Қоғам • 16 Тамыз, 2022

Қаңтар оқиғасында ұрланған қарудың үштен бір бөлігі табылды

281 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қарудың үштен бірі ғана табылды, қалғаны қылмыскерлердің қолында. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қаңтар оқиғасында ұрланған қарудың үштен бір бөлігі табылды

«Құқық қорғау органдары ғимараттарына шабуылдау нәтижесінде 1 259 табельдік қару ұрланды, оның ішінде автоматтар, тапаншалар мен гранатометтар болды. Атап айтқанда, Алматы облысында полиция департаменті ғимаратынан 53 автомат, 367 тапанша, 1 гранатомет, сондай-ақ 23 мыңнан астам патрон ұрланды. Жамбыл облысында 200 автомат, 148 тапанша, 11 гранатомет, бір пулемет және 40 мыңға жуық патрон қолды болды», деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Бас прокуратура өкілінің атап өтуінше, Резиденцияда қиратулардан кейін 130 дана қару мен оқ-дәрілердің жетіспеушілігі анықталды. Оның ішінде 80 граната, 17 тапанша, 11 автомат, 21 гранатомет және снайпер мылтығы бар.

«Барлық фактілер бойынша тергеп-тексерулер жүргізіліп жатыр. Қару-жарақ қоймалары табылып, оларға қатысы бар адамдар анықталуда. Қазір 481 бірлік қару табылды. Бұл барлық ұрланған қарудың үштен бірі. Қалғаны қылмыскерлердің қолында», деді Елдос Қилымжанов.