анық.