Аймақтар • 15 Тамыз, 2022

Қамыстан өндірілген құмшекер

567 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қант мәселесі әлі де елді әбігерге салуда. Базарға барсаңыз, базынасын айтқан халықтың айқайынан құлақ тұнады. Бүгінде мамандар қызылшамен қатар қамыстан да құмшекер алуға болатынын айтуда. Ол үшін заманауи техниканың әрі білікті мамандардың күші керек. Бұл игілікті істі Көксу қант зауыты күні бұрын қолға алған. Енді бұл қатарға Ақсу қант зауыты қосылмақ.

Қамыстан өндірілген құмшекер

Құрақ қантының құны қанша?

Бірнеше жыл тұралап тұрып 2017 жылы қайта тынысы ашылған Ақсу қант зауыты содан бері тынымсыз жұмыс істеп келеді. Күткен нәтиже көңілден шығады, құйған инвестиция да, көптің білдірген сенімі де бекер емес екенін дәлелдеуде. Ескі заманнан еншілеген алып ғимарат қана емес, білікті мамандар да жетерлік. Зауытты қайта қалпына келтірді дегеннен гөрі, бәрі қайтадан жаңартылды десек те болады. Себебі бүгінде зауыттың барлық өндірістік желісі автоматтандырылған, желілерді басқару орталық аппарат арқылы жүргізіледі. Еліміздегі басты қант зауыты да осы.

Сол себепті оның өнімділігі де атына сай болуға тиіс. Мөл­шермен алғанда Ақсудың қауқары Көксудан екі есеге артық.

Мұнда негізінен жақын саналатын Ақсу, Алакөл, Сарқан сияқты аудандардың өнімдері та­сымалданады. Соңғы жылдары өңір көлемінде қант қызыл­ша­сын өсіруге жаппай бет­бұрыс бай­қалады. Өйткені мемле­кет тарапынан қолдау бар, өнім де да­лада қалмай, пұлға ай­на­ла­ды. Өңірде тұқым себуге ар­налған техникамен толық жаб­дықталған алты қызмет сатып алу орталығы мен төрт шаруа қожалығы қант қызылшасын егу жұмыстарымен айналысады. Мәселен, 2020 жылы облыста 2 850 гектарға қант қызылшасы егілді. Орташа өнімділігі 340 цент­нерден асатын 97 241 тонна өнім алынды. Былтыр 86 шаруа қожалығы 3 167 гектар жер­ге қант қызылшасын сепкен. Осылайша, 64 866 тонна қант қызылшасынан 7,7 тонна дайын өнім алған. Аталған зауыт жетекшісі Самат Нәдірбаев биыл жыл соңына дейін қант қамысын өңдеу жоспарда бар екенін айтты.

«Жалпы, қант зауыттары не­гізінде маусымдық кезеңде ға­на 3-4 ай жұмыс істейді. Ал біз маусымаралық кезеңде де бос тұрмас үшін шетелден шикізат әкеліп, қамыс қантын шығаруына мүмкіндік жасамақпыз. Кәсіп­орын жаңғыртудан өткен. Ресей, Қытай, Чехия және басқа да елдер­ден құрал-жабдықтар жет­кізіліп, орнатылды. Жалпы, қы­зылша өңдегенде одан 80 пайыз жом, яғни сығынды шығады. Бұл – мал семірту үшін таптырмай­тын азық. Оның да игілігін кө­ріп жатырмыз. Ал қамыстан қант өңдірсек нарықты реттеуге жақ­сы мүмкіндік болар еді», дей­ді С.Нәдірбаев.

Жақында облыс басшысы Бейбіт Исабаев зауыттың мүм­кіндігіне жоғары баға берген. Алқаптарға су жіберу, ауыспалы егіс жүйесін сақтау, субсидия беру арқылы қант қызылшасын өсіруге қолдау білдірілетінін жет­кізген. Сондай-ақ зауыт бас­шы­сына шаруашылықтармен бір­­лесіп, алдағы уақытта атқа­ра­тын жұмыстарды пысықтауды тапсырған еді.

Облыстық ауыл шаруа­шылы­ғы басқармасының мәліметінше, соңғы 7 жылда қант қызылшасы егістігінің аумағы жеті жарым есеге артқан. Мәселен, 2014 жы­лы 1,2 мың га құраса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 8,9 мың га жеткен екен. Сондай-ақ қайта өңдеуге өткізілген өнім көлемі 20 есеге, нақтылай кетсек 9,9 мың тоннадан 196 мың тоннаға дейін ұл­ғайған. Биыл шаруаларға өт­кізілген өнімнің әр тоннасына 30 мың теңгеден төленбек. Яғни зауыт тарапынан 15 мың теңге, суб­сидия есебінен 15 мың теңге бе­­­ріледі. Бұл былтырғымен са­лыс­­тырғанда 8 мың теңгеге ар­тық.

Көпті көрген Көксу зауыты

Жалпы, қант қызылшасын өндіру мен қамыстан қант өң­деуде көш бастап тұрған өңіріміз би­ыл да межеленген жоспарды ойдағыдай жүзеге асыруда. Әрине, күн сайын үстелден табылатын құмшекердің бағасы жыл басынан бері қымбаттап, әлі де тұрақтанбай келеді. Әйт­се де нарықты реттеуде қамыс­тан өндірілген қанттың көмегі мол. Бұл ретте Көксу қант зауыты шама-шарқынша қарекет ету­де. Мәселен, 2020 жылы 4 649 300 теңгеге 20 905 тонна қант өндірсе, былтыр 12 741 000 теңгеге 39 174 тонна қа­мыс қан­ты, 12 022 тонна қант өнді­рілген. Ағымдағы жылы қамыс қантының жоспары – 48 мың тонна. Қазіргі уақытта Көксу қант зауытына 41 мың тонна қант қамысы жеткізілді. 35 500 тонна қайта өңдеуге түсіп, 34 300 тонна қамыс қанты өндірілген. 7 айдың көрсеткіші бойынша 12 071 200 теңге жұмсалған.

Шынында, Көксу қант зауыты қант қамысынан шекер шығару ісін біраз жылдан бері жоспарлап келді. Алайда техникалық шарт-жағдай, тағы да басқа себептерге байланыс­ты арман орындалмай келген еді. Соңғы жылдары зауытқа жүр­гізілген күрделі жөндеу жұ­мысы жаңа қадамды жүзеге асыруға материалдық негіз қалап берді. Нәтижесінде, былтыр өн­діріс орны қант қамысынан қант өңдейтін құрылғыларды орна­тып, Бразилиядан қант шикі­затын тасымалдап, ойдағы істі жүзеге асыруға бірден кірісті.

«Әр істің өз қиындығы да, қызығы да болады. Қант қа­мы­­сынан шекер өндіру ісін алғаш қолға алғанда көңілімізде кү­діктің болғаны рас. «Өнімімізді жұрт қалай қабылдайды, нарықтағы орны қалай болады?» деген сан сұрақ алаңдатқаны анық. Бірақ қант өндірудегі ұзақ жылдық тәжірибеміздің нә­­тижесінде жаңа бастаманы бас­­тап кеттік. Қант қамысынан қант шығаратын құрылғыларды орнатып болып, жұмысты қолға алдық. Басында біз 30 мың тонна таза қант өндіреміз деп жоспарлап едік. Алайда екі айдың ішінде 16 мың тонна қант өндіріп, нарыққа шығардық. Қазір еліміздің бар аймағында біздің өнім сатылымға шықты. Тұ­­ты­нушылардың жақсы баға­сын естіген сайын көңіліміз жел­пініп, құлшынысымыз артып ке­­леді», дейді «Көксу қант зауыты» ЖШС директоры Алтынбек Абатов.

Оның айтуынша, қанттың бұл түрін өндіруге кәсіпорында бұрыннан бар қондырғылармен қатар Украина, Аустрия, Ресей, Германиядан жеткізілген жаңа қондырғылар, жапониялық авто­матты құрылғылар да қол­да­ны­лады. Қосымша қондыр­ғы­лар­ды жеткізу, монтаждау, тағы да басқа жұмыстарға 600 мың­нан астам доллар көлемінде қара­жат салынған. Жаңа же­ліні іске қосуға екі жылдай уа­қыт кеткен. Зауыт 80 пайыз автоматтан­ды­рыл­ған. Шетелдік құрал-жаб­дықтарды игеру де оңай емес. Жақында Украина, Ресей елде­рінен арнайы мамандар ша­қыр­­тылып, жергілікті кадрлар үшін арнайы оқыту курс­тары ұйым­дастырылуда.

Аталған зауыттың жаңа өнімі тұтынушылардың ықыласына бөленумен қатар нарықтағы қант бағасын реттеуге барынша ықпал етуде. Қазір зауыт өн­дірген шекерлер нарықта қант қы­зылшасына қарағанда барынша төмен бағамен саудаланады.

«Бүгінде зауытта 300-ден аса адам жұмыспен қамтылған. Жыл сайын ақпан айында қант қызылшасын өңдеу жұмысы аяқталған соң қоңыр күзге дейін үйлерінде жұмыссыз отыратын осы адамдарды жыл бойы тұрақты жұмыспен қамтуға мүм­кіндік берді», дейді Көксу аудан­дық мәслихатының депутаты Айгүл Айманбекова.

Көксу қант зауыты қамыс қан­тын өндіретін, қуаты тәулі­гіне 300 тонналық қосымша же­ліні іске қосқан. Қант қызыл­шасын өңдеумен айналысатын зауыттағы бұл жаңа желі кәсіп­орынның маусымдық кезеңде ғана емес, жыл бойы үздіксіз жұ­мыс істеуіне мүмкіндік бере­ді. Бүгінде Бразилиядан 7,5 мың тонна шикізат жеткізіліп, өңдеу ісі басталған.

«Сауда дүкендерінде қант бағасы көтеріліп, күрделі мәсе­леге айналғаны баршамызға мәлім. Ауданымыздағы қант өн­діретін зауыт дәл қазір қамыстан, яғни тростниктен күніне 310 тон­на қант шығарады, бос жұ­мыс орындары да жоқ емес, орташа жалақы – 150 мың тенге. Ал осы зауыттың толық жұмыс істеуі үшін қант қызылшасы әб­ден қажет. Ауданда биыл осы мақсатта 1 200 гектар қант қы­зыл­­шасы егілген екен, келесі жылға жоспарды ұлғайту керек. Сол себепті аудандағы қант қы­­зылшасын еккен ірі шаруа қожалықтарының иелерімен кез­десіп, жоғарыдағы мәселені тал­қыладық», дейді аудан әкімі Мар­лен Көлбаев.

Мамандардың сөзіне қара­ғанда, қамыс қантын шығарудың бір артықшылығы, оны өңдеуге кететін шығын салыстырмалы түрде аз. Және оның тәттілігі мен татымдылығы қызылша қан­­ты­мен бірдей. Мәселен, әдет­те қант қызылшасынан қант өндіргенде 12 пайыз мөлше­рін­де таза қант алынса, ал қа­мыс қанты шикізатын қайта өңде­ген­дегі өнімділігі 97-98 пайыз мөлшерінде болады екен. Қа­мыс­­тың тиімділігін осыдан-ақ бай­қауға болатындай.

Қос зауыттың қанжығасы майланбақ

Негізгі шикізат Бразилия мен Мексикадан әкелінеді. За­уыт бір маусымда 25-30 мың тон­надай қамыс өңдеуді жоспар­лап отыр. Межеленген бұл кө­лем­дегі шикізатты өңдеу жаз соңына дейін аяқталып, зауыт күзден бастап қант қызыл­ша­сын қабылдауға қайта кірі­седі. Осылайша, өнеркәсіп ныса­ны­ның жыл бойы үздіксіз жұмыс іс­тей­тіні мұндағы 500-дей жұ­мыс­­­шыға да қуаныш сыйлап отыр.

«Бұрынғы жылдары зауыт қант қызылшасын 4-5 ай ғана өң­деп, қалған уақытта біз­ге бас­қа жұмыс іздеуге тура келе­тін. Міне, жаңа өндіріс іске қо­сылғалы жұмысымызды үз­дік­сіз жалғастырып жатырмыз. Өнім­ді жұмыс істегеніміз үшін ме­­рекелік сыйақы да алып үл­гер­дік», дейді зауыттың зертхана қыз­меткері Жазира Дүстекова.

Қамыстан өндірілген өнім еліміздің қантқа сұранысын қа­­на­­­ғаттандыру мақсатында отан­­­дық нарыққа шығарылып, ба­ғаны ырықтандыруға септігін ти­гізбек. Зауыт мазуттан табиғи газға көшіріліп, бұл өнеркәсіп ны­санының шығынын азайтуға, экологиялық жағынан тиімділігі мен өнімділігін арттыруға ық­пал етті. Кәсіпорын алдағы уақыт­та қызылша жомын өңдеп, түйір­шік­­­телген мал азығын шыға­ра­тын желі орнатуды жоспарлап отыр.

Бүгінде Көксу қант зауыты құрақ қантын өндіруді жаңа деңгейге көтеруді мақсат тұтқан. Былтыр 41 мың тонна шикізат өң­деліп, 40 мың тонна құмшекер алған. Ал осы жылы 48 мың тон­наға квота алып, бүгінге 30 мың тонна шикізат өңделді. Ен­ді көп ұзамай қараша айында Ақ­су қант зауытында қамысты қайта өңдеу желісі іске қосылып, бұл өңір үшін үлкен жаңалық болғалы отыр. Осылайша, қос зауыт та жыл бойы жұмыс істеп, қамыс құрағы мен қызылшаны өңдемек.

Тағы да айта кетейік, Жеті­суда қант қызылшасының егіс алқабы алдағы 4 жылда 15 мың гектарға дейін ұлғаймақ. Нақ­тырақ айтсақ, 2023 жылы – егіс алаңы 8,1 мың га, 2024 жылы 10,7 мың га құраса, 2025 жылы бұл көр­сеткіш 12,2 мың га дейін же­теді. Жалпы, биыл бұл дақыл түрі 6,2 мың гектарға себілді. Одан 210 мың тонна өнім жинап, 20 мың тоннаға жуық қант өндіру жоспарда бар.

 

Жетісу облысы