Білім • 17 Тамыз, 2022

Елордада 2 мың орынға арналған мектептер салынады

407 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елордада үлкен мектептерді салуға басымдық берілетінін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада 2 мың орынға арналған мектептер салынады

«Былтырдан бері оқушылардың біраз бөлігін қамти алатын ірі мектептердің құрылысына қатысты қанатқақты жобаларға кіріскен едік. Бұған дейін бір ауысымда ең үлкен мектеп 1,2 мың орынды, ал екі ауысымда 2,4 мыңды қамтитын. Енді 2 мың орынға есептелген алты мектеп салдық. Екі ауысымда оқытса, бұлардың әрқайсысы 4 мың орынды қамтамасыз етеді. Осы орайда бұл үлкен мектептерді салу дұрыс екенін көріп отырмыз», деді Алтай Көлгінов елорда мәслихатының кезектен тыс сессиясында.

Оның айтуынша, елордада жыл сайын шамамен 15 мектеп салынуы тиіс.

«Жақында Премьер-Министр бұл бағыттағы бастамаларды қолдады. Осы орайда мүмкіндігінше 2 мың орынға арналған мектептерді саламыз. Себебі алдағы уақытта мектептерге қатысты мәселе өзекті болатыны түсінікті. Жыл сайын 10-15 мектеп салуымыз керек», деді әкім.

«Қала аумағында мектептердің құрылысын қарқынды жүргізу мәселесі Президенттің бақылауында тұр. Үш бағыт бойынша, яғни мемлекеттік бюджет есебінен мектеп салуды, мемлекеттік-жекешелік әріптестік және жеке инвеситициялар есебінен іске асырамыз. Алдағы уақытта мектеп құрылысының қарқынын күшейтуіміз керек. Бас жоспарда әр шағынауданда, жаңа құрылыс нысандары салынып жатқан жерлерде салынатын мектептерді бекіттік», деді ол.