Өнер • 17 Тамыз, 2022

Өресі биік өнертанушы Мәриям Ахметова туралы не білеміз?

355 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақ қыздарынан бірінші болып өнертанушы, зерттеуші ғалым атанған айрықша талант иесі Мәриям Мұқатайқызы Ахметова 102 жасқа қараған жасында өмірден озды. Ғылыми шығармашылығы өнерсүйер қауымға үлгі-өнеге болған, бір ғасыр жасаған ғалымның табиғи болмысы, қажымас қайсарлығы, ерен еңбегі ел есінде. Кезінде Мұқан Төлебаевтай ұлы композиторға жар болған Мәриям Мұқатайқызы Ахметованың жаны жәннатта, топырағы торқа болсын.

Редакциядан

Өресі биік өнертанушы Мәриям Ахметова туралы не білеміз?

Қиын жылдарда

Атам қазақ «Құс қанатымен ұшады, құйрығымен қонады» деп бекер айтпаған. 1921 жылғы нау­рыз айында қарапайым ауыл адамдары, ерлі-зайыпты Мұқатай мен Бұлбиқаның отбасында Мәриям дүниеге келеді. Бұған дейін жас отбасының Әбілғазы есімді ұлы болған. Осылайша, зор қуанышқа бөленген жас ата-ана арада алты жыл өткеннен кейін та­ғы да Жаңбырбай есімді ұлдың әке-шешесі атанады. Сол кездегі шағын ауыл Көкбастауда тұрмыс жағ­дайлары асып-тасып тұрмаса да, дүниеге келген әр сәбидің шілдехана думаны көңілдің қа­лауымен, пейілдің кеңдігімен, ниет­тің түзулігімен өтіп жатады. Тоқетерін айтқанда, отбасы мүшелері бірін-бірі қадірлеп, құр­меттеп өзара шынайы жарасады. Туысқандық тамырлары терең бойлап, бір-біріне бауыр басып, арқа сүйеп өмірдің үлкен көшіне ілесе бастайды.

Әйткенмен Мұқатайдың ұл-қыз­дарының жастық шағы қазақ елін жайлаған ашаршылық кезең­дерімен тұспа-тұс келеді деп кім ойлаған? Отызыншы жыл­дардың бас кезіндегі болған нәубет үлкенді де, кішіні де тағдыр тәлкегіне түсірді. Бала-шағасын үкілеп отырған, тіршілік тауқыметін көп көрген Мұқатайға саяси жала жабылып, салдарынан өмірден мезгілсіз өтіп кеткен. Шаңырағы шайқалса да екі ұлы мен бір қызын қалайда аман сақтап қалуға қарекет жасаған Бұлбиқа ана да ашаршылықтың зардабынан құрбан болған. Бір отбасының ойламаған жерден ойран болғандығы ол кезде ешкімді де таңдай қақтырған жоқ. Өйткені мұндай жағымсыз жағдайлар қазақ ауылдарын кеңінен жайлап кеткен болатын. Айналасы екі жылда әке-шешеден бірдей айырылған үш жетім көздері жәудіреп, қара орманда қала берді.

Қысқасы қандай қиындыққа тап болса да ағайынды үшеуі бірін-бірі пана тұтты. Бұл кезде Әбіл­ғазыны қарындасы мен інісінің алдағы тағдырлары қатты  толғандырды. Үшеуіне бірдей ішер тамақ пен киер киімнің табылуы да күннен-күнге қиындай түсті. Ағасы жасы үлкендеу ағайын­дарымен ақылдаса отырып, қос бауырын балалар үйіне тап­сыруды жөн көреді. Үлкендер жағы мұны дұрыс санағанымен, қарындасы мен інісі «Аға біз детдомға бармаймыз, не көрсек те сізбен бірге көреміз» деп қарсылық білдіріп, жанарларына жас алды. Туған бауырларының көз жасын көрген Әбілғазы шын мәнінде шошып қалады. Екеуін екі тізесіне отырғызып, ыстық құшағына алады. Қарындасы мен інісі біраз тынышталған кезде ол: «Мен сендерді балалар үйіне біржолата бермеймін, біраз жыл сауат ашып, білім алған­нан кейін өз қарамағыма қай­та аламын. Сендерсіз мен қалай өмір сүремін? Сондықтан ағаларыңның айтқан тілегін қабыл алсаңдар, келешектерің жарқын болады деп ойлаймын», дейді. Екі бауырының маңдайларынан тағы да сүйіп қояды. Өксіктерін әзер басқан қарындасы мен інісі ағаларына қарап: «Жарайды, бәрі де сіз айтқандай болсын», дейді. Әбілғазы қос балдырғанды қолдарынан жетектеп Алматы маңындағы Қастек жетім балалар үйіне өзі тапсырып қайтады. Тапсырып қайтқаны бар болсын, ботасынан айырылған інгендей күй кешеді. Марқұм ата-анасының рухы алдында өзін кінәлі се­зін­гендей іштей күйзеліске түс­­­ті. Бірақ бауырларының ал­дағы болашағының баянды болатынына сенімділік танытты. Ағасы адаспаған екен. Оларды іздеп балалар үйіне барып тұрғанда тәр­биешілері жақсы лебіз біл­діруден жалыққан емес. Әсіресе Мәриямды көбірек мақ­тайтын. Озат оқуын үлгі тұтатын, ата-анасынан алған тәлім-тәр­биесіне тәнті болатын. Әпкелі-інілі екеуі осы жетімдер үйінде се­гізжылдық мектептен дәріс алып, үлкен өмірге түлеп ұшты.

Өнер биігінде

Алатау аясындағы әсем шаһар Алматыға атбасын тіреп, қол­дарынан келетін жұмыстарды атқаруға бел буды. Туған ауылдары Көкбастауға қайта оралуды аңсап жүргендері де рас еді. Бірақ жастық шақтары қаланың тынымсыз тіршілігіне бейімделуді қалады. Күнкөріс қамымен әртүрлі жұмыстарды атқарып жүрген Мәриям Мұқатайқызы сұрапыл соғыс қарсаңында Алматы музы­калық училищесіне оқуға түсіп, оны 1942 жылы ойдағыдай тәмамдады. Мамандығы бойынша жұмысқа тұрғаннан кейін алған білімінің аздығына алаңдады. Қайтсем де жоғары білімді маман болуым керек деген мақсатты ал­дына қоя білді. Осындай аң­сау мен армандаудың, іздену мен ілгерілеудің нәтижесінде Құр­ман­ғазы атындағы мемле­кеттік консерваторияға оқуға қа­былданады. Үлкен өнер орда­сынан саналы тәрбие, сапалы білім алған соң, Мәс­кеудегі Л.И.Чайковский атындағы кон­серваторияның аспирантурасына түседі. Өнертану ғы­лым­дарының докторы, профессор В.М.Беляевтың басшылығымен білім алып, классикалық му­зыкаға кеңінен жол ашады. Осының нәтижесінде қазақ қыз­дарының қатарынан бірінші болып өнертану ғылымынан кандидаттық диссертация қор­ғайды. Оның мұндай ғылыми ізденісі Орта Азия мен Кавказ елдеріндегі музыка мамандарына үлгі бола біледі. Сонымен қатар зерттеуші ғалым қазақтың халық әндерін және сол кездердегі әндерді зерделеуге көп көңіл бөлді. Атақты музыка майталмандары А.Жұбанов және Б.Ер­заковичпен бірігіп «Қа­зақтың дәстүрлі әндері мен оның мәде­ниеті» атты монографиялық туын­дысы жарық көреді. Өнерді зерттеу мақсатындағы мазмұны бай, мәні жоғары мақалалары да арнайы басылымдарда көп жа­рия­­ланды. Мұның бәрі Мәриям Мұқа­тайқызының қазақ халық әндерінің өміршең бола­тын­дығына ықпал етеді. Осын­дай іргелі білім ор­далары­ның қа­бырғасында жү­ріп рес­публи­камызға, Одаққа және шет­­елдерге есімдері кеңінен та­нымал музыка өнерінің майталмандарымен танысады әрі сырласып жүреді.

Сондай келелі кездесулердің бірінде талантты композитор Мұқан Төлебаевпен танысады. Екеуі бір-бірін жақсы көргендіктен өз алдына отау тігіп, шаңырақ кө­тереді. Олар он шақты жыл ерлі-зайыпты ретінде жұптасып, өне­гелі өмір сүреді.

Мәриям Мұқатайқызы 1958 жылы Қазақ КСР Ғылым акаде­­миясының М.Әуезов атын­дағы әдебиет және өнер институ­ты музыка саласының ғылы­ми-зерт­теу бөліміне жұ­мыс­қа тұр­ды. Сол жылы Қазақстан ком­пози­тор­лар одағының мүше­лігіне қа­был­­данды. Аталған инс­ти­туттың ғы­лыми-зерттеу бөлі­мінде ұзақ жылдар аға ғылыми қызметкер болған Мәриям Мұқатайқызының маңдайына екінші рет тұрмысқа шығу жазылыпты. Тағдыр толқы­ны кейінгі күйеуі Ғният Барлы­баевпен жолықтырды. Ғният Ах­медұлы халқымыздың біртуар ұлы Дінмұхаммед Қонаевпен тау-кен институтында бірге оқыған курс­тасы әрі досы болған.

Өнертану ғылымымен қоян-қолтық араласып жүрген апайы­мыз институттың қоғамдық жұ­мыс­тарына да белсене атсалысады. Атап айтқанда, жиырма шақты жыл бойы бастауыш партия ұйымын басқарады. Осы ұйымда есепте тұрған Ә.Тәжібаев, Ә.Шәріпов, М.Ғабдуллин, Л.Әуе­зова, М.Базарбаев, З.Ах­метов, Т.Әб­дірахманова және тағы бас­қа да қазақ зиялылары­мен шы­найы сыйласып, ең­бек еткен. Ұзақ жылғы ерен еңбектері үшін Үкімет наградаларымен мара­патталған. Мәселен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамоталарына бірнеше рет ие болған. 1975 жылы Ш.Уәлиханов атындағы сый­лықтың иегері, ал 1983 жылы Қазақ КСР-нің еңбек сіңір­ген мәдениет қайраткері атанды. Сонымен қатар он шақты медаль­дың иегері екендігін айтсақ та жет­кілікті.

 

Ахметжан ҚОСАҚОВ,

ардагер-журналист

 

Жамбыл облысы,

Шу ауданы