Қоғам • 13 Тамыз, 2022

Атырау облысының ауылдарын газдандыруға 1 млрд теңге бөлінген

302 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл Атырау облысының ауылдарын газдандыруға 1 млрд теңге бөлінген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырау облысының ауылдарын газдандыруға 1 млрд теңге бөлінген

Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың мәліметіне сүйенсек, Атырау облысында газдандыру деңгейі 98,7% құрап отыр. Қазір өңірдің 660 мың тұрғыны табиғи газбен қамтамасыз етілген.

«Ұлттық экономика министрлігі бекітетін Атырау облысындағы табиғи газдың түпкілікті бағасы 1 текше метр үшін 5,3 теңгені, ал, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға 1 текше метр газ бағасы 4,2 теңгені құрайды. Бұл – еліміздегі ең төмен баға», деді Болат Ақшолақов.

Министрдің дерегіне қарағанда, биыл бекітілген республикалық бюджетте 3 жаңа жобаны іске асыруға 1 млрд теңге көзделген.

«Бұл – Исатай ауданындағы Қызыл үй, Жасқайрат ауылдарын газбен жабдықтау, сондай-ақ, Қызылқоға ауданының Тасқұдық, Соркөл, Сарықұмақ, Былқылдақты, Қоңыраулы, Кенбай елді мекендеріне газ құбыры желілерін салу жобалары. Аталған жобаларды іске асыру инфрақұрылымды жүргізуге, шамамен 1 300 адамды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деп мәлім етті Энергетика министрі.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Мақат-Солтүстік Кавказ» магистралды газ құбыры лупингінің құрылысы» инвестициялық жобасы іске асырылып жатыр. Бұл мұнайлы өңірдің өркендеу қажеттілігін ескере отырып, табиғи газдың қосымша көлемін тасымалдауға жол ашады.