Аймақтар • 16 Тамыз, 2022

Қалаға қосылған ауылдар: Мегаполис 2025 жылы сапалы электр энергиясымен толық қамтамасыз етіледі

326 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Өзбекстанның Шыршық қаласында туып-өскен Серік Тұрғымбаев ағайынға қосылуды мақсат етіп, атамекенге қоныс аударған. Бастапқыда аздап жинаған ақшасына Шымкенттің іргесінен жер учаскесін сатып алып, шағын үй салыпты. Сол жылдары ол маңайда үй салғандардың қатары тіптен аз еді. Ал бүгінде тұрғыны көп шағын ауданға айналған.

Қалаға қосылған ауылдар: Мегаполис 2025 жылы сапалы электр энергиясымен толық қамтамасыз етіледі

– Көше жоқ еді. Үлкен жолға шығу үшін даланы төтесінен кесіп өте салатынбыз. Инфрақұрылым туралы айтудың өзі артық. Тым құрығанда жарық та болмады. Бірнеше жыл тас қараңғыда отырдық. Суды жаяу-жалпылап төменгі ауылға түсіп, ыдыспен таситынбыз. Қыста қар кешіп, күн жауында аяғымыз батпаққа малынып, жаздың шуақты күндеріне әрең жететінбіз. Сәл қырға көтерілсең қазіргі 16 қабатты әкімдік ғимараты орналасқан қаланың жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы көрінер еді. Бұл аймаққа инфрақұрылым жүйелері­нің қашан тартылатыны белгісіз еді. Бертініректе бұл жерге біртіндеп сервистік қызмет көрсету, басқа да кәсіпорындар мен олардың зәулім кеңселері салына бастады. Солармен қосылып жеке сектордағы үйлер құрылысы артып, жекеменшік инженерлік инфрақұрылымдар пайда болды. Айналасы үш-төрт жылда жаңа үйлер жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап, кешегі айдала жер кәдімгі тіршілігі қыбырлаған елді мекенге айналып шыға келді. Бірақ инфрақұрылым жүйелері кешегі күнге дейін толық жекенің қолында болды. Газға немесе жарыққа қосылу үшін үй салған отбасылар бірталай қаражат төлейтін, – дейді сол күндерді еске алған Серік Тұрғымбаев.

Иә, Тассай – қаланың жаңа орталығына жақын шағын аудан. Бүгінде бұл аймақта мемлекеттік бюджет есебінен сапалы электр энергиясы тартылды. Әлі толық қосылмаса да қуаттылық ережелеріне сай газ бен су құбырлары жүргізілді. Сонымен бірге кәріз жүйесін орнату жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Жер астынан оптикалық кабель де өткізілді. Негізгі көшесіне асфальт төселіп, жарықшамдар орнатылды. Дегенмен шағын ауданның ішкі көшелері әлі де асфальт, тіпті шағал тас төселмеген күйі қалып тұр. Ендігі кезекте тұрғын­дар коммуналдық газға тезірек қосылуды асыға күтіп жүр. Жалпы, Шымкенттің шеткі аудандарындағы жағдай осындай. Урбанизация үдерісінің екпінімен қалаға ағылған жұрт алғашқыда көп қиындықты бастан өткерді. Инфрақұрылымы барма­ған жерге үй салған халық әкімдікке жиі шағымданды. Бұған, әрине, әкімдікті кінә­лауға болмас. Өйткені сол тұста қала­ны тұтас дамытып жіберетін ресурс болған жоқ, тіпті болған күнде бір пәсте атқа­рып тастау мүмкін емес. Қала шетіндегі Асар-2 шағын ауданы да көптен бері ком­­муналдық инфрақұрылым жағы­нан қиындық көріп келді. Ауыз су, жол, газ, электр қуатының проблемасы жергілікті тұрғындарды әбден шаршатқан-ды. Мегаполисті дамытудың жоспарына сәйкес былтыр аталған шағын ауданға көптен күткен ауыз су берілді. Осы мақсатты іске асыруға мемлекет қазынасынан 1,5 млрд теңге қаржы қаралды. Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов мегаполис шалғайында жат­қан елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту Amanat партиясының «Өзгерістер жолы: баршаға лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылып жатқанын айтады. Бағдарлама аясында биыл Асар-2 шағын ауданының басқа да инженерлік-инфрақұрылым мәселелері шешімін тапты. Соның ішінде қалаға қатынайтын қоғамдық көліктерді атап өтуге болады. Бұдан бөлек «Монолит – Дизайн-2030» мердігер компаниясы кәріз жүйесінің құрылысын жүргізуде.

Жалпы, қалада 81 елді мекен болса, соның 41-і кезінде Түркістан облысының аудандарынан мегаполиске өткен ауылдар. Қала әкімдігі алдымен инфрақұрылым мәселесін түбегейлі шешіп алудың қамына кірісіп, магистралды газ, су құбырлары тартылды. Бұрын көп кәсіпорын газ қуатының тапшылығынан зардап шегетін. Көптеген жеке сектордағы үйлер табиғи газға қосылу бойынша жарияланған мораторийдің салдарынан «көгілдір отынға» қосыла алмай келді. Жаңадан пайдалануға берілген АГРС-3 газ тарату стансасының септігі­мен мегаполис бойынша «көгілдір отын» қуаттылығы артып, мораторийлік шектеу алынып тасталды. Жоғарыда аталған Асар-2 шағын ауданының тұрғындары да осы станса арқылы тарайтын табиғи газдың игілігін көріп отыр. АГРС-3-тің қуаттылығы 250 мың текше метрді құрай­ды. Бұрынғы ескі станса 180 мың текше метр газ тарататын. Ол қуаттылық қала­ны газбен жабдықтауға толық жетпейтін. Жаңа стансаның мүмкіндігі қаланың сұ­ра­нысынан да артып отыр. Сондықтан АГРС-3-тің салынуы жалпы мегаполистің дамуына үлкен серпін берері сөзсіз. Жоспарға сәйкес Көмешбұлақ су көзінен 25 шақырымдық магистралды су құбыры тартылды. Қаланың солтүстік, солтүстік-ба­тыс бөлігіндегі Асар-2, Достық, Солтүстік саяжай, Ынтымақ, Батыс, Жаңаталап, Көкбұлақ, Игілік секілді елді мекендер осы магистралды құбыр арқылы таза әрі сапалы ауыз су ішіп отыр. Сондай-ақ «Бозарық 220/110/10 КВ» қосалқы стансасы мен 110 кв қоректендіру желісі бар «1-М-1» қосалқы стансасы іске қосылды. Аталған нысандар қала шетіндегі шағын аудандарды электр жарығымен қамтамасыз етуге толық жетеді. Соның нәтижесінде, 250 мың халық тұратын 10 жаңа тұрғын үй алабы үздіксіз электр қуатымен жабдықталды. Қала әкімдігі 2023 жылы үшінші мегаполисте ауыз сумен қамту көрсеткішін жүз пайызға жеткізуді көздеп отыр. Бүгінгі таңда қалаға қарасты 81 елді мекеннің 78-інде ауыз су болса, қалған 3 ауылға Құрсай, Қайнарбұлақ, Сайрам тұрғын алаптарына кестемен беріліп отыр.

Қала тұрғындарын сапалы ауыз су­мен қамту көрсеткішін арттыру мақсатын­да биыл 7 нысанда құрылыс жұмысы қар­қынды жүріп жатыр. Олар: Құрсай (1,2 кезең), Асар-2 (2 кезең), Нұртас ВС, Текесу елді мекені, Еңбекші ауданы­на қарасты жаңа құрылыс аумақтары және Қайнарбұлақ ауылы. Ал Сайрам елді ме­ке­­нінде құрылыс жұмысын бастау үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жүр­гізілген-ді.

Бүгінгі таңда Құрсай елді мекенінде екі кезеңнен тұратын жобаның құрылысы аяқталып, 270 шақырым су құбыры орнатылды. Осылайша, Құрсай шағын ауданына инженерлік-инфрақұрылым тарту ісі қарқынды жалғасуда. 8 мыңға жуық тұрғыны бар шағын ауданды сапалы ауыз сумен қамту үшін инженерлік құрылыс 2021 жылы басталған. Жалпы ұзындығы 336,5 шақырымды құрайтын су жүйесін тарту жұмысы жоғарыда айтылғандай, 2 кезең бойынша жүзеге асырылып жатыр.

Ал Қайнарбұлақ тұрғын алабына ауыз су құбырын тарту құрылысы 2023 жылға өтпелі. Осы жылдың қорытындысымен Құрсай, Асар-2, Текесу елді мекендері мен Нұртас су жинақтағыш имараты­ның құрылысы аяқталады. Нәтижесінде, қала тұрғындарының сапалы ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 99 пайызға жетеді. Жоспарға сәйкес, Шымкент қаласының тұрғындары 2023 жылы жоғарыда келтірілген дерекке сай, 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.

Сонымен бірге жауапты мамандар 2025 жылы мегаполис толық сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етілетінін айтады. Қазіргі уақытта 8 елді мекенде ғана электр қуатының сапасы төмен. Табиғи газ да алдағы 3 жылда толық шешімін табады. Газ бармаған қалада 8 елді мекен қалып отыр. Мегаполис құрамында бұрыннан болған тұрғын алаптарында негізінен инженерлік-коммуналдық инфрақұрылым проблемасы халықты көбірек мазаласа, Түркістан облысынан қала құрамына өткен елді мекендерде жер учаскесіне байла­нысты құжаттық мәселелер заңдастыруға келгенде тұрғындар алдынан кесе көлде­нең шығуда.

Қалалық энергетика және инфрақұ­ры­лымды дамыту басқармасының берген мәліметтеріне назар салсақ, мегаполистің елді мекендеріне ауыз сумен бірге өзге де инженерлік инфрақұрылымды тарту жұмыстары жоспарға сай кезең-кезеңімен атқарылып жатыр. Айталық, Қаратау ауда­нына қарасты Достық шағын ауданын сапалы электр қуатымен қамту өзекті мәселенің бірі еді. Бүгінде электр тарату бекетіне керекті жабдықтар орнатылды. Шағын ауданды қажетті электр энергиясымен қамтуға жалғап қосу, қосылу көзіне кабель желісін жалғау және 13 электр трансформаторын орнату, 7 шақырым 10 кВ кабель желісін тарту секілді жұмыстар кіреді.

Құрылыс жұмыстарынан кейін қара­шада үйлерді ресми қуат көзіне жалғау, абоненттеу жұмыстары қолға алынады. Сапалы электр қуатымен қамту үшін 8 нысанда құрылыс жұмыстары қарқын алған. Басталған іс осы қарқынынан таймаса, жыл соңына дейін шымкенттіктердің 99 пайызы сапалы электр қуатын тұтынады.

Достық шағын ауданының халқы енді газдан тапшылық көрмейді. Бұл бойынша атқарылған жұмыстардың барысын көзбен көруге барған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жергілікті халықпен жүздесіп, «2021 жылдың жел­тоқсан айында 46,06 шақырымға газ жүйесі тартылған болатын. Көгілдір отын­мен қамтуда АГРС-3 нысанының іске қо­сылуын күттік. Енді, міне, көптен күт­кен жұмыс толық аяқталып, сіздерге газ беріліп жатыр. Құжаттары дайын үйлерге газ қосылды. Енді қалғандарыңыз да күз басталмай құжаттарыңызды әзірлеп үлгеріңіздер», деді.

Жалпы, Достық шағын ауданында 2 686 үй болса, тұрғын саны – 15 750 адам. 2 625 нақты абонемент бар. Өз кезегінде мердігер мекеме «ГХ Шымкентгаз» ЖШС аталған жобаны 957,838 млн теңгеге атқа­рып, жұмысты мерзімінде аяқтады.

Қаладағы Нұртас елді мекені электр қуаты сапасыз 8 елді мекеннің қатарында. Бұл мәселені шешу мақсатында Нұртас елді мекеніне электр қуатын тарту құры­лы­сы 2021 жылы басталған. Бүгінге дейін құрылыс жұмыстарының жартысы орындалды.

Құрылыс барысында 600-ден астам электр бағанасы орнатылып, 8 шақырымға электр желілері тартылды. Жоспар бойынша құрылыс жұмысы жыл соңына дейін аяқталып, іске қосылады. Содан кейін «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС тарапынан абоненттеу жұмыстары басталады.

Сонымен қатар Нұртас елді мекенін­де ішкі орамдық газ құбыры тартылуда. Бүгінге дейін бұл жұмыстар аяқталуға жақын қалды. 15,7 шақырымнан астам газ құбыры төселді. Жалпы, газ құбыры желісін тарту ісі толығымен жыл соңына қарай бітіп, пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек биыл Нұртастағы Тасанбаев пен Хан тәңірі көшелері жарықтандырылады.

Энергетика және инфрақұрылым­ды дамыту басқармасының басшысы Б.Булат­­бековтің қала әкіміне 6 айдағы инди­каторлардың орындалуы бойынша берген есебінде Шымкентті электр қуатымен қамту көрсеткішін биыл 98 пайызға жеткізу жоспарға қойылғаны айтылған. Бұл мақсатқа орай 5 елді мекен – Жаңаталап, Достық, Тұран, Нұртас, Сәуле шағын аудандарында және Бозарықта 1 қосалқы станса, «Ақжар» 110 кВ қосал­қы стансаларының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Ал Ынтымақта­ғы қосалқы станса мен осыған байланыс­ты Нұрсат, Қайнарбұлақ, Батыс, Солтүстік ­саяжай шағын аудандарындағы құрылыс­тар келесі жылы аяқталады.

Бүгінгі таңда Шымкент қаласының 54 пайызы кәріз жүйесімен қамтылған. Биыл бұл көрсеткішті 60 пайызға жеткізу, яғни қосымша 65 мыңға жуық тұрғынды қамту жоспарланып отыр. Осы межеге қол жеткізу мақсатында 20 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін Самал-3, Мирас-Шапағат-2, Ұлағат, Солтүстік-Шығыс, Хлопзавод-Шолохов, Жұлдыз елді мекендері кәріз жүйесіне қосылады. Ал Асар-2, Тассай, Тұран ішкі жүйелері және Достық, Қайтпас-2, Солтүстік-Батыс шағын аудандарын­дағы құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталады.

Сонымен бірге Достықтағы кәріз сор­ғы стансасы КНС (қайта құру), Арғын­бековтегі коллектор, Тұрандағы ішкі магистрал, Бозарықтағы 74 гектар аумақ­тық құрылыс жұмыстары да өз мәресіне жетеді. Ал Нұртас, Тараз шағын ауданы, Айша бибі көшесі, 112 орам құрылысы биыл басталмақ. Қаламыздың даму жос­парына сәйкес, 2022-2025 жылдары кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 75 пайызға жеткізу мақсаты тұр. Қазіргі уақытта Арғынбеков көшесінің бойымен Жібек жолы көшесінен бастап №2 коллекторға дейін канализациялық коллектор құрылысы қарқынды жүруде. Кол­лектордың жалпы ұзындығы 13,1 ша­қырымды құрайды. Құрылысқа жауапты мердігер мекеме – «Сарыағаш-Аман» ЖШС. Аталған канализациялық коллектор құрылысы 2022 жылдың соңына дейін аяқталады. Нәтижесінде, Сайрам, Азат, Тассай, Мирас, Нұртас, Ұлағат, Шапағат, Солтүстік-Шығыс және Самал-3 шағын аудандары коллекторға қосылады. Айта кету керек, биыл қала тұрғындарын кәріз жүйесімен қамту мақсатында барлығы 16 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр.

Жоғарыда аталған шағын аудандар­дың ішіндегі Мирас елді мекенінде 980 үй орналасқан. Қазір онда 1 мектеп пен 6 балабақша бар. Шағын аудан электр жарығы, ауыз су және табиғи газбен 100 пайыз қамтылған. Енді кәріз жүйесін тарту ғана қалып отыр. Жобаға сәйкес ұзындығы 50,4 шақырым кәріз жүйесі салынып, ары қарай Шапағат-2 шағын ауданына ұзартылады. Бүгінде құрылыстың біразы орындалған. Қолданысқа беру мерзімі биыл қараша айында деп жоспарланып отыр. Құрылысты атқарушы мергілер компания – «Ынтымақ Бес Арыс» ЖШС. Ал оның техникалық қадағалаушысы «Тұран құрылыс» мекемесі.

Ақжайық шағын ауданын инжинерлік инфрақұрылыммен қамту мақсатына орай қазір мұнда да кәріз жүйесінің құрылысы қызу қарқын алған. Сметалық жобаға сәйкес ұзындығы 22,1 шақырым кәріз жүйесі салынуға тиіс. Осыған орай бюджеттен 686,1 млн теңге қаралып отыр. Құрылысы биыл басталған нысанда қа­зір жұмыстың жартысына жуық бөлігі орындалған. Жұмысты аяқтау мерзімі 2023 жылдың тамызына қарай жоспарланды. Пайдалануға берілсе, шағын аудандағы 4 200 үй кәріз жүйесіне қосылады. Жаңа кәріз жүйесін шағын аудан халқымен бірге кәсіпорындар, мектеп пен балабақшалар да пайдаланбақ.

Ақжайық шағын ауданында 35 көп­қабатты үй болса, қалғаны жеке секторда­ғы тұрғын үйлер. Ауыз су, электр жары­ғы және табиғи газбен толық қамтылған. 3 мектеп пен 12 балабақша бар. Былтыр 8 балалар ойын алаңшасы мен 2 спорт алаңшасы салынып, пайдалануға берілген. Биыл 10 спорт алаңшасының құрылысы жүріп жатыр. Сонымен бірге шағын ауданда осы жылы 13 көше орташа жөндеуден өтпек. Атап айтқанда, Жағатай көшесінің жалғасы, Оразбай ата, Бетеге жалғасы, Жағатай көшесінің жалғасындағы атауы жоқ көше, №12 көше, Сарбаз көшелеріне асфальт төселеді. Жоспарға сәйкес, жыл сайын орташа жөндеу жұмыстарымен қаланың орталық көшелері ғана емес, ауданның ішкі орамдық көшелері де қамтылады. Бүгінде жоспарланған 308 көшенің 145 көшесі жөндеуден өтіп, ел игілігіне пайдалануға берілді. Сонымен қатар бүгінге дейін Ақжайықта 8 көше жарықтандырылған. Биыл Балқарағай, Асфендияров көшесіне жарық барса, 2023 жылы Байсбаев пен Қарасай, 2024 жылы Спанов пен Уали ата көшелеріне жарықшамдар орнатылады.

Мұнымен қоса, Шымкент қаласында 2020 жылы 39 көше жарықтандырылып, қаланы қамту көрсеткіші 24 пайыздан 29,5 пайызға өскен еді. 2021 жылдан бас­тап қала әкімінің тапсырмасына сәй­кес мемлекет-жекешелік әріптестік жобасы аясында 104 көшеге жарықшам­дар қойылды. Нәтижесінде, бүгінде 747 көшенің 324-і жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 43,4 пайызға жетті. Қосымша 12 көшенің жарықшамы қайта жөнделді. Биыл да аталған жоба аясында 102 көше жарықтандырылмақ. Жұмыстар кезең-кезеңімен жыл соңына дейін жүргізіледі. Нәтижесінде, 2022 жыл қорытындысына сәйкес Шымкент көшелерінің 57 пайызын түнгі жарықпен қамту жоспарланған. 2023 жылы 106 көшені жарықтандырып, қамту көрсеткішін 70 пайызға өсірудің жоспары қойылып отыр.

Бүгінге дейін Сәуле шағын ауданын­дағы 276 орамның инфрақұрылым­дық мәселесі қаланың күн тәртібінен түс­пей келген еді. Ендігі ретте қаланың даму жос­­парына сай инфрақұрылыммен қамту жұ­мыстары қызу жүріп жатыр. Қазір 276 орамда инженерлік жүйелермен қамту бойынша құрылыс жоспарлы кестеге сай атқарылуда. Елді мекен ауыз сумен толық қамтылған. Сапалы электр жарығын жеткізу үшін құрылыс жұмысы 2021 жылы басталған болатын. Соған сәйкес ұзындығы 76,2 шақырымдық ішкі орамдық желі тартылды, бұл өз кезегінде 1 300-ден аса абоненттің мемлекеттік жарықты қолдануына мүмкіндік туғызып отыр. Ал табиғи газбен қамту үшін ішкі орамдық құбыр жүйесін тарту жұмысы биыл ал­ғашқы жартыжылдықта басталды. Газ жүйе­лерінің ұзындығы – 28 шақырымды құрайды. Оның құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

Қалалар қай кезде де адамзат өрке­ниетінің күретамыры саналып келді. Мега­полис болған соң ол жерде ғылым да, мәдениет пен экономика да қарыштап дамиды. Ал бұл жағдайда ірі қаланы шеткі аймақтарымен қоса өркендету маңызды. Сондықтан да бүгінгі таңда мегаполистің орталық аудандарынан шетте өмір сүріп жатқан тұрғындарды өзінің нағыз қала азаматы екенін сезіндіруге барынша көңіл бөлініп, жағдай жасалуда.

 

ШЫМКЕНТ