Естеріңізде болса, маусым айында Қазақстанда Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуі аясында ұйымдастырылған «Жаңа геосаяси жағдайдағы Орталық Азия ынтымақтастығы: сын-қатерлері мен келешегі» халықаралық конференциясы өтіп, жиын барысында сарапшылар Ауғанстан мәселесіне база назар аударған еді. «Ауғанстандағы жағдай өте тұрақсыз болып отыр. Ел гуманитарлық апат пен экономикалық коллапс шегінде өмір сүріп жатыр. Шамамен 19,7 млн адам, халықтың жартысына жуығы қатты аштықтан зардап шегуде. БҰҰ есептеуі бойынша, бұл дағдарыстан шығу үшін шамамен 4,4 млрд доллар қажет», деді Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов Ауғанстандағы халықтың жағдайын саралап. Ал Қырғызстанның Ұлттық стратегиялық зерттеулер институтының директоры Рустам Асизбаевтың пікірінше, әлемдегі геосаяси жағдайдың ушығуы болашақта Орталық Азия елдеріне қатты әсер етіп, зиянын келтіруі мүмкін. Осы орайда ол Ауғанстан мәселесінен айналып өтпеуі қажетін айтты. «Ауғанстанды талибандар басқарғаннан бері халықтың жағдайы нашарлады. АҚШ осы жылы әскерлерін елден шығарып, ондағы проблеманы Орталық Азия елдеріне қалдырып кетті. Олар біздің гуманитарлық көмегімізге мұқтаж. Қырғыз елі мұндай көмекті көрсетіп келді, көрсете береді де», деді Р.Асизбаев.
Осылайша, Орталық Азия елдері Ауғанстанға көмек қолын созуды жалғастырамыз деп шешті. Алайда сырттан келер материалдық көмек халықтың жағдайын жақсарта қоймасы анық, өйткені «билікке келген талибандар елде бейбітшілік пен тұрақтылық орнатуға уәде еткенімен, оны орындауға асығар емес, ауған халқы үмітсіз күйде», деп мәлімдеді The Guardian басылымы. Сарапшылар осыған дейінгі АҚШ-пен жүргізген халықаралық келіссөздерінде талибандардың берген уәдесі жалған деп есептейді. Олардың өкілдері халықаралық конференцияларда, т.б. жиындарда үнемі «әйелдердің білім алуға және жұмыс істеуге исламдық құқығы бар, соғыс болмаса, Ауғанстан экономикасында өсу динамикасы байқалады», деп айтып келді. Ал «бір жылға жуық уақыттан кейін бұл сөздері мен ісі жалған екені байқалды. Қазір қарапайым тұрғындар, атап айтқанда, парсы тілді ауғандар ауған тілінің дари диалектісінде сөйлейді. «Талибандар басқаратын Ауғанстан – ешбір ел, тіпті бұрынғы одақтастары да мойындамаған. Өткен аптада АҚШ Кабулдың элиталық Шерпур ауданының қақ ортасында «Әл-Қаида» жетекшісін өлтірген кезде олардың ескі одақтастарына жақындығы анық байқалды», деп жазады Батыстық бұқаралық ақпарат құралдары.
Талибандар әсіресе әйелдерге қатаң шектеу қойған. Оларға орта білім алуға тыйым салынады және олардың көпшілігі денсаулық сақтау мен білім беруден тыс жерлерде жұмыс істейді. Олар кез келген уақытта ер қамқоршыларымен бірге жүруге және көпшілік алдында беттерін жабуға мәжбүр. «Бір талибанның базарда әйелдерді ұрғанын үш рет көрдім. Тағы бір жолы олар қыздарды күліп, қатты сөйлегені үшін соққыға жықты. Менің талибандар рұқсат еткен ұзын қара абая киюге мүмкіндігім жоқ, оны сатып алуға отбасымның қалтасы көтермейді. Содан бері мен медреседе (діни мектеп) оқуды да қойдым, бұл жауыздардың көзіне көрінгім де келмейді, сондықтан үйден шықпауға тырысамын», деді 16 жастағы Кабул тұрғыны Фархунда The Guardian газетіне берген пікірінде.
Талибандар Ауғанстанның қазіргі экономикасын одан әрі құлдыратып жатқан сыңайлы. Өйткені олар елдегі ірі және орта бизнес өкілдерінің жұмысына тосқауыл қоя бастаған. «Біз бұрынғы үкіметпен саяси байланыста болған жоқпыз, бірақ «Талибан» біздің осында бизнес жасап жатқанымыз үшін бізден «кек алуда». Мен оларға билікке келгенге дейін 3 млн доллардан астам мәжбүрлі «салық» төледім. Көптеген кәсіпорын банкротқа ұшырап жабылып қалды. Егер бұл жалғаса берсе, кәсіпкерлік мүлдем жойылып кететін түрі бар», деді Кабулдағы ірі бизнесмендердің бірі. Талибандар оның кәсіпорнындағы құрал-жабдықтарын тәркілеп, өндірістің бірнеше секторындағы лицензияларын тоқтатқан. Соның кесірінен кәсіпкер 500-ге жуық қызметкерді жұмыстан босатуға мәжбүр болған. Осылайша, ауғанның бұрынғы дәулеті асып-тасыған байлары аста-төк жағдайынан айырылған, ал орта таптың көпшілігі бір күнде кедейлік пен аштыққа ұшыраған. Қазір халықтың жартысынан көбі азық-түлік көмегіне мұқтаж.
Кабулдың Сардар есімді тұрғыны The Guardian-ға әйелімен бірге мемлекеттік қызметте жұмыс істеп, жер алып, үй салуға жететін ақша тапқанын, алайда талибандар билікке келгенде екеуі де жұмыстан босатылғанын айтты. Бүгін ол жұмыссыз, өз бетінше ақша табуға мәжбүр. «Өмірімде үйде отырып көрмеген адаммын, мемлекетке қызмет еттім, енді жағдайым қиын болып тұр, асырайтын отбасым бар. Ант етемін, менің үйімде қазір тіпті
1 000 афгани (ауған ақшасы) таппайсыз, анам қант диабетімен ауырады, ал бізде оның дәрі-дәрмегіне ақша жоқ», деді ол. Ал елдің жаңа басшылығы халықтың мұндай қайғы-қасіретіне салқындық танытып, олардың үкіметке емес, Құдайға сену керектігін алға тартады. «Талибандар ішкі қолдауды жоғалтып жатыр және олар мұны өте жақсы түсінеді. Бірақ олар ұстанған саясатынан тартынар емес», дейді атын атамауды өтінген жоғары лауазымды «Талибанмен» байланысы бар ауғандық сарапшы.
Қазір білімді, жоғары қызметте жұмыс істеген ауғандардың тұтас бір буыны өзге елдерге қашып кеткен. Өйткені талибандар бірнеше жыл бойы БАҚ, азаматтық қоғам және үкіметтегі кәсіби мамандарды өлтіріп, сауатты халықтың көзін жоюға әрекеттенген. Бұрынғы барлау офицерлерінің бірі Observer басылымына талибандар оның қаласына жеткен күні қызметінде жүріп үш рет қамауға алынғанын айтып берді. Сондай-ақ қаржылық резервтер және санкциялармен күресіп жатқан орталық банкте «тек орта және төменгі деңгейдегі қызметкерлер қалды, ал ең тәжірибелі топ-менеджерлер шетелге қашып кетті» деп мәлімдеді Observer басылымына бірнеше ай бойы дағдарыс келіссөздеріне қатысқан банк басшысы.
Осылайша, сарапшылар талибандардың билігіне бағынуға мәжбүр болған ауған халқының болашағына күмән келтіреді.