Сұхбат • 15 Тамыз, 2022

Академик Төрегелді Шарманов: Әділдік жоқ жерде қуатты қоғам қалыптаспайды

830 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Тағамды талғап ішу тән мен жанды сауықтыратын төте жол. Маңызын білсек те мәніне бойлай бермейтін бұл қағида сіз бен бізге ауадай қажет екенін тамыры тарылып, тұла бойы ауырып, түрлі дертке таңылмаған жан қайдан білсін. Тамақтану әдебі туралы талмай айтып келе жатқан Қазақ Тағамтану академиясының президенті, академик, Қазақстанның Еңбек Ері Төрегелді ШАРМАНОВПЕН әңгімелесе қалсаңыз, маман айтқан маңызды дүниеге мән беріп, әр күніңізді әсемдер едіңіз. Ғасыр-ғұмырға бет алса да ғылымнан қол үзбеген қайраткерді қазақ қоғамының өткені мен бүгіні, ұлттық тағамтанудың өзекті мәселелері ұдайы толғандырады. Ғылым абызымен болған кезекті әңгімеміз ұлт саулығы, ұрпақ тәрбиесі төңірегінде өрбіді.

Академик Төрегелді Шарманов: Әділдік жоқ жерде қуатты қоғам қалыптаспайды

– Төрегелді Шарманұлы, қа­лыңыз қалай? Жақсы күні жұмыс каби­нетіңіз­де жүздесіп отырмыз, қазіргі таң­да не­мен айналысып жүрсіз? Бір күндік жос­парыңызбен бөліссеңіз.

– Таңғы жұпар – тәннің азығы. Мүм­кіндігінше ерте тұруға тырысамын. Жетіден кейін жата алмаймын. Әдеттегідей жуынып-шайынып, Алатаудан ескен салқын самалмен тыныстап, таза ауада серуендеймін. Күнделікті жарты сағаттық жаттығуларым бар. Отырып-тұрып, қолды әрлі-берлі сермеп жүрекке, тыныс алу жолдарына пайдасы мол жаттығу түрлерін жасаймын. Одан соң міндетті түрде душ қабылдаймын. Мөлшерімен таңғы ас ішіп, жұмысқа келемін. Барлық ғылымның анасы – оқу. Газет-журнал, кітап оқу – өмір салтымызға әбден сіңген дүние. Мерзімді басылымдарды парақтап, соңғы жаңалықтармен танысып шығам, танымдық дүниелерді көзім шалса, қойын дәптеріме түртіп алатыным бар. Өзім басқарып отырған академияның күнделікті жұмыстарымен айналысамын. Жан-жақтан түсетін ұсыныстар, маңызды кездесулер, әртүрлі ғылыми конференция­лар мен мәдени іс-шаралар Алматыда толастамайды. Тоқсанның екеуіне аяқ бассам да қоғам өміріндегі маңызды оқиғалардан тыс қала алмаймын. Тамақтану рационым өте қарапайым. Жасы келген адамның артық тамақты қабылдауы да қиын ғой. Түскі асқа тек сорпа яки көже ішемін. Арнайы құрт көже жасатып қоятыным бар. Себебі құрт энергияға өте бай тағам. Оны жегеннен кейін екінші тағам артық. Шәйді жақсы көрем. Жас келген сайын уақыт деген дүниенің ең қадірлі, ең аяулы құндылық екенін түсінесің. Сондықтан уақытымды болымсыз іске жұмсамауға тырысамын. Шақыратын жерлер де көп, оның бәріне бару мүмкін емес. Өзің се­кіл­­ді сұхбаттасып, әңгіме дүкен құрсақ дейтін тілшілердің де қатары қалың. Оларға: «Айналайындар, мен қырық жылдан бері үздіксіз сұхбат беріп келемін, маған қойылмаған сауалдарың болса қойыңдар, әйтпесе уақытымызды құр өлтірмейік» деп бірден айтам. Қоғамдағы келеңсіз жағдайлар да, елеулі жетістіктер де көңіл күйімізге әсер етеді. Қазақ болса екен, қазақ толса екен деп бүйрегіміз бұ­рып отырады. Осылай өтіп жатқан өмір, шырақ...

– Тап осы кезең мемлекет бағдарын жаңа арнаға бұрған бетбұрыс кезеңі ретінде қоғам көңіліне үміт ұялатып отыр. Болған жайдан сабақ алып, бола­шаққа байыпты қадам жасамаққа «Жаңа Қазақстан» идеясын алға ұста­дық. Сіздің ұғымыңыздағы Жаңа Қазақ­станның келбеті қандай?

– Жаңа Қазақстан бәрін қайтадан құру емес, бұрынғы қателіктерді түзетіп, әрі сол кемшіліктерден сабақ алу. Жетістіктеріміз болса жетілдіріп, табыс­тарымызды жемісті жалғастыру. Бәлкім, жаңа емес, жаңарған Қазақстан дегеніміз дұрыс шығар. Ең әуелі біздің санамызға сілкініс керек. Қоғам рухани тұрғыдан жаңғырып, білімділер алға шығуға тиіс. Адами құндылықтарды сақтап тұратын ең қуатты күш – әділет. Бәрі содан басталады. Ал әділдік жоқ жерде, мың жерден талпынсаң да сауатты, көзі ашық қоғам қалыптастыра алмайсың. Ең әуелі әрбір қазақ патриот болса, ұлтын, мемлекетін сүйсе, қолында билігі барлар мойнына жүктелген аманатқа адалдық танытса, сапалы мамандардың саны артса, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарса, рухани мәдениетіміз биіктесе, өнеркәсібіміз өрге басса мемлекетіміздің келешегі келісті болмақ. Осы айтылғандардың бәрін кемеліне жеткізу үшін халықтың жан-дүниесі, дүниеге көзқарасы, таным-түсінігі терең болғаны жөн. Айналып келгенде мұның бір ұшы ұрпақ тәрбиесі дейтін ұлы іспен сабақтасып жатыр. Қым-қуыт тірліктің соңына ілесіп осы нәрседен ажырап қалмауымыз керек. Баланы бағумен, тамақтандырумен шектелмей, оның тәрбиесіне мән бергеніміз абзал.

Егемендік – ең қастерлі құндылық. Сарыла күткен арманның, ұлы күрестердің жемісі. Оның ауқымын бір ауыз сөзге сыйдыру мүмкін емес. Тарихқа көз тастасақ, тағдырдың қилы соқпағынан халқымыз аз қасірет шеккен жоқ. Ашаршылық алапатын, соғыс зобалаңын, отаршылдық езгісін бастан өткерді. Ең бастысы, еңсеміз езілмеді. Тәуелсіздік экономика мен сая­сатта ғана емес, жеке адамдардың да өміріне өзгеріс, жақсылық, табыс, жетістік әкелді. Болашаққа деген сенім мен үміт сәулесі жарқырады. Қаралы қаңтарда осы бір баға жетпес игіліктен айырылып қала жаздадық. Тәңір алғап, шаңырағымыз шайқалған жоқ, алға қадам бастық. Енді­гі жерде халқымыз өткеннен қалған тарихи өнегені, отансүйгіштікті, ұлтына деген махаббатты жоғалтпай, әрі қарай жастардың патриоттық сезіміне енгізуге ерекше көңіл бөлуі керек. Тәуелсіздіктің тұғырын сақтап қалу – үлкен аманат, ұлы борыш. Оған ұлтын сүйген әрбір адам үлес қоса алады. Әркім өз ісіне, мамандығына адал болса, адамгершілік қағидаттарынан аттамай түзу жүрсе, табанды еңбек етсе еге­мендіктің еңселенуіне қосқан үлесі сол. Осы бір қастерлі құндылықтың қадір-қа­сиетін жас ұрпақ жан-тәнімен сезінсе, жү­ре­гімен түйсінсе қадамымыз нық, Қазақ­станымыздың болашағы жарқын болмақ.

– Өткен өмір жолыңызға ойша сапар шеккенде кімдерді көресіз? Өкінетін тұстарыңыз бар ма?

– Қиялға қанат бітірсем, өзің айтқан өткен өмірімнің жолдары алдымнан шы­ғады. Сол жолдардың ең аяулы кейіпкері болып абзал ағалар жүреді. Олар Қаныш Сәтбаев, Дінмұхаммед Қонаев секілді кесек тұлғалар. Сол бір алыптардың көзін көрдім, тағылымын алдым. Олардың пара­саты, қайраткерлік жолы менің де қа­лыптасуыма көп әсерін тигізді. Сыр­ты­нан қарасаң сүйсінетін, әр ісі әділетпен, азаматтықпен ұштасқан айбынды тұлғалар еді. Халық көңіліндегі мәңгілік ғұмыры басталған абзал жандар ұлтымызға бағдаршам болып қала береді. Өмір арнасы алға тартып, біз де ақсақал болып отырмыз. Ет пен сүйектен жаралған пенде болғасын өкініш пен қуаныш, сүйініш пен күйініш қапталдасып қатар жүреді екен. Оның қайбірін айтамыз. Бір білетінім – мен шын мәнінде бақытты адаммын. Мені осы уақытқа дейін алға жетелеп келе жатқан халқымның ықы­ласы. Әлі де еңбектен қол үзгенім жоқ. Бағындырған белесімнің бәрін халқымнан алған бата-алғыстың арқасы деп білемін, сондай-ақ әке-шешемнің берген еркін, қазақи тәрбиесінің жемісі деп есептеймін. Халқымның мені әрдайым қолпаштап, аялап қорғаштауы, ізгі ілтипаттарын біл­діруі, ақыл-кеңес сұрап, ақсақалдық тәлім-тәрбиені қажетсінуі – басыма қон­ған үлкен бақ. Мені Шарманов етіп мәртебемді биіктетіп, мерейімді өсіріп отырған халық, сондықтан да мен әр­бір қиын кезеңді халқыммен бірге өтке­руді азаматтық борышым деп санаймын. Сондықтан жеке басымыздан гөрі халықтық мәселелер бізді көбірек толған­­дырады. Арманға құрық салған жан жоқ шығар. Дегенмен мен өзімді бақытты адаммын деп есептеймін. Жастық жалыным­ды, бүкіл қажыр-қайратымды, білімім­ді елімнің игілігіне арнадым. Соған сай халқымның алақанындамын. Бұл мен үшін зор бақыт.

– Жаңа бір сөзіңізде, жеке басымның толғауынан гөрі халықтық мәселелер мені көбірек толғандырады дедіңіз. Сіз бен біз өмір сүріп отырған қоғам­дағы сізді ең көп ойлантатын һәм алаңдататын дүние не?

– Ұрпақ ұлттық тәрбиеден алыстамаса деймін. Өркениетке ілес, мүмкіндігіңді таныт, күшіңді дәлелде, бірақ өзіңнің тегіңді ұмытпа. Қай қиырға барсаң да, қай биікке шықсаң да жүрегің қазақ деп соқсын. Қоғамда өз тілін қор, өзгенікін зор санаған адамдар пайда болды. Қазақ ондайларды «жөргегінен жеріген» дейді. Дүниеде бұдан ауыр сөз бар ма? Ана тіліне менсінбей қарап, өзге тілде шүлдірлейтін әлгілерің өздеріне «жаңа қазақтармыз» деп айдар тағатын көрінеді. Айналайындар-ау, өзінің қасиетін біліп қадіріне жетпеген адам қайда сыяды.

Қазақ тілі – әлемдегі ең бай тілдердің бірі. Оның құнары, көркемдігі ешбір тілден артық болмаса кем емес. Қалай болғанда да ол сенің ана тілің, түп қазығың, айбарың, айбының. Одан жырақтап еш жерден береке таппайсың. Әрбір азамат өз тілін, салт-санасын құрметтеуі керек. Қазақы қасиет-қалыбымызды сақтау үшін тілді сақтауға тиіспіз. Тіліміз, санамыз, мәдениетіміз бодандық құрсауынан босап, тәуелсіз дамуға бет алды, төл ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болды. Енді жоғалған тарихымызды түгендеп, барымызға ие болатын кезеңдеміз.

Мені алаңдататын тағы бір жай, бүгінгі қоғамның ең үлкен індетіне айналған – сыбайлас жемқорлық. Бұл келеңсіздікті түп-тамырымен жоймай жақсылық жоқ. Кезінде лауазымды қызметте жүрген тұста қандайда бір тараптан гүл немесе аққайнар сыйға тартылса біз мұның өзін «орынсыз жағыну» деп таныдық. Кісі қолынан соның өзін алмадық. Ондай әрекеттерді жасаудан жиіркендік. Ал қазір сол гүлдің де, ақ қайнардың да көк тиындық құны болмай қалды. Қазіргі жемқорлықтың құлқыны өте кең. Негізінде, бұл жаман қасиет қазаққа тән емес еді. Мына мен өз басым біраз кезеңді басымнан өткердім. Кеңестік кезеңде біреудің бір артық нәрсесін көрсе ол талқыға салынатын, тексерілетін, жауапқа тартылатын. Ол кезде қазақ баласы пара беруде де, пара алуда да епсіз болатын. Қазір өлім мен өмірдің арасында арпалысып жатқан адамнан пара сұрайтын халге жеттік. Бұған қатысты біреулер жалақысының аздығын, отбасын асыраудың машақатын айтып ақталады. Бірақ жалақысы қомақты, отбасын асырауға толық қабілетті, қолынан іс келетін жоғарыда отырғандардың да осы дертке ұшырағаны тіптен қынжылтады. Сайып келгенде, бәрінің тонайтыны – қара халық. Сол қара халықтың парақорға жем болып жатқанын көргенде «қандай заманға тап болдық» деп баз кешетінім де рас. Егер біз болашақта ұлт болып ұйысқымыз келсе, алдымен осы індеттен арылуды ойластырғанымыз жөн. Жемқорлықпен қоғам болып күресуіміз керек.

– Егемендік алған елең-алаң тұста тәй-тәй басқан еліміздің маңызды құ­ры­­лымында еңбек етіп, ел ағалары­мен бірге мемлекет іргетасын қаласқан жан­ның бірісіз. Сондағы бетпе-бет кел­ген қиындықтар туралы айтып берсеңіз?

– Ол кезеңде қай салада болсын ауыртпалық аз болған жоқ. Тоқса­ныншы жылдардағы тоқырау, өз алдына отау тіккен жас мемлекет үшін ауыр сынағымен келді. Киім-кешек жетіспеушілігі, тамақ тапшылығы алқым­нан алған ағайын жұмыссыз қалып жатты. Өндіріс ошақтары өрісін тарылтып, ауыл мен қаланың арасында сабылған жұрт күнкөрістің қамы үшін базар жағалады. Осы кезде тығырықтан шығудың тиімді тетіктерін алға ұстаған мемлекет көшін бастаған азаматтар көп еңбек етті. Жаңа жұмыс орындары құрылып, экономикамыздың тамырына қан жүгіре бастады. Мектептер мен балабақшалар бой түзеп, оқу-ағарту ісіне, ғылым-білімге көңіл бөлінді. Біз секілді ғалымдар да аянып қалмай, өз саламызды алға сүйреуге қал-қадерімізше үлес қостық. Осы кезде бидай ұнын темірмен, ас тұзын йодпен байытуға арналған жоба ойлап табуға тура келді. Сол жобаны қолға алу арқылы халық денсаулығын қалыпта ұстау, тағам құнарын арттыру мақсатында үлкен қадамдар жасадық. Йод тапшылығы туындаса өскелең ұрпақтың ойлау қабілеті қалыс қалып, аға буын анемиядан айықпас еді. Біз бұған жол бергеніміз жоқ. Мемлекет билігі аталған жобаларды жүйелі жүзеге асыруым үшін маған сенім артып, көп қолдау көрсетті.

Кешегі қылышынан қан тамған кеңестік кезеңде біз үшін рухани тос­қауылдар аз емес еді. Сол кездегі бір оқиғаны тілге тиек етейін. Кеңес Одағы кезінде маған ұлтшыл деген айып та тағылып, қудаланған болатынмын. Ақтөбе медицина институтына ректор болып келгенiмде ең бiрiншi назарымды аударған нәрсе қазақтан қабылданған студенттердiң қатары 37 пайызды ғана құрайды екен. Бұл мәселенi тездетiп жолға қойып, 63,5 пайызға көтердiм. Көптеп қазақ оқытушыларын алдыртқан болатынмын. Бұл қазақ студенттерiнiң де еңсе түзеуiне әжептәуiр сеп болған еді. Есесiне, облыстық партия комитетi мен басқа да құзырлы орындар тарапынан қудалауға түстiм. Одан бөлек, денсаулық сақтау министрі кезімде, 1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық тарихи Алматы конференциясын аса жоғары деңгейде өткізген едік, сол кездері де қиындықтарға тап болдым. Қандай қиындықтар болсын, мені әрдайым халқым қолдады, сенім білдірді. Мен үшін қиындықпен қапталдасып жүрсем де, ұлтым үшін күресу зор бақыт. Ендігі белес тек жүзге жету емес, ең биік мақсатым – қазағымның бағы өрлеп, тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз еңселі болуына белсене атсалысу, халқым үшін пайдамды тигізу.

Дәрігер болу менің бала арманымнан туындаған мақсат еді. Бала күнімде өзімнен бес жас кіші қарындасым Қайынжамалмен тел қозыдай тең өстік. Біз туған жер қасиетті Ұлытау баурайындағы ең бір көрікті мекен еді. Бір жолы қарындасыма суық тиіп ауырып қалды. Оны емдейтін жібі түзу дәрігер табылмай, біз одан қапыда көз жаздық. Бұл жағдай бала жүрегіме ауыр соққы болып тиді. Сол кезде өз-өзіме: «қайтсем де дәрігер боламын» деп серт бердім. Сондағым енді ешкім өлмесе екен деген балаң тілек еді. Кейіннен сәби жүректен шыққан осы бір қиял бүршік жарып, денсаулық саласына өмірімді арнауға бел будым. Тоқсанның төріне шықсам да, еңбектен, ғылымнан қол үзбей келе жатқаным да сондықтан.

– Сізді  жұрт дұрыс тамақтанудың эталоны деп қабылдайды. Сұхба­тымызды көрген оқырман бірден осы тұрғыдағы кеңесіңізді іздейтіні анық. Не дейсіз?

– «Таңғы тамақты өзің іш, түскі тамақты досыңмен бөліс, кешкі тамақты жауыңа бер» деген шығыс тәмсілі бар. Яғни қуатты тағамдарды күннің алғашқы бөлігінде тұтынып, жатарға таяр уақытта асқазанды бос ұстаған жақсы. Бұл – бүкіл әлем медицинасы әлдеқашан құптаған қағида. Дегенмен бұл қағидамен қабыспайтын тағы бір ой айтайын. Біздің өмір сүру дағдымыз сәл басқашалау қалыптасқан. Таңертең үйден апыл-ғұпыл аттанып, шаруаның бәрін реттеп қас-қарайғанда үйге әрең оралып жатамыз. Шаршап-шалдығып кеп, тамақтың бар құнарлысын ал кеп бас саламыз. Мұны құптамасам да, мүлде қате деп айта алмаймын. Бұл – қазақ халқының өмір салтына ежелден сіңген қасиет. Кештетіп келген қонаққа қазан көтеріп, алдына табақ-табақ ет қоятын елміз. Бабаларымыз осыны ескеріп, ас қорытудың ең оңтайлы тәсілін таңдай білген. Қымыз – етті ең жақсы қорытатын сусын. Қазекең еттен кейін қымыз ішіп, ішкен-жегенін бойына дарытқан. Қазір қымыздың орнын құрамы өте күрделі заттардан тұратын түрлі газдалған сусындар алмастыра бастады. Олардың зияны шаш етектен екенін уақыт дәлелдеп жатыр. Аты жаман аурулар белең алып, қаншама жан қиын жағдайға тап болуда. Сауалыңа орай тағы бір ескерер жайт, адамның бәріне бірдей нақты мына нәрсені же де, мына нәрседен бас тарт деп шектеу қоя алмайсыз. Бұл дұрыс та емес. Жаңа айтқанымдай, әр ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік тамақтану әдебі бар. Тіпті ұлттарды былай қойғанда әр адамның ішкі дүниесі жеке бір әлем. Тәбетің тарта ма, же, тек шамадан аспа. Мәселен, біреулер мүлде нан жемеу керек деп кеңес беріп жатады. Мен мұны құптай қоймаймын. Мөлшерден асырмай пайдалансаң ол үлкен қуат көзі. Жеке өз басым тамақ ішкенде міндетті түрде бір-екі тілім нан жеймін. Себебі нан – астың басы, халықтың ұғымға салып айтсақ – атасы. Бабаларымыз нанды берекенің, тоқшылықтың бастауы деп білген. Оның ағзаға берер қуаты мол. Бір сөзбен айтқанда, орайымен, орнымен жесек, таби­ғи тағамдардың көпшілігі ағзамызға пайдалы. Ал айлап-жылдап сақталатын түрлі қоспасы көп жасанды өнімдерден бойды аулақ ұстаған жақсы. Бүгінде жылқы еті мен сүтінің пайдасы ғылыми тұрғыдан зерттелді. Бұл – өте қасиетті, құнды тағамдар. Мұны талай жерде айтып та жүрміз. Ал қой еті ше? Кешкі аста жеген қой еті ертесі күні кешке дейін әрең қорытылатынын білеміз бе? Сондай-ақ сиыр еті де келесі күннің таңында ғана қорытылады. Сол себепті жылқы етіне тағар мінім жоқ. Себебі кешкі аста желінген жылқы еті жатқанша-ақ қорытылып кетеді. Сіңімділігі және ағзаға пайдалылығы жағынан қазақтың қазысымен иық тіресе алатын тағам түрі әлі жоқ. Қымыздың жайы тым бөлек. Кешкі астан кейін ішілген қымыз бойға қуат, дертке шипа. Жалпы, бие сүтінің ұлтымыздың әлеуетіне қосатын үлесі орасан, оған біздің Қазақ тағамтану академиясының көп жылдар бойы жүргізген ғылыми зерттеулері дәлел. Осы ғылыми-зерттеу жұмыстарының барысында біз бие сүтінің терең сырларына бойлап, осы уақытқа дейін құпия болып келген тұстарын зерттеп, тың жаңалықтар ашып, бие сүтінің негізінде тарихта тұңғыш рет жаңа өнімдерді өмірге әкелдік. Ал етке қатысты мына қағиданы ұмытпағанымыз абзал. Ет жеу осы екен деп шектеусіз, таңдаусыз кез келген етті пайдалана беру денсаулығымызды нашарлатпаса, нығайтпайды.

– Ал өзіңіз дұрыс тамақтану ереже­сін бұзып қоятын кездеріңіз бола ма?

– Әрине, пенде баласына үнемі бір қағидамен өмір сүру оңай емес. Ара-арасында арнадан асып кететін кездер болған. Бұл жас күндерге тән еді. Той-думандарда көпшілікпен бірге көңіл қалауына ерік беруіңіз ғажап емес. Ең бастысы, соның бәрін іштей таразылай білсеңіз, дер шағында сілкініп тастап, өз қалыбыңызға түссеңіз құба-құп. Абзалы, Құдай сені қандай таза қылып жаратқан болса, сол таза күйде өткен жақсы ғой. Бұл – тәніңе де, ішкі рухыңа да қуат. «Жақсы сөз жанның жұпары, жақсы иіс тәннің жұпары» деген мақал бар. Тазалық – барлық жақсылықтың кілті.

– Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы дейміз. Ұрпақ саулығын сақтап, ұзақ өмір сүру үшін қандай өмір салтын ұстанғанымыз абзал?

– Ұзақ өмір сүру пендеге Алладан берілетін тылсым дүние ғой. Ал денсау­лықты күту – өмір сапасын жақсартудың кепілі. Мен анамды алты жасыма дейін емген адаммын. Балалармен ойнап жү­ріп, шешемді көріп қалсам омырауына жа­быса кететінмін. Бірге ойнаған доста­рым бұл үшін мені әжуалағанда «сендерге көрсетемін» деп жұдырығымды түйсем жым болатын. Анамның ақ сүтінің арқасында шымыр әрі күшті болып өстім. Әр нәрсені қалыптап берген халқымыз «уызға жарымаған» деген сөзді тегін айтпаса керек. Баланы емшектен ерте шығармай, мейірі қанғанша емізу денсаулығының мықты болуына зор ықпал ететінін түсінуіміз керек. Қазір көпшілігіміздің қарттық туралы түсінігіміз толып жатқан ауру-сырқаулармен байланысты болып келеді. Кәрілікті емдемеу керек, тек оның алдын алуға болады. Бүгінгі өркениетті қоғам зейнеткерлерге «отбасы мен мемлекетке салмақ салып отырған қауқарсыз қариялар» деп емес, «қоғамды алға сүйрейтін, ақыл-ойы толысқан мықты қозғаушы күш» деп қарайды. Бүгінгінің адамдары «денім сау, жұмысым табыс­ты, өмірім ұзақ, белсенді болғай» деген сөзді жиі айтатын болды. Қазіргі ғылым жетістіктері де ауруды емдеуде емес, оның алдын алуға негізделуде. Дүние жүзі бойынша адамдардың мезгілсіз көз жұмып жатқанының 60 пайызының негізгі себебі дұрыс тамақтанбаудан орын алуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бүгінде дұрыс тамақтану мәселесін денсаулық сақтау саласының басым бағыттарының қатарына шығарды. Қазір бізге шетелден неше түрлі азық-түлік ағылып келіп жатқан тұста тамақтану мәдениетімізді арттыру басты орында тұр. Егер әр адам денсаулығына өзінде бар капитал деп қараса, ол адам бірінші кезекте дұрыс тамақтануға дағдылануы керек. Сонда ғана қазақ ерте қартаймайды.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ