Аймақтар • 14 Тамыз, 2022

Су тапшылығы қолдан жасалған жоқ па?

331 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Күн райының жиі құбылып, жылы ауа ағымының аптап ыстыққа ұласуы жер бетіне төнген құрғақшылық қаупін артырып отыр. Әсіресе жаз маусымында ылғал тапшылығы қоршаған ортаның қалыпты дамуы­на кері әсерін тигізіп бағады. Бұл әлемді алаңдатқан ахуал. Ал табиғи су көздеріне аса бай өлке болып саналмайтын Қазақстан үшін құрғақшылық қаупінің артуы алаңдатарлық жағдайға айналып келеді.

Су тапшылығы қолдан жасалған жоқ па?

Экономикасы аг­рар­лық салаға арқа сүйеген аймақ­тардағы ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің ілгерілеуі дәл осы су тапшылығына да қатысты екені сөзсіз. Өкінішке қарай, қазірдің өзінде жекелеген өңірлерде суар­малы егістік алқаптарына су жетпейтіні жиі айтылуда. Тіпті сулы да нулы өлке деп айтылатын облыстарда да құрғақшылықтың салмағы ауырлап келе жатқаны байқалады. Бұл жағдайдан Алматы облысы да шетін емес екен. Ал мәселенің бір ұшы жергілікті жердегі су қоймалары мен табиғи су көздерін тұтыну жұмыстарының реттелмеуінде жатқан көрінеді. Мәселен, Алматы облысындағы суару желілерінің ұзындығы 9,4 мың шақырымды құрайды. Бұл жүйе аймақтағы 239,7 мың гектар суармалы алқапты ылғалмен қамтуы тиіс. Алайда су тапшылығы жылдан-жылға сезіліп келеді.

– Облыс негізгі су көздерін тау өзендері мен Іле және Іле Ала­тауындағы су қоймаларынан алады. Бұл қатарда Қапшағай, Бартоғай, Күрті, Бестөбе және басқа да су қоймалары бар. Былтыр жерүсті су көздерінен су алу көлемі 1,7 млрд текше метрге жетіп, су беру көлемі 1,4 млрд текше метрді құра­ды. Ал суармалы алқаптарда негізінен дәнді дақылдар, оның ішінде жүгері, бидай, күріш және майлы дақылдардан соя, күнбағыс өсіріледі. Сол сияқты картоп және басқа да бау-бақша дақылдары бар. Яғни осы дақылдардың көлемі артқан сайын тұтынатын судың мөлшері де көбейетіні сөзсіз, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Коюмчан Омаров.

Қазір облыс аумағындағы су қоймалары, тоғандар, бөгеттер мен гидрожелілерді қоса алғанда 205 гидротех­никалық құрылыс нысаны жұмыс істеп тұр екен. Бірақ ауыз толтырып айтуға болғанымен, осы су жинау көздері маусымдық жұмыс кезінде қажетті су мөлшерімен қамтамасыз етуге қабілетсіз көрінеді. Өйткені, суару желілері мен гидротехникалық құрылыстардың тозығы жеткен. Осыған байланысты каналдардағы су шығыны жыл са­йын артып келе жатыр. Нәтижесінде, суармалы алқаптардың да көлемі азайып отыр. Бұл міндетті шешу үшін облыста 57,1 мың га суармалы жерді қалпына келтіру мақсатында сегіз аудан мен Қонаев қаласында суару желілері қайта жаңартылуда. Осы мақсатта облыстық бюджеттен қайта құру жобаларын әзірлеуге жалпы 1,75 млрд теңге бөлініпті. Оның ішінде құрылыс-монтаж жұмысына деп 88,2 млрд теңге жұмсалмақшы. Яғни өңірдегі егістік алқаптарына қажетті су тапшылығының алдын алу үшін атқарушы билік қолдан келгенді жасап жатыр.

– 2018-2022 жылдары су шаруа­шылығы объектілерін күрделі жөн­деуге 43 жобалау-сметалық құжат әзірленді. Оның ішінде жалпы сомасы 4,1 млрд теңге болатын 21 жоба жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Нәтижесінде 8,3 мың гектар суармалы жер қалпына кел­тірілді. Ағымдағы жылы «Сам­бет» каналының күрделі жөн­деу жұмыстары аяқталды, Іле ауданының «Свинсовхозный» каналында жұмыстар жүргізілуде. Жерүсті суларының қосымша ресурстарын жинау үшін Ұйғыр ауданында Сұңқар және Тайгермен су қоймаларын жаңадан салу жос­парлануда, – дейді К.Омаров.

Осы жерде су тапшылығын туындататын тағы бір себепті ескерген жөн, оның мәні егін шаруа­шылығымен айна­лысатын шаруалар мен суармалы егістікке қажетті суды тасымалдайтын мекемелердің ара­сындағы түсінбеушілікте жатыр. Мәселен, аймақтағы Еңбек­ші­қазақ ауданының Шелек аумағын­да жыл сайын егістіктегі су тапшы­лығына қатысты шу шығып отырады. Осындағы 5 ауылға су канал арқылы келеді. Егістің 87 пайы­зы сол суға тәуелді. Өңірдің табиғи жағдайына орай суды көп мөлшерде тұтынатын да осы ауылдар екен. Ал ауылдағы егістік алқаптарға су Бартоғай су қоймасы арқылы Үлкен Алматы арнасымен келеді. Яғни арнадағы судың көлемі мен ағысында, тіпті сапасында тұрған мәселе жоқ. Дау суды ауылдарға бөліп жеткізетін, яғни қызмет көрсететін компанияларға қатысты туындайтын көрінеді. Яғни су тасымалдауға қатысты тарифтер реттеуді қажет етеді. Ал аймақтағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қажетті сумен жабдықтауды «Қазсушар» мекемесінің Алматы филиалы мен «Үлкен Алматы каналы» серіктестігінің филиалы жүзеге асырады екен. Дерек бойынша, Табиғи монополияларды реттеу комитеті бекіткен тариф бойынша «Қазсушар» мекемесі суармалы егістікке қажетті судың әр текше метріне 0,787 теңге алады. Және бұл шығынның бір бөлігін мемлекет жабатын көрінеді. Яғни ауыл шаруашылығы өндірушілері шығындарын субсидиялауға облыстық бюджеттен 661,2 млн теңге бөлінген-мыс.

Айтпақшы, Алматы облысын­дағы суармалы егістікке қажетті су көздерінің тапшылығы қолдан жасалып отыр деген пікірдің де жаны бар сияқты. Мәселен, «Каз­гипровхоз институты» серік­тестігінің бас директоры Анато­лий Рябцев бүгінде республика бойынша басқа облыстармен салыстырғанда облысқа тиесілі су ресурстары анағұрлым қолайлы, себебі өңірде тау суының үлесі жеткілікті деген ойда.

– Кедергілердің көбін өзіміз қолдан жасап отырмыз. Яғни бұл салаға жеткілікті көңіл бөлінген жоқ. Мәселен, соңғы 30 жылда Алматы облысында жаңа арналар, су қоймалары салынды дегенді естідіңіз бе? Ескілерінің өзінің тозығы жеткен, олар бүгінде қайта жабдықтауды қажет етеді. Біздің есебіміз бойынша аумақтағы су жұмсаудың пайдалы әсер коэффициенті 75 пайыздан 60 пайызға дейін төмендеді, – дейді А.Рябцев.

 

Алматы облысы