Кеше Косовоның энергия таратушы KEDS компаниясы тұрғындарға электр энергиясының өшірілетінін ресми түрде мәлімдеді деп хабарлайды Reuters агенттігі. «Электр қуаты күніне алты сағат беріліп, екі сағат өшіріледі», деді KEDS өкілі Виктор Бужала. Ол сонымен қатар Ресейден электр энергиясын алуды тоқтататынын мәлімдеді. Сондықтан электр қуатын үнемдеуден басқа амал қалмайды. Өйткені елдің көмір электр стансалары мен жаңартылатын энергия көздерінен сағатына небәрі 500 МВт өндіріледі, ал тұтыну сағатына 800 МВт-ты құрап отыр. В.Бужала жарықтың қай уақытта қалыпқа келетінін айтпады. Косово билігі болса отандық өндіріске сенуі керектігін алға тартып отыр. Сондай-ақ қаңтарда үкімет электр энергиясын тұтынуды шектеу мақсатында криптовалютаны өндіруге тыйым салған болатын. Ал желтоқсан айында Косовода 60 күндік төтенше жағдай жарияланды, онда үкімет халықты электр қуатын үнемдеуге шақырып, энергия өндірушілерге көбірек қаржы бөлуге тырысты. Сонымен қатар мұндай дағдарыс кезінде отандық KOSSTT электр желілерінің операторы елдің солтүстігіндегі сербтер көп шоғырланған төрт муниципалитеттің тұтынушыларына бұдан былай тегін электр қуатын бермейтінін мәлімдеді.
Сарапшылар Косово Еуропадағы ең кішкентай және ең кедей елдердің бірі болғанымен, электр қуатын жоспарлы түрде өшіру Еуропаның өзге елдері де бұдан үлгі алуға мәжбүр болуы мүмкін деген болжам айтады. Өйткені «Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс салдарынан мұнай мен газдың шарықтап кеткен бағалары еуропалық көшбасшылардың газ тұтынуды азайтудың көпжақты әрі көпжылдық жоспарын бір күнде жоқ қылғанын көріп отырмыз. Электр энергиясына тәуелділік газдан артық болмаса кем емес», деп пікір білдірді The Guardian басылымына халықаралық сарапшының бірі.
Ресейден электр энергиясының импортын шектеген елдің тағы бірі – Финляндия. Сәуір айында Финляндияның негізгі Fingrid энергетикалық желілерінің ұлттық операторы «Fingrid 2022 жылдың 24 сәуірінде сағат 01:00-ден бастап Ресей Федерациясымен трансшекаралық байланыстардағы электр қуатының импортын шектеді, енді 1300 МВт орнына 900 МВт тасымалданады», деп Ресейден электр энергиясының импортын үштен бірге шектегенін хабарлаған болатын. Ал Финляндиядан Ресейге экспорт көлемі әдеттегідей 320 МВт болып өзгеріссіз қалды. Бірақ 2025 жылға дейін ел Ресей жарығынан толық бас тарта алмайды.
Өткен жылдың қазан айында «Интер РАО» мекемесінің сауда блогының басшысы Александра Панина компания шетелге 20 миллиард кВтсағ электр энергиясын тасымалдауды жоспарлап жатқанын, оның ішінде Қытайға экспортты жылына 4 миллиард кВт/сағ-ға дейін (Қытай Ресейден ішкі энергия тапшылығына байланысты тасымалдау көлемін көбейтуді сұраған) арттыруды көздеп отырғанын мәлімдеді. Сондай-ақ Финляндиямен бірге ресейлік электр энергиясының ең ірі тұтынушысы болып табылатын Балтық жағалауы елдеріне (Литва, Латвия және Эстония) жеткізу көлемін арттыру да сөз болды. Ал өткен жыл қорытындысының мәліметіне көз салсақ, Қытайға энергия экспорты – 30 пайызға, 3,97 млрд кВтсағ-қа дейін, Балтық жағалауы елдеріне – 37 пайызға, 4,7 млрд. Сондай-ақ Қазақстанға жеткізу көлемі 43,4 пайызға, 1,8 млрд кВт/сағ, Грузияға 3 есеге – 1,7 млрд кВт/сағ, Моңғолияға 56 пайызға, 0,49 млрд кВт/сағатқа дейін өскен. Дегенмен 2020 жылы «Интер РАО»-ның Еуропа мен Қытайға экспорт көлемін қоса алғанда, электр энергиясының саудасынан түскен кірісі 53,6 миллиард рубльді құраған, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 30 пайызға аз.
KPMG энергетика секторының тәжірибелік менеджері Олег Дудихин Финляндияның ресейлік электр энегиясының импортын толық тоқтату нұсқасы ішінара Nord Pool Nord еуропалық нарықтағы дамыған сауданың арқасында мүмкін екендігімен келіседі. Алайда арадағы айырмашылығын тұтынушылар төлеуге мәжбүр болады. «Соңғы айларда NordPool нарығында электр энергиясының құны бүгінде 100 еуро/мВт сағатқа жетті, бұл Ресейден келетін энергиядан бірнеше есе қымбат», деп атап өтті Vygon Consulting өкілі. Олег Дудихин сондай-ақ Ресей электр энергиясы қосымша жарық көзі және ешқашан артық болмайтынын айтады, «әсіресе жаңа атом электр стансасын іске қосу кезінде оның қажеті сөзсіз», дейді ол.