Оның айтуынша, жауынқұрт – топырақты құнарландыруға таптырмайтын тәсіл. Ол бұл кәсібін жыл басында бастаған. Жауынқұртты жапырақ, тал сабағы мен төрт түліктен бөлінген органикалық заттармен қоректендіреді. Сөйтіп, биогумус деп аталатын биологиялық тыңайтқыш шығарады.
– Бұл кәсіпті қолға аламын деген ойым болған жоқ еді. Жаңа жыл қарсаңында күйеубала бір қорапқа салынған калифорниялық жауынқұртты әкеліп берді. Содан жауынқұртты зерттей бастадым. Кейін үйде өсіруге бел байладым. Жауынқұрт көбейе түсті. Кейін тағы да сатып алдым. Алты айда бір қораптағы жауынқұртты 400 мыңға жеткіздім. Қазір 40 шаршы метр аумақта өсіріп отырмын, – дейді А.Бекмамбетова.
Үй іргесінен жеке кәсібін ашқан ол құрттарға малдың тезегі мен жеміс-жидек, көкөністің қалдығын да береді. Мұндай органикалық тыңайтқыштарды ауыл ішінен табу қиын емес. Алайда жауынқұрттың калифорниялық түрі жоғары бағаланатындықтан, оның күтімі де соған сай болуы қажет.
– Қазір калифорниялық жауынқұртының нарықтағы құны 1 шаршы метріне 150 мың теңге тұрады. Құрттарды дернәсіл кезінде малдың қиы мен жеміс-жидек қалдығына тастаймын. Қалдықты үш айда қорытып береді. Одан соң құрттарды елекпен өткізіп, сатуға әзірлеп қоямын. Сатудан қалғанын қайтадан қалдықтарды қорытуға жіберемін. Бұл процесс осылай тоқтаусыз жалғаса береді, – деп тәжірибесімен бөлісті А.Бекмамбетова.
Ол үйінің ауласында тек жауынқұрт өсірумен шектелген жоқ. Бұған қоса жеміс-жидек пен көкөністің сан түрін өсіріп отыр. Соның қатарында Марокко жалбызы да бар.
– Бұрын жалбызды өсіріп көрген емеспін. Марокко жалбызын әріптесімнің кеңесімен өсіруге ден қойдым. Ол Марокко жалбызын біздің нарықтан табу қиын екенін, бағасы қымбат екенін әңгімеледі. Расында да, солай екен. Сауда орнынан бір кило жалбызды сатып әкелдім. Оны әбден тамыр жайғанша, екі апта бойы баптадым. Кейін аулаға ектім. Қазір жалбызға сұраныс көбейіп, өсіріп үлгере алмай жүрмін, – дейді ол.
Енді Анар Бекмамбетова жауынқұрты мен жалбыз өсіру ісін кеңейтпек ойы бар. Өйткені оған шаруалардан сұраныс арта түскен. Сол себептен қолынан келетін кәсіпті жандандырып, биогумуспен жергілікті егіншілерді қамтамасыз етуді көздеп отыр.
– Құрт пен жалбыз өсірудің пайдасы да, табысы да мол екеніне көз жеткіздім. Алдымен еңбек етуге ынтам оянды. Екіншіден, өңірдің тұзды топырағын құнарландыруға ықпалы зор. Үшіншіден, осы кезге дейін сырттан тасымалданған қажетті нәрсені өзіміз де өсіре алады екенбіз. Демек төл ақшамыз сыртқа кетпей, өзімізде қалады ғой, – дейді бағбан.
Атырау облысы