Сұхбат • 14 Тамыз, 2022

Назгүл Естеусизова: Міндет – коллекторлық қызмет нарығын дамыту

907 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстандағы проблемалы кредиттер портфелінің көлемі ұдайы өсіп барады. Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, екінші деңгейлі банктердегі мерзімі 90 күннен асқан кредиттер 3,6 пайызды немесе 769,7 млрд теңгені құрап отыр. Биылғы жыл басынан бері бұл көрсеткіш 15 пайызға ұлғайған. 60 күннен аса мерзімі өткен қарыздардың көлемі 87,4 млрд теңгені құрап, 2022 жылғы қаңтардан бастап бұл сома 84 пайызға артқан. Сондай-ақ еліміздің микроқаржы ұйымдарындағы 60 күннен асқан берешегі бар проблемалы микрокредиттердің көлемі шамамен 2 пайызға немесе 15 млрд теңгеге тең, ал NPL 90+ яғни тоқсан күннен асқан қарыз – 7,5 пайыз немесе 60 млрд теңгеден асқан. Проблемалы кредиттердің көбеюі өз кезегінде коллекторлық агенттіктердің жүктелімін арттырды. Осыған орай, «Қазақстанның Ұлттық коллекторлар палатасы» одақ түріндегі заңды тұлғалар бірлестігі (ЗТБ) төрағасының міндетін атқарушы Назгүл Естеусизова «Egemen Qazaqstan» газетіне сұхбат беріп, қазіргі кездегі коллекторлардың жұмысы мен олардың қандай әлеуметтік маңызды қызмет атқаратыны жайлы айтты.

Назгүл Естеусизова: Міндет – коллекторлық  қызмет нарығын дамыту

– Құрметті Назгүл Карас­­қызы, Қазақстан Респуб­лика­сының Ұлттық коллекторлар пала­тасы қай кезден бастап жұ­мыс істейді және оның негізгі мін­деті қандай?

– «Қазақстанның Ұлттық коллекторлар палатасы» (ҚҰКП) одақ түріндегі ЗТБ 2018 жылдан бастап жұмыс істейді. Алғашқы кезеңде талаптар мен стандарттарды әзірлеу мен енгізу, серіктестерді тарту, ұйымның негізгі мақ­сат­тарын түсіндіру бойынша дайын­дық жұмыстары жүргізілді. Бү­гінгі таңда аяғымыздан нық тұрып, жұмыс ережелерін ор­натып, «Коллекторлық агент­тік қызметкерінің кәсіби эти­касының үлгілік кодексін» әзір­леуге қатыстық. Палатаға қаты­сушылардың қатарында 50-ден астам коллекторлық агенттік бар. Бұл осы сектордың жалпы қатысушылары санының шамамен 30 пайызын құрайды.

Негізгі міндетіміз – кол­лекторлық қызметтердің өр­ке­ниетті нарығын да­мытуға көмек­тесу, тұрғындардың кол­лек­торлық агенттіктермен қа­рым-қа­тынасын өзгерту және қа­зақстандықтардың қа­рыз­дарды қысқарту мен өтеу есебінен қар­жылық қызметтерді алу мүмкіндігін қалпына келтіруге ықпал ету.

– Қазақстанның қаржылық нарығына ҚҰКП қызметі қан­дай пайда тигізіп отыр деп санайсыз?

– ҚҰКП – қарыз алушылардың, коллекторлық агенттіктердің және мемлекеттік органдардың диалог алаңы. Ұйым мемлекет пен коллекторлар арасында сапалы коммуникацияның болуын, нарықтың проблемалары мен ұсыныстарын жеткізуге және оларды талдап, ортақ шешімге келуді қамтамасыз етуге тырысып келеді. Екінші жағынан, Палата қарыз алушылардың күрделі мәселелерін шешумен белсенді түрде айналысады. Осылайша, ҚҰКП базасында Stop-Collector.kz республикалық жобасы дүниеге келді. Аталған жобаның аясында біз Қазақстанның микроқаржы ұйымдары ассоциациясы және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі секілді ұйымдармен бірлесе жұмыс істейміз. Жобаның мақсаты – коллекторлармен араларында қиыншылықтар туындаған қарызгерлерге көмектесу, даулы мәселелерді шешу және аза­мат­тардың құқықтарын қорғау. Осыған орай, біз коллекторлық агенттіктер басшыларымен бай­ланысқа шығып, қалыптасқан ахуалды бірлесе талдап, қарыз алушыға оңтайлы шешімдерді ұсынамыз. Мысалы, биылғы жыл басынан бері бізге 5 563 өтініш, соның ішінде азаматтардың шағымдары да түсті. Оларды қарас­тыру нәтижесінде 5 421 өтініш бойын­ша оң шешім қабылданды.

Қарызгерлердің бізге жү­гінуінің кеңінен таралған себебі – қарыз сомасын бірден толық өтеу мүмкіндігінің болмауы. Мұндай жағдайда біз қарыз алушының мүмкіндіктерін анықтап, оған қарызды өтеудің қолайлы тәсіл­дерін, соның ішінде тең үлеспен төлеу тәсілін пайдалануды немесе берешекті өтеудің басқа да жолдарын ұсынамыз.

– Коллекторлық нарық қа­лай өзгерді? Жақын арада қан­дай өзекті мәселелерді шешу қажет?

– ҚҰКП құрылғалы қаржы нары­ғында елеулі өзгерістер болғанын атап айтқан жөн. Бұл жағдай кол­лекторларға да әсер етті. Осыдан бес жыл бұ­рын «Коллекторлық қызмет туралы» Заң қабылданды. Соның нәти­жесінде коллекторлық агент­тіктер­дің қызметі қатаң реттеліп, қарызды өндіріп алу тәсілдері мен рәсіміне қатаң шектеу қойылды.

Осындай қатаң реттеуге қа­рамастан, коллекторлық нарық көлеңкеге кеткен жоқ, осы сек­тордағы агенттіктердің саны да азаймады. Керісінше, Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, халықтың кредиттерінің саны ұлғаюы себепті бұл сектор да өсіп, дамып жатыр. Бұған қоса, коллекторлық агенттіктер қазіргі таңда кейбір әлеуметтік функцияны да атқарып келеді. Жақын арада жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданады деп күтіліп отыр. Қарызгерлердің көбі өзін банкрот деп тану үшін осы заңның қабылдануын күтуде. Бірақ мұндай шешімнің салдарлары қандай болатынын олардың бәрі бірдей түсінбейді.

Сондықтан біздің мақсатымыз – кредиттерді өтеуден бас тартумен байланысты барлық тәуекелді көрсете отырып түсіндіру жұ­мысын жүргізу, соның ішінде қа­рыздарды есептен шығару секілді мифтің шындыққа жатпайтынын айту.

Сонымен қатар бізге қазіргі кол­лекторлық нарықтың өркениетті екенін және қолданыстағы заң­намаға сәйкес жұмыс істейтінін түсіндіру өте маңызды.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Кәрібай МҰСЫРМАН,

«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар