Таным • 17 Тамыз, 2022

Көнеден жеткен көрік

11585 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сонау көне замандарда халқымыздың күнделікті қолданысында болған тұрмыстық заттардың орнын бүгінде заманауи технология алмас­тырды. Десек те, халық мұрасын зерттеп, зерделеп, көпші­лікке насихаттайтын музейлерде көненің көзіндей болған жәді­герлер көптеп саналады. Мен бүгін көне замандарда ұстаның бас­ты құралы болған көрік жайында мағлұмат бере кеткенді жөн санап отырмын.

Көнеден жеткен көрік

Алдымен көрік деген сөздің төркіні қайдан шықты, соған тоқталайық. Бұл жөнінде бірнеше дерек бар. Мәселен, Түркі тіл­де­рінің кейбірінде «күөртээ», яғни «үрлеп жандыру» деген мағынаны білдіреді екен. Ал қазақ тіліндегі «көрік» атауының да түп-төркіні  осы сөзден шыққан. Көріктің қазіргі тіліміздегі тура мағынасы – ұста дүкеніндегі был­ғарыдан немесе теріден жасалған үрлеуіш.

Көрік – ұста, зергерлердің құралы. Түрлі металды бал­қы­тып, өңдеу үшін оттыққа жел беріп тұратын былғары, тері және ағаштан жасалатын құрал. Көріктің бірнеше түрі бар. Олар: «мес көрік», «қол көрік», «аяқ көрік», «үлкен көрік», «кіші көрік». Көрік неғұрлым үлкен болса, оның көмейінен оттыққа берілетін ауа қысымы да соғұрлым жоғары болады.

Осындай көріктің бірі Бәйдібек ауданы сәулет-көркем музейінде сақтаулы тұр. ХІХ ғасырдың көне жәдігері темір ұстасы – Шубай Жұматайұлына тиесілі болған. За­ма­нында темірден түйін түйген ұста Шубай ауданымыздағы саусақ­пен санарлық темір ұстасы еді. Ол кісі 1903 жылы Бәйдібек ауданының Тасқұдық ауылында туып-өскен. Үш сыныптық білімі бар Шубай атаның шебер қолдарынан шыққан дүниелер көпшілікті тәнті еткен. Тіпті Шубай ұстаны қолдан-қолға тигізбей басқа жаққа да алып кетіп отырған. Ол кісі Отырар ауданының Шәуілдір ауылында темір ұстасы болып елге қызмет еткен. Тұрмыс-тіршіліктің қиын кезеңдерінде бүкіл ауыл шаруашылығына қа­жет­ті арба, соқа, қайла, тағы да бас­­қа тұрмыстық заттарды аса шеберлікпен жасайтын темір ұста­сы Шубай елге сыйлы, беделді болыпты. Ау­да­нымыздың Жүзімдік аулында Шаян МТС-да ұзақ жылдар те­мір ұстасы болған Шубай Жұ­ма­тай­ұлын көзі қарақты ауыл қа­рия­­ла­ры әлі күнге дейін ерекше құр­мет­­п­ен айтады. Көнеден жет­кен көрікті Шубай ұстаның ұрпақ­та­ры музей жәдігерлерінің қата­ры­на өткізген. Қазіргі таңда бұл көрік музейдің «Металдан жасал­ған бұйым­дар» экспозициясында көр­меге қойылған. Бабадан қалған мұ­­ра келушілерге насихатталып, дәріптелуде.

 

Бақытжан БАЙСАРЫ,

Бәйдібек ауданы сәулет-көркем музейінің директоры

 

Түркістан облысы