Аймақтар • 17 Тамыз, 2022

Үш нысанның іргетасы қаланды

292 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары Сыр өңірінде құрылыс саласы айтарлықтай дамыды. Тек облыс ор­талығының өзін­де 12 шағын аудан бой көтеріп, кезе­гін күткендер 270 көп­қабатты тұрғын үйден бас­пана алды. Аудан орта­лықтарында да осын­дай үйлер салынып, қоныс тойын той­лағандар көбейе түсті.

Үш нысанның іргетасы қаланды

Құрылысшылар күні аясында қалада тағы 3 ны­санның іргетасы қаланды. Сонымен қатар Қармақшы ауданындағы Төретам кенті мен Ақай ауылына, Арал ауданындағы Сексеуіл кен­тінде ауылішілік газ құ­бырын тарту, Шиелі ауданы Тар­тоғай елді мекенінде автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысы басталды.

Облыс орталығында құ­рылысы басталған нысан­ның бірі – жаңа үлгідегі Неке сарайы. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев отба­сылық өмірге жолдама беретін  Неке са­райының халықаралық жас­тар күні аясында бой көтеруін жақсы ырымға балап, жолашар тілегін айтты.

– Бір қуантарлығы, ай­мағымызда демографиялық өсім жылдан-жылға жақса­рып, шаңырақ көтерген жас­тардың қатары артып келеді. Биыл 6 айда 2 276 жұп некеге тұрып, отбасылық өмірге қадам басты. Келешекте неке сарайында отбасы құнды­лықтарын дәріптейтін әлеу­меттік-мәдени іс-шаралар да тұрақты түрде өткізілетін болады, – деді облыс басшысы.

Өңір басшысы көп алдында сөйлеген сөзінде астана болған Ақмешіттің ажарын кіргізген құрылысшылар еңбегіне айрықша тоқталды. Қазір басшылыққа тұрғындар тарапынан айтылатын талап-тілектің басымы қалада заманауи сәулеттік үлгідегі жаңа нысандар қатарын көбейту болып отыр. Осыған байланысты жасалған жұмыстар аясында туған топырағына жанашыр меценат азаматтар бірлесе отырып, құны 45 млрд теңгені құрайтын 391 нысанның жобасы әзірленді. Бұл бастамалар келесі жылдан бастап іске асады. Аз уақыттың ішінде өңірге 20 млрд теңге инвестиция тартылды.

Соңғы 10 жылда облыс­та 33 клуб, 6 музей, 1 мем­лекеттік архив ғимараты са­лы­нып, қазір өңірде 409 мә­дениет және өнер меке­месі халыққа мәдени қыз­мет көрсетіп келеді.  Көп ұзамай осылардың қатарына 1 мың орындық Өнер орта­лығы қосылады. Құны

3,7 млрд теңге болатын екі қабат­ты өнер сарайы бір жа­рым жылда салынып біте­ді. Құрылысшылар күні ір­гетасы қаланған орталықта келешекте симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағ­дарламалар мен түрлі фор­маттағы қоғамдық іс-шаралар өткізіледі.

Соңғы жылдары Сырдың сол жағалауынан бой түзеген тұтас бір шағын аудан тағы сол құрылысшылар ең­бегінің жемісі екендігі дау­сыз. Келешекте бұл ауданнан қасбеттері заманауи талаптарға сай келетін 7-9 қабатты тұрғын үй, фи­зика-математикалық мектеп ғимараты бой көтермек. Балалар жылына тарту ретінде «ҚазГерМұнай» кә­сіп­орны Оқушылар сарайын салып беруді өз міндетіне алды.

Осы сол жағалауда ірге­тасы қаланған Қан орталығы жылына қан мен оның ком­поненттерін донациялау көрсеткішін 500-ден 10 мыңға дейін жеткізеді деп жоспарланып отыр. Бұл жоба тиісті министрліктермен тығыз жұмыс істеу арқылы республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Барлық қажетті құралмен жабдықталған қан орталығы облыс халқына сапалы қыз­мет көрсетіп, экологиялық аймақ тұрғындарының ден­саулығын жақсартуға мүм­кіндік бермек.

Келер жылы қоныс те­бушілер қатары көбейе бас­таған сол жағалауда бір ауы­сымда 100 келушіге ар­налған емханасы бар 300 төсектік орындық көпбейінді аурухана құрылысы басталады.

Осы күні қаладағы жаңа қоныс – Бәйтерек шағын ауданында су жинағыш құрылғы құрылысы басталды. Құны

1 млрд теңгеден асатын жоба жеке тұрғын үйлерді тұрақты қысымда сапалы ауыз сумен қамтуға мүмкіндік бе­реді. Құрылыс барысында 7 ұңғыма бұрғыланып, 3 резервуар салынады.

Қала орталығында ұйым­­дастырылған салтанат­ты жиын­да облыс әкімі Нұр­лыбек Нәлібаев соңғы 5 жылда тұрғын үй құрылысы көлемі 108 пайызға өскенін атап өтті. Биыл «Нұрлы жер» мем­лекеттік бағдарламасы ая­сында 1 294 пәтерлік 31 тұр­ғын үй құрылысын салып, жыл соңына дейін аяқтау жос­парда бар.

 

Қызылорда облысы