Тарих • 14 Тамыз, 2022

Бұрынғы қолжазба – бүгінгі қазына

557 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақтың Қадыр ақыны қалай тауып айтқан дерсіз… «Біздің тарих бұл-дағы қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақтағы» дейтін сөзінде үлкен шындық ұйып жатқандай. Еуропаны әрі асып, жердің екінші бетіне аяқ бассаңыз да қазаққа қатысы бар құнды құжаттар менмұндалайды. Сөзімізге дәлел – Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы ұйымдастырған Ыстанбұл қаласындағы археографиялық ғылыми-іздестіру экспедициясы. Бұл сапар ұлт руханиятына рең беріп қана қойған жоқ, тарихты тағы бір рет түрлендірді.

Бұрынғы қолжазба – бүгінгі қазына

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Қазақ тарихына қатысты бұрын анық­талмаған архивтік құжаттарды және көне жазба мұраларды анықтау һәм көшірмесін алу үшін аттанған бір топ маман елге олжалы оралды. Ежелгі дәуірден енші болып жеткен шежірелі деректер қазақ үшін қашан да қадірлі. Сондықтан бұл сапардың жөні де, жолы да бөлек болды. Аталған ғылыми-іздестіру жұмыстары Халықаралық Ислам тарихы өнерін және мәдениетін зерттеу орталығында (IRCICA), Османлы архивінде және Сүлеймания кітапханасында жүргізілді.

Айта кетейік, Түркияда орналасқан Халықаралық Ислам тарихы өнерін және мәдениетін зерттеу орталығымен елордадағы біздің Ұлттық орталықтың арасында ғылыми байланыстың орнаға­нына төрт жылдан асқан. Екі мекеменің бірлесіп ұйымдастыруымен  2019 жы­лы елордада халықаралық каллиграфия өнерінің көрмесі өткен еді. Бұл көр­меге Түркия, Иран, Ресей елдерінің өкілдері қатысқан. Сонымен қатар ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай екі орталық бірлесіп үлкен ғылыми жоба да жасаған. Ол бойынша біздің орталық өз қорындағы арабографиялық қолжазбалар мен сирек кітаптардың әлемдік ғылыми стандартына сай жасалған «Каталог книжного собрания на арабском шрифте фонда Национального центра рукописей и редких книг» деп аталатын басылымды жарыққа шығарған.

Осы жобаның іске асуына Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Ислам тарихы өнерін және мәдениетін зерттеу орталығының бас директоры, профессор Махмуд Килич үлкен қолдау білдірген екен. Белгілі шығыстанушы Әшірбек Муминов аталған бастамалардың жүзеге асуы үшін көп жұмыс атқарды және каталогтің жарыққа шығуына толықтай жетекшілік еткен.

Каталогке Ұлттық орталықтың қоры­нан 247 көне түркі, араб, парсы, шағатай, татар тіліндегі қолжазбалар, литография мен типографиядан жарық көрген кітаптар енгізілді. Кітаптар Қазақстан, Түркия, Үндістан, Өзбекстан, Ресей, Мысыр және т.б. елдерде шыққан. Қолжаз­ба кітаптардың, литографиялық және типографиялық баспа кітаптардың библиографиялық тізімін жасау үлгісі осы бір каталогке топтастырылды. Бұл басылымның ерекшелігі болып табылады. Каталог болашақта еліміздің кітапханаларындағы сирек қорлардағы арабографиялық кітаптардың каталогін жасауға үлгі болады. Мұны орталық директоры Жандос Болдықов айтып берді.

«Османлы архивінің 600 жылдық тарихы бар, қоры 95 миллионға жуық, Осман империясымен және 40-тан астам мемлекеттің тарихымен байланысы бар құжаттар сақталған. Жұмыс барысында экспедиция мүшелері Османлы архивінің негізгі қорымен, реставрация және сандық форматқа көшіру бөлімдерінің жұмыстарымен танысты. Көптеген заманауи технологияны пайдаланатындықтан архивтің жалпы дамуы өте жақсы деңгейде», дейді  Ж.Болдықов.

Османлы архивінің қорын зерттеу барысында 27 қордан, 248 іс (1110 бетке жуық) Орталық Азия және Қазақстан тарихына  қатысты архивтік құжаттардың көшірмесі алынған. Олардың ішінен Қазақстан тарихына қатысты бірқатар маңызды құжатты атауға болады. Мыса­лы, Бұхара ханы Әбу Фейз Сейид Мұхам­медтің түрік сұлтанына жазған хаты, Ресей империясының территориясынан Осман империясының территориясына қазақтардың көшуі туралы құжаттар, Бұхара ханы Мұхаммед Масум ханның қазақтармен бірге Ресей мемлекетіне қарсы әскери әрекеттері туралы Осман сұлтанының атына жазылған хаты, Парсы шахы Насыреддиннің Орталық Азиядағы ферғана, қыпшақ, қырғыз және қазақ түркі тайпаларымен қарым-қатынасына қатысты құжаттар, Бұхара билеушілерінің, оның ішінде Мұхаммед Масум ханның Осман мен Бұхара хандығының арасындағы елшілердің жүрген жол маршруттары жөніндегі құжаттары, Ресеймен қарым-қатынасы, қазақтар мен татарлардың жағдайы тура­лы және т.б. құжаттар анықталып, көшірме нұсқасы елге жеткізілді.

Сүлеймания мешіті медреселерінде құрылған кітапханада 106 топтамада 70 мың томға таяу жазба және 120 мың томдай баспа ескерткіштер жинақталған. Сүлеймания кітапханасының қорында Қазақстан тарихына қатысты өте маңызды көне жазбалар сақталған. Кітапхананың директоры Хусейн Кутан қордың қалып­та­суы мен қолданып отырған жаңа инновация­лар туралы кеңінен баяндапты. Жалпы, кітапхананың қоры бүкіл Түркия елінен жеке және мемлекеттік қорлардан жинақталған, ол өте күрделі ауқымды жұмыс болған.

Сүлеймания кітапханасындағы із­дес­тіру-зерттеу жұмыстары кезінде қа­зақ жерінен және Орталық Азиядан шыққан ортағасырлық авторлардың 19 еңбегі (3560 бет) анықталып, көшірмесі алынды. Алынған ортағасырлық шығармалардың ішінде әл-Фарабидің «Китаб аль мадхаль ила сана аль Мусики» қолжазбасы бар. Еңбек әл-Фарабидың қолжазбасының түпнұсқасымен салыс­тырылып көшірілген, хижра бойынша 655 жылы 12 джамади аувал, григориан күнтізбесі бойынша 1257 жылдың 3 мау­сымы, дүйсенбіге сәйкес келеді. Одан басқа Ахмад әл Буни әл Маликидің «Хидаятуль Касыдин уа Нихаятуль василин», Шарафуддин әли Тимурдің «Тимур-ве Тарикати Чингиз иасаси», авторы белгісіз «Зикр-и зухур Чингиз хан», Хусам ад дин Сығнакидің «Ан Нихайя фи Шарх әл хидая» және т.б. еліміздің тарихына қатысты құнды қолжазбалар мен кітаптардың көшірмесі алынды.

Іс-сапар кезінде табылған құнды қолжазбалардың бірі – XIV ғасырда алтын әріптермен жазылған Алтын Орда ханы Өзбек ханға тиесілі Құран. Құран Кәрімді 1318 жылы белгілі каллиграф Бадр Хамадани райхон және иджаза каллиграфиясында алтын сия­мен жазған. Бұл Құранды Ильханид мемлекетінің ханы Олжайту Өзбек ханға сыйлаған. Құранның алғашқы беттерінде «Сұлтандардың сұлтаны, моғол-қыпшақтардың билеушісі Өзбек ханға» деген жазу бар. Өзбек хан 1320 жылы ислам дінін қабылдайды, осы Құран Ұлық ұлыс яғни, қазақтарға мұсылман дінін қабылдауға  үлкен әсер етті деген болжам айтуға болады.

Аталған Құран Кәрімнің маңызды­лығын ескере отырып, оның көшірмесін алу Сүлеймания кітапханасы өкілдерінің ұсынысы бойынша мемлекеттік уәкілетті органдарының және екі елдің мәдениет министрліктерінің тікелей келісімдері негізінде жүзеге асырылған.

Ыстанбұл қаласында Ұлттық орта­лық қызметкерлерінің Мимар Синан уни­верситетінің профессоры, белгілі шоқай­танушы ғалым Әбдуақап Қарамен кездесуі де өткен. Оның мұрындық болуы­мен Түркиядағы қазақтар арасында есімі елеулі ақын, жазушы Зейнел Сүрмелінің (1920-1995 жж.) ұлы Махмуд Сүрмелі Ұлттық орталық қорына көзінің қарашығындай сақтаған әкесінің түпнұсқа қолжазбаларын, шамамен 1500 өзінің өлең жолдарын, сол кездегі бүкіл әлемдегі қазақ қауымдастығымен алмасқан хаттарын және жеке құжаттарын ресми түрде тапсырды.

Хаттардың ішінде араб емлесімен сырттағы қандастарға арналған Қазақ­станнан шығатын «Біздің Отан», кейін­нен «Шалқар» атты газеттің редакторы, белгілі журналист-жазушы Уақап Қы­дыр­хановтың Зейнел Сүрмеліге жазған хаты да бар. Махмуд Сүрмелі: «Әкемнің құжаттарының туған елге оралуын үлкен бақыт деп санаймын және зерттеушілер үшін қолжетімді болғанын қалаймын» деп ағынан жарылыпты.

Түркия еліне жасалған ғылыми-іздес­тіру сапары ұлт руханиятына елеулі үлес қосты. Неге десеңіз, маңызды тарихи деректер анықталды, олардың электронды көшірмелері елімізге әкелінді, шетелдік әріптестерімізбен тығыз байланыс орнатылды. Алдағы уақытта да Түркияның мекемелерімен ғылыми және басқа бағыттарда бірлесіп жұмыс істеу келісілді. Бұл архившілер үшін таптырмас мүмкіндік!