Әлем • 12 Тамыз, 2022

Әуежайдағы жарылыстың себебі белгісіз

159 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Украинадағы соғыстың басталғанына жарты жылға жуықтады. Бірақ қақты­ғыстың әзірге бітер түрі көрінбейді. Қа­зіргі таңда тараптар ішінара шабуылға шыққанымен, айтарлықтай өзгеріс жоқ. Соңғы бірнеше күнде бұқаралық ақпа­рат құралдарында Қырымдағы Сақ әуе­жайындағы жарылыс қызу талқы­ланып жатыр.

Әуежайдағы жарылыстың себебі белгісіз

Әзірге жарылысқа нақты не себеп болғаны белгісіз. Естеріңізге салсақ, 9 тамыз күні түс ауа Қырымның Сақ ауданындағы Новофедоровка ауылында жарылыс болып, салдарынан бір адам қаза тауып, тағы бірнеше адам жараланды. Reuters агенттігінің хабарлауынша, тұрғындар 15:20 шамасында кем дегенде 12 жарылыс естігенін жеткізген.

Қырымдағы Новофедоровкадан Украина қарулы күштерінің Херсон облысындағы позиция­ларына дейінгі аралық 200 шақырымнан асады. Аталған елде мұндай қашықтыққа ұшатын зымырандардың бар-жоғы туралы ресми мәлімет жоқ. Сондықтан әуежайдағы жарылыстың қалай өрбігені әскери сарапшылар үшін де түсініксіз болып тұр.

Жалпы, Қырым түбегінде Кеңес өкіметі кезінде-ақ көптеген әскери нысан салынған. Сон­дықтан оны қорғауға, әсіресе әуе шабуылдарына тойтарыс беруге мүмкіндік мол. Сақ ауда­нындағы әуежай да осындай стратегиялық маңызды нысанның бірі.

2014 жылдан бастап аэродромда Қара теңіз флотының әскери-теңіз авиациясының 43-ші әскери-шабуылдаушы авиациялық полкі ор­наласқан. Спутниктен түсірілген суреттерге көз жүгіртсек, әуежайда Су-24М бомбалаушы, Су-30 жойғыш  және басқа да ұшақтар тұрғанын аңға­расыз.

Ал америкалық Planet Labs компаниясының 10 тамызда түсірген суреттерінде өртенген жер мен қираған техника анық байқалады. BBC арнасының хабарлауынша, әуежайдың ұшу-қону жолағы бұзылмаған. Алайда кемінде сегіз ұшақ қираған немесе қатты зақымданған.

Ресей қорғаныс министрлігі оқиғаға байланысты мәлімдеме жасап, оқ-дәрі қоймасы жа­рылғанын хабарлады. Бірақ ұшақтардың қирағаны жөнінде тіс жарған жоқ. Сондай-ақ аталған елдің бұқаралық ақпарат құралдары базаға шабуыл жасалмағанын жазды.

Украина тарапы да соққы жасағаны туралы мәлімет таратқан жоқ. Дегенмен ел президенті Володимир Зеленский өз үндеуінде «Қырымнан басталған соғыс Қырымды азат етумен аяқталуға тиіс» деп айтты.

Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк аэродромдағы жа­рылысқа Украинаның қатысы жоқ екенін алға тартып, оқиғаны Қырымдағы партизандардың ісі болуы мүмкін деген болжам жасады. Washington Post газеті де осындай ыңғайдағы ақпарат таратты. Басылым жарылысты Украина арнайы операция күштерінің әрекеті деп жазды.

Әйтсе де, сарапшылар айтылған нұсқалардың ешқайсысы сенімді емес екенін алға тартады. Бірақ жарылысқа нақты не себеп болғанын ешкім дөп басып айта алмай отыр.