Қазақстан • 16 Тамыз, 2022

Журналистика жампозы Омарғали Құдышев туралы бір үзік сыр

395 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Бір уақытта республикалық 5 бірдей басылымның шығуына қол қойған кәсіби редакторды білесіз бе? Ол – әскери журналист-публицист, гвардия майоры Омарғали Құдышев. Бүгінде республикалық бірқатар газет-журналдың құрылуына еңбек сіңірген азамат туралы өкінішке қарай, көп айтыла бермейді. Омарғали Құдышев Қытайдағы Шыңжаң қазақтарының өмірі туралы «Жаңа өмір» журналын шығарған, «Үгітші блокноты», «Қазақстан мұғалімі» басылымдарының бастауында тұрған, «Социалистік Қазақстан» газетінде еңбек еткен. Бүгінде еліміздегі бірқатар баспасөз қайраткері – осы тұлғаның шарапатын сезініп, тәлімін көргендер. Біз бүгінгі мақаламызда О.Құдышевтың Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы ретінде қызмет еткен 1956-1962 жылдардағы еңбегі туралы зерделеп көрмекпіз. Өзінің айтуынша, оның өмірінің жарқын сәттері Кереку өңірінде өткен.

Журналистика жампозы Омарғали Құдышев туралы бір үзік сыр

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Кездейсоқ танысу

Суреттерде үнемі басына шляпа киіп, жымиып түсетін (Брежневпен түскен суретінде де жымиып тұрғанына сүйсінуге болады), дөңгелек жүзді, ашық маңдайлы тұлғаны көргенде көз тоқтатып, ойланып қалатынымыз рас. Егер алға қарай озып кетіп айтатын болсақ, Омарғали Құдышевтың мінезі де сондай ашық-жарқын, өз ортасын өзіне қарай үйіріп тартып, үлкенге әңгіме, кішіге қолпаштау айта алатын азамат болған.

Омарғали Құдышев туралы Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетіне қызметке келген 2000-жылдар басында ардагер ағалардан жиі еститін едік. Тұтас бір тілшілік мектептің іргесін салып, көптеген ақын-жазушының қалыптасуына, тіпті қарадүрсін жазатын журналистердің тілін ұстартып, сөз әлемінде қанат жаюына сенім білдірген қамқор басшы болғанын ағалар жиі әңгіме ететін.

Шынын айтқанда, Омарғали Құдыш­ұлының Павлодар өңіріндегі еңбегі туралы қайта бір архивке айналып соғып, естеліктер жинауымызға бір оқиға түрткі болды. Биылғы Наурыз мейрамының алды еді. Қазірде ғаламтор мүмкіндігі мол, газеттің фейсбук парақшасына тіркелуді сұраған бір мейманымыз «Газет оқырманысыз ба?» деген автоматты түрде қойылатын сауалға: «Сонда қызмет еткен редактордың қызымын» деп жауап қатқан екен. Тарихымызды түгендейтін қасиетіміз бар еді, елең еттік. Аты-жөні Нұргүл Құдышева. Кешқұрым мезгіл болса да, бірден хабарласып, танысып әңгімелестік. Ол бүгінде Мәскеу қаласында тұрады екен. Бір кездері әкесі қызмет еткен Павлодар өңірін, газетінің жағдайын әлі де болса қызығушылық танытып, біліп, сұрастырып тұратынын аңғардық. Сөз арасында белгілі журналист Омарғали Құдышев туралы соңғы уақытта жарияланымдар азайғанын да тілге тиек етіп қалды. Біз өз тарапымыздан жіберілген олқылықты түсініп, тез орнын толтыруды міндет етіп алдық.

Саяси жетекші, майор

Қолымызда – Павлодар облыстық мемлекеттік архивінің біздің сұрауымыз бойынша жіберген құжаттар көшірмесі. Әрине, өзі редактор, өзі облыстық кеңестің депутаты, өзі облыстық партия комитеті бюросының мүшесі, облыстық журналистер ұйымының, әдеби бірлестігінің жетекшісі болған қайраткер туралы де­ректер бірнеше парақтан тұратыны заң­ды­лық. Соның ішінде өз қолымен жа­зыл­ған «Автобиографиясына» ықыла­сы­мыз бірден ауды. Өмірбаяны туралы әріп­тес­терінің деректерінде кездессе де, өзі жаз­ған дүниенің шындығы басымырақ болар.

Ол кездегі әдемі қол жазуымен беріл­гендей, Омарғали Құдышев 1912 жылы Семей облысы, Жарма ауданы, Ақжал руднигінде кеншілер отбасында өмірге келген. Әкесі 1917 жылы өмірден озып, ағасы Ахметқалидың қолында 1927 жылға дейін тәрбиеленген. 1933 жылы Семей қазақ педагогикалық технику­мын оқып біті­ріп, сол жылдан бастап 1935 жылға дейін Лениногорск қаласында жұмыс іс­тей­ді. Ол жерде толық емес мектептің оқу істері жөнінен меңгерушісі болып, ма­тематика және физика пәндерінен сабақ береді. 1935-1937 жылдары Кеңес ар­мия­сы­ның қатарында борышын өтейді. 1940 жылы Қазақстан Компартиясы Орта­лық комитетінің жанындағы Комму­нис­тік журналистика институтын бітіріп шы­ғады. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін Семей облыстық «Екпінді» газетінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы қызметтерін атқарған. Ал 1941 жылдан бастап 1946 жылға дейін Кеңес Армия­сы құрамында майданда болып, саяси жетек­ші, саяси үгітші, дивизия газетінің тілшісі, редакторының орынбасары болып қызмет еткен.

ҚазҰУ профессоры Сағымбай Қозы­­­­баевтың айтуынша, жауынгерлер­ге рух беретін газеттер қазақ тілінде 1942 жылдың қараша айынан бастап шыға бастады. Жұмысшы – Қызыл әскер командованиесі Бас саяси басқар­масының мәліметінше, 1942 жылдың соңы мен 1943 жылдары Ұлы Отан со­ғы­сы және Орталық Азия майдандарында 42 газет, 7 журнал жарық көріп тұр­ған. Қазақ тілінде 20 майдандық, дивизия газеттері, жүздеген жауынгерлік парақ шығып жатты. Майдандық газеттер сарбаздардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті тәрбиелей отырып, жауға деген кекшілдікті ұлғайтты. Бұл олардың ерлікпен Отан қорғауына зор ықпал етті.

Осындай қасиетті борышты атқару үшін Омарғали Құдышев те сапқа қо­сылды. О.Құдышев 1935 жылы әс­кер­ден кейін 48-інші кавалериялық полк­тың кіші комсомол құрамына кіріп, типографиясында жұмыс істеп, полктың «Қызыл сақшы» газетінде жауапты хатшы болғаны маңызды рөл атқарған болса керек. Сондай-ақ 95-кавалериялық дивизиясының қызыләскерлік «Қызыл семсер» газетінде еңбек етіп, мақалалары сол уақытта «Фрунзевец», «Лениншіл жас» газеттерінде жарияланып тұрды. Әскери журналист Ұлы Отан соғысы жылдарында 44-гвардиялық атқыштар Барановичск дивизиясының құрамында ротаның саяси жетекшісі (политрук), полк үгітшісі болып қызмет етті, 1943 жылы маусым айынан бастап 1944 жылдың қазанына дейін дивизиялық «Боевой путь» газеті редакторының орынбасары болды.

Қайта оралу

Бейбітшілік орнаған соң әскери тіл­шілер социалистік құрылысқа белсене араласты. Сол күндерді еске ал­ғанда О.Құдышев өзі былай деген: «Қазақстанда өзі де сирек болған журналистер қатары соғыстан кейін тіпті селдіреп қалған екен. Сондықтан да бейбіт күндер құрылысы кезінде рес­публика баспасөзінде кадрдың жетіс­пеушілігі анық сезіліп тұрды. Ол кезде редакцияда түнеп қалу, баспаханада таң атқызу апта сайын қайталап кезігетін үйреншікті істер болатын». О.Құдышев 1952 жылы 5 қарашада «Үгіт­ші блокнотының», «Қазақстан мұ­ға­­лімінің» орысша-қазақшасына, «Социа­листік Қазақстан» газетіне, бар­лы­­ғы 5 басылымға редактор ретінде қол қой­ған екен. Міне, осының өзі-ақ кадр тапшы­лығының дәлелі болса керек.

Ал Павлодар облыстық «Қызыл ту» (қа­зіргі «Сарыарқа самалы») газетінің редакторы бола жүріп тың игеру секілді халық өмірінің үлкен тарихи маңызды игілікті іске өзі бастаған ұжыммен бірге елеулі үлес қосты. О.Құдышев Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы болып 1956 жылдың 6 тамызында облыстық партия комитетінің қаулысымен бекітілді.

Кереку жерінде

Омарғали Құдышевтың Павлодар облысындағы еңбегі туралы кезінде жазыл­ған әріптестер естелігі мол. Бұл туралы сәл кейін сөз етеміз. Әзірге О.Құ­дышевтың Павлодар жеріне келуі туралы өзінің естелігін алға тартсақ:

«Бұл 1956 жылдың жазы еді. Мен Алматыда әжептәуір жауапты қызмет­те жүргенмін. Қазақ, ұйғыр тілде­рінде араб әрпімен шығатын, Батыс Қы­­тай­да тұратын қазақ және ұйғыр ағайын­­д­арға арнап шығарылатын «Жаңа өмір» жур­налының дардай редакторы едім. Оған қоса осы журнал аттас бас­па­ның бақандай директоры болатынмын. ...Міне, сөйтіп, редакторлық әрі директорлық қызметтің бейнеті мен ра­хатын бастан кешіріп жүргенімде, күн­дердің бір күнінде Орталық Комитетке ша­қыртты. Әкімшілік қыстау әдістері әлі де болса ХХ съезден кейін де белең алып тұрған-ды. Бақсам, «Қызыл туға» ре­­дактор керек екен. Сол қызметке бір­не­­ше кандидатураның ішінен маған тоқталыпты.

– Павлодарға қайткенде де барасың, сондағы газеттің редакторы боласың, – деп нықтай, шегелей сөйледі бастық.  Онша көне қоймадым. Мінезім жұмсақ сорлы басым екінші шақыртқанда және қыстаған соң: «Жарайды, барсам бара­йын», дедім. Сонымен не керек, шілде айының аяқ кезінде Павлодарға келдім. Өз еліме келгендей сезімге бөлендім мен мұнда. Әр кезде, әр жерде қызметтес, әріптес болған кісілер едәуір баршылық екен», деп жазады кейін О.Құдышев «Редактор болу оңай ма» атты 1989 жыл­ғы жазбасында.

Бірге қызметтес болған, қол астында істеген әріптестерінің естелігіне үңілсек, Омарғали Құдышұлының редакторлық, журналистік болмысын танығандай боламыз. Ол журналистиканың барлық жанрында қалам тербей алатын, шапшаң жазатын қасиетке ие болған.

«Қызыл ту» газетінде ұзақ жылдар қыз­мет еткен журналист, Ұлы Отан соғы­сының ардагері Әбдеш Баймұрзин: «Қаламы төселген, тіл ұстартқан, жаңа­лықты сезгіш, жақсы журналистің бойындағы ерекше бір қасиет тақырып таңдау деп білеміз. Омекеңде бұл қасиет мол еді», деп біраз мысалдар келтіреді.

«О.Құдышев редактор ретінде ұйым­дастырушы ғана емес, нағыз тәрбиеші де бола білді. Қаламының желі бар дарынды жастарды, кейбір кемшіліктеріне қарамастан қолдап, демеп, оларға қам­қорлық жасап жүрді. Ақын Төлеужан Ысмайыловтың дарынын бағалаған, Рамазан Тоқтаровты шетел тілдері инс­титутын бітіріп, шалғай ауылдағы бір мектепке француз тілінен сабақ беруге кетіп бара жатқан жерінен редакцияға алып қалған. Сөйтіп, кейін оның белгілі жазушы болып қалыптасуына септігін тигізген еді», деп жазады белгілі ғалым, журналист Зейнолла Әйтімұлы.

Жарқын жылдар, шуақты шақтар

«Қазақ КСР Жоғарғы Советі мен үкіме­тінің хабаршысы» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының хатшысы, «Біздің Отан» («Шалқар») газетінің редакциясында, т.б. орындарда жұмыс істеді. Десе де, оның өмірінде Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінде қызмет еткен уақыты (1956-1962 жылдары) жарқын кездесулерге, ұмытылмас әсерлерге толы болғанын аңғару қиын емес. «Әкем солай айтатын» деп қызы Гүлнұр Құдышева да газетке берген арнайы сұхбатында ерекше әңгімеледі:

«Біз Павлодарға 1956 жылдың күзінде көшіп келдік. «Қызыл ту» газетінің редакциясы Ленин көшесінде, бір қабатты ағаш үйде орналасқан еді. Іші онша үлкен емес, қызметкерлердің ортақ бөлмесі, әрі қарай әкемнің жұмыс бөлмесі болатын. Типография алыс емес еді, әкем жаңа газет шығарда түні бойы сонда болатын. Ол облыс бойынша жиі іссапарда жүрді, кейде бауырымды бірге ертіп әкететін. Алматыға қоныс аударғанымызда олар Павлодарда нағыз достар тапқанын, сонысымен ыстық болатынын айтқаны есімде. Расында, газет қызметкерлері жиі бір-біріне қонаққа баратын. Отбасымыз өмір бойы Зейнолла Әйтімов, Асқаров, Катеринин, Хазыров, Хоразов, Тұрғанбек Катаев (кейін жоғары және орта білім министрі болды), Михаил Есенәлиевтер, (кейіннен сыртқы істер министрлігінде қызмет етті), Қабдеш Нұркиндердің отбасымен үлкен сыйластықта болды. Жазушылар одағында әкеме Павлодар жерінде жас ақын-жазушылардың басын қосуға тапсырма берген екен. Олар әр ауданнан жиналып, біздің үйімізге келетін. Шаңырағымызда Павлодар жерінің таланттары өнерін көрсететін, магнитофонға жазып алатын, суреттерге түсетін. Рамазан Тоқтаровтың отбасымен дос едік. Әкемнің музыкаға қабілеті болатын, домбырада, пианинода ойнайтын. Кейде менің өтінішіммен радиодан берілген әндердің мелодиясын салып беретін. Әкем мейірбан адам еді. Анам қаталдау болса, ол қалжыңқой еді. «Жылымықтың» әсері ме екен, Мәскеуде, Кремльде өткен Л.Брежневтің Жоғарғы Советте журналистермен кездесуінде бірнеше адамның ортасында тек әкем ғана жымиып, күлімсіреп тұр. Сол үшін анам ұрысатын: «басқалары ұстамды тұрғанда, сен ғана күліп тұрсың», деп еске алады.

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,

журналист

 

Павлодар